Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » МЕКТЕБІМ – МЕЙІРІМ МЕКЕНІ

МЕКТЕБІМ – МЕЙІРІМ МЕКЕНІ


Білім күні – білімге деген құштарлық пен ұмтылыстың бастау алар сәті. Жаңа оқу жылында жаңа арман-мақсатқа қадам басқан өрендерді құттықтау үшін облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов аудынымызда арнайы болып, М.Нәлібаев ауылындағы №196 орта мектебінде өткен «Мектебім – мейірім мекені» мерекелік шарасына қатысып, ардагер ұстаздар мен үздік ұстаздарды марапаттады.


Салтанатты жиында арнайы сөз алған басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы өңіріміздің білім саласындағы жетістіктерге тоқталды.
– «Мектеп – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дейтін халқымыз қашанда ұрпағына сапалы білім беруді басты назарда ұстаған. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген мәтел ешқашан мәнін жоғалтпайды. Бүгінгі бүлдіршіндер – ертеңгі елдің тірегі, тәуелсіздіктің тұғырын бекемдейтін азаматтар. Білім күні баршаңызға құтты болсын! – деп жүрекжарды тілегін білдірді.
Сағынышқа толы ыстық жүрекпен жазғы демалыстан білім ұясына оралған балаларды мейірімді мұғалімдер қарсы алып, жаңа оқу жылына қадам басқан сәті жүрек тебірентеді. Білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған 1- сынып шәкірттері, олардың ата-аналары үшін де жауапты сәт. Алғашқы қоңырау үнін әуелеткен ауыл балалары көпшілік шараның шымылдығын ашты.
Жаңа оқу жылы – жас ұрпақтың білімге, ғылымға деген құлшынысын арттыратын, ал ұстаздар қауымы үшін жаңа жетістіктерге бастайтын маңызды кезең. Ел ертеңі – жас ұрпақтың қолында. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тұтқасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», деген сөзін жүрекке түйген білімгерлер білім бәсекесінде алда келеді. Оның бір айғағы – өткен жылы ауданымыз облыста ҰБТ көрсеткіші бойынша алғашқы үштіктің қатарынан көрінсе, пәндік олимпиадада да жетістігіміз аз емес. Гуманитарлық пәндер бойынша жоғары деңгейде танылған ауыл мектебіне маңыз берілуі содан.
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауы арқасында өңіріміздің білім саласында жаңашыл бастамалар мен жарқын жетістіктер мол.
Аймағымызда білім беру саласына соңғы үш жылда 812 млрд. 245 млн. теңге бөлінді. Биылғы жылы 346 млрд. 800 млн. теңге қаралды. Сәулеті мен келбеті келіскен жаңа мектептер бой көтерді. Өткен жылы 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізіліп, бүгінде 9 мектеп ел игілігіне табысталса, оның екеуі біздің ауданда жүзеге асырылды.
Президент тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда аймағымыздағы 51 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Биыл облыстық бюджеттен 9 мектеп қайта жаңғыртылды. Соңғы үш жылда 15 мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде апатты жағдайдағы 7 мектептің мәселесі толық шешімін тапты.
Қайтарылған активтер есебінен 5 мектептің құрылысы қаржыландырылмақ. Облыстық бюджет қаржысына балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы салынып, мамыр айында пайдалануға берілді. Өткен жылы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында 350 орындық заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» ашылды.
Қайта жаңғыртудан өтіп жатқан Президент саябағында жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері, ботаникалық білім беру орталығы (қысқы бақ) салынуда.
Бұл туралы мерекелік шарада аудан әкімі Мажит Самитов тарқатты.
– Бұл байыпты бастамалар мен ауқымды жобаларды еліміздің ертеңі - жас ұрпақтың білімді, саналы болып өсіп-жетілуіне салынған инвестиция деп білеміз. Болашақ мамандарға мектеп қабырғасынан бастап әлемнің озық білімімен қарулануға бар мүмкіндік жасалуда. Еліміздің кемел келешегі үшін білім көкжиегін кеңейтіп, жас буынды білім мен ғылымға бағыттап, тәлім-тәрбие беріп жүрген ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында толағай табыс тілеймін, – деді ол.
Мерекелік шарада ел дамуына үлес қосқан азаматтар мен ардагер ұстаздарға облыс әкімінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаты» табысталды.

