Елдің рухани тірегі

5 қыркүйек қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. 2018 жылы Үкімет қаулысымен бұл күн – «Қазақстан халқының тілдері күні» болып белгіленді. Содан бері елімізде бұл мереке кең көлемде аталып келеді. Осыған орай, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Қазақстан – татулық мекені» атты салтанатты шара өтті.
Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов құттықтау сөз сөйлеп, тілдің ел өміріндегі маңызын атап өтті.
– Қазақстан – достық пен бірліктің алтын бесігі, әлемге үлгі болған татулық мекені. Еліміз егемендігін алғаннан кейінгі жылдары бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері ынтымақты өмір сүріп келеді. Бұл – мемлекетіміздің ең басты байлығы, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болуына себепкер болған құндылықтардың бірі. Әсіресе, халықтар арасындағы өзара сыйластықты, тілдерге деген құрметті дәріптеу бүгінгі қоғам үшін үлкен міндет.
Мемлекеттік тіл – біздің болашағымыздың кепілі. Елімізде қазақ тіліне деген құрмет артып келеді. Бұл жолда еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз. Бірлігіміз бен татулығымыз мәңгі жасасын, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Одан әрі тіл саласында және мәдениет, білім, жастар тәрбиесі бағытында белсенділік танытып жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Олардың қатарында Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының Жаңақорған ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Айгүл Әділханқызы, аудандық Манап Көкенов атындағы №1 жылжымалы мәдени бос уақытты ұйымдастыру кешенінің меңгерушісі Кенжегүл Төребайқызы, Жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров, Адырбек Сопыбеков атындағы аудандық кітапхананың кітапханашысы Мақпал Қасымханқызы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл маманы Ақниет Ерланқызы, №3 мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самал Әбілхайырқызы, Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінің жастармен жұмыс бөлімшесінің әдіскері Таңшолпан Төрехан, Зейін орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Адалат Ахмадовалар бар.
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Арман Мәжитов көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, тілдің қоғамдағы орны мен ел тыныштығының маңызына тоқталып, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пахмадин Айнахожаевқа «Құттықтау хатын» табыстады.
Ахмет Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп айтып кеткен. Бұл – ғасырлар өтсе де мәнін жоймайтын ақиқат. Тіл – ұлттың жаны, елдіктің айнасы. Қазақ халқының тарихы да, тағдыры да, болашағы да тілмен байланысты. Сондықтан мемлекет тарапынан қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, қолдану аясын кеңейтуге айрықша көңіл бөлінуде.
Атап айтар болсақ, 1989 жылы 22 қыркүйекте «Қазақстан Республикасында тіл туралы» заң қабылданды. Бұл заң мемлекеттік тіл саясатының негізін қалады. Осыған орай қазіргі таңда түрлі бағдарламалар мен кешенді шаралар жүзеге асырылып, мемлекеттік тілдің беделін арттыруға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Салтанатты шара одан әрі мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, қазақы нақыштағы әндер шырқалып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, әнші Смат Азияның орындауындағы «Жолыққан қандай жақсы» әні жиналған қауымға ерекше әсер қалдырды.
Қазақстан халқы тілдері күні тек мерекелік шара ғана емес, өткенді саралап, болашақты бағдарлайтын күн. Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту мақсатында түрлі бағдарламалар жүзеге асуда. Негізгі басымдық қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Бұл бағытта тіл оқыту орталықтары, кітапханалар, мектептер, мәдениет үйлері маңызды рөл атқарып отыр. Әсіресе, жастардың тілге деген құрметін арттыру, олардың мемлекеттік тілде еркін сөйлеуіне жағдай жасау – басты мақсат.
Айсұлу Алданазар