Алғашқы қоңырау – білімге бастау

1 қыркүйек – білім күні. Бұл күн еліміздегі барша оқушы үшін ғана емес, ата-аналар мен ұстаздар үшін де ерекше мереке. Жаңа оқу жылының табалдырығын аттаған сәт – әр шаңыраққа қуаныш, әр жүрекке толқу сыйлайтыны анық. Биылғы алғашқы қоңырау №110 мектеп лицейінде салтанатты түрде аталып өтті.
Биылғы оқу жылында білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің жүзіндегі қуанышы, жүрегіндегі толқынысы айналаға да ерекше сезім сыйлады. Жаңа ортаға қадам басқан балалардың көзінде білімге деген құштарлық, болашаққа деген үміт байқалды.
Салтанатты жиында мектеп директоры Фарида Ниязова сөз алып, оқушыларды, ата-аналарды және ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Ол өз сөзінде білімнің ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталып, ұстаздарды жас ұрпаққа сапалы білім, тәлімді тәрбие беру жолында аянбай еңбек етуге үндеді.
– Бүгінгі күн – барлығымыз үшін қуанышты сәт. 2025-2026 жылы 1001 баламен жаңа оқу жылын бастап отырмыз. Білім ордасының табалдырығын аттаған әрбір оқушы – елдің ертеңі, жарқын болашағы. Сіздердің жолдарыңыз ашық, келешектеріңіз кемел болсын. Ұстаздар қауымы жас ұрпаққа бағыт-бағдар беруге, дұрыс жол сілтеуге әрқашан дайын, – деді ол.
Салтанатты шарада оқушылар ұстаздарына арнап өлең оқып, ән шырқады. Алғашқы қоңырау үні жас буын мен аға буын арасындағы сабақтастықтың айғағы. Одан әрі көпшілік күткен алғашқы қоңырау соғу құрметі 1 сынып оқушысы Жаңаберген Бейбітұлы мен 11 сынып оқушысы, мектеп президенті Ләйлі Сейтмұхамедқызына бұйырды. Бұл дәстүр жас ұрпақты ынталандырып, үлкен жетістіктерге рухани күш сыйлайтыны анық.

Фарида Ниязова жаңа оқу жылы қарсаңында білім сапасын арттыру, цифрлық білім беру ресурстарын тиімді пайдалану, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту сынды негізгі бағыттарға тоқталды. Сонымен қатар, мектептің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңарып отырғанын, оқушылардың спортпен, өнермен айналысуына барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Алғашқы қоңырау мерекесі мектеп ауласында ерекше көңіл-күйде өтті. Әнұран орындалып, көк байрақ желбіреді. Ата-аналар балаларына ақ тілектерін арнап, ұстаздарға алғыстарын білдірді. Бұл күн – тек мереке ғана емес, жаңа оқу жылының басталғанын білдіретін үлкен жауапкершілікке толы сәт.
Алғашқы қоңырау – жас ұрпақ үшін жаңа арман, жаңа белеске бастайтын қадам. №110 мектептің шәкірттері осы күннен бастап білім әлеміне жол тартты. Олардың жолы ашық, еңбегі жемісті, болашағы жарқын болсын деген тілектеміз.

Білім күні – болашаққа бастар берекелі жол

Білімге құштар жас өркен бұл күнді асыға күтеді. Бұл – үш ай жазғы демалыстан бір-бірін сағынысып жолығатын ұстаз бен шәкірттің мәре-сәре күй кешетін күні. Кент орталығындағы Өскенбай Жұмаділлә атындағы дарынды балалар жеке мектебінің салтанатты шарасына арнайы шақырту алдық.
Мың бұралған бишілердің әдемі биімен басталған шара құшағы гүлге толы, мектепке асыққан балалардың қуанышымен астасып, жиылған жұртқа ерекше әсер сыйлады. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған жас өренннің бойына елге деген сүйіспеншілікті орнықтыру мақсатында алдымен Мемлекеттік Ту ендіріліп, Әнұран орындалды.
Одан әрі мектеп директоры Айнұр Шакидуллақызы сөз алып, ата-аналар мен ұстаздарды білім күнімен құттықтады.
– Бүгін баршамыз үшін ерекше күн. Бұл жаңа оқу жылының басталуы ғана емес, сонымен бірге үлкен үміт пен жауапкершіліктің кезеңі. Әр оқу жылы жаңа жетістіктердің, жаңа ізденістердің бастамасы. Білім – елдің болашағы, ал сол білімді игеріп, оны өмірде қолдана білетін жас ұрпақ біздің ең қымбат қазынамыз. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін бұл күн мәңгі есте қалатын сәт болса, жоғарғы сынып оқушылары үшін болашаққа бастайтын үлкен қадам. Біз, ұстаздар қауымы, әрбір оқушының білімді, тәрбиелі, отаншыл азамат болып өсуіне бар күш-жігерімізді саламыз. Барша оқушыларымызға жаңа оқу жылында табыс, ізденіс пен жетістік тілеймін. Ұстаздарымыздың еңбегі жемісті болсын, ал ата-аналар үшін балалардың қуанышы үлкен мерейге айналсын, – деді ол.
Сондай-ақ, жоғарғы сыныптар жетекшісі Ақерке Ержанқызы мектептің 2024-2025 жылы жеткен жетістіктеріне тоқталып, алдағы уақытта дарынды да білімді шәкірт тәрбиелеуде тынымсыз еңбек ететіндерін жеткізді.
– Біз бүгін жаңа оқу жылын қуанышпен қарсы алып отырмыз. Өткен жылы мектебіміз үшін ерекше жетістіктерге толы жыл болды. Соның ішінде ең үлкен қуаныш 11-сыныпты аяқтаған түлектеріміздің барлығы мемле­кеттік және жергілікті грант иегері атанып, өздері армандаған жоғары оқу орындарына түсті. Бұл оқушыларымыздың қажырлы еңбегінің, ұстаздарымыздың біліктілігі мен табандылығының, ата-аналардың қолдауының нәтижесі. Мектеп жетістігі – бірліктің, ынты­мақтың жемісі. Алдағы оқу жылында да осы дәстүрді жалғастырып, білім мен тәрбиеде биік белестерді бағындырамыз деп сенемін, - деді Ақерке Тасболат.
Одан әрі шара «Мектебім – мейірім мекені» атты тақырыппен мерекелік бағдарламаға ұласты. Өнерпаз оқушылар аяулы ұстаздарына, алтын ұя мектебіне арналған ән-жырларын әуелетіп, көрермен қауымның ықыласына бөленді. Ары қарай барлық сыныптарда терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиетке баулитын сынып сағаттары жалғасып, балаларға жол ережесі таныстырылды.
Мереке аясында жүздері қуанышқа толы ата-аналар да ұстаздарға алғысын жаудырып, білімгерлерге жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
– Біздің отбасымыз үшін бұл мектептің орны ерекше. Балаларымыздың барлығын осы мектепке сеніп тапсырдық. Өйткені мұнда біліммен қатар тәрбиеге де үлкен мән беріледі. Мұғалімдер әр баланың қабілетін ашып, ынталандырып, жан-жақты дамуына жағдай жасап келеді. Өткен жылы түлектердің барлығы грант иегері атанғанын естіп, біз де ерекше қуанып қалдық. Бұл – мектептің сапалы білім беріп отырғанының айқын дәлелі. Өз балаларымыздың да осындай жетістікке жететініне сенеміз. Бүлдіршіндерді үлкен өмірге дайындап, тынымсыз еңбек етіп жүрген ұстаздарға зор денсаулық, қажырлы еңбек, шығармашылық табыс тілеймін, – деді ата-аналар атынан Нұрдана Жанболат.
Иә, білім күні – тек жаңа оқу жылының басталуы ғана емес, жас ұрпақтың болашаққа нық басқан алғашқы қадамы. Білім ордасынан шыққан шәкірт еліміздің ертеңгі тірегі, жарқын болашағы. Сондықтан бұл күн барша ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды ортақ қуанышқа біріктіретін мерейлі мереке. Жаңа оқу жылы табысты болып, білім мен ғылым жолындағы ізденістер жемісін берсін деп тіледік біз де.!

Алғашқы қоңырау – жаңа оқу жылының жарқын бастамасы

Аққорған ауылындағы №209 Әнуар Әбу­тәліпов атындағы орта мектепте жаңа оқу жылының алғашқы қоңырау салтанаты өтті. Бұл күн – мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін ұмытылмас сәт болса, ұстаздар мен ата-аналар үшін қуанышты әрі үмітке толы мереке болды.
Салтанатты шара арнайы безендірілген акт залында өтті. Көпшілік алдында мемлекеттік Ту салтанатты түрде енгізіліп, елдік рухты асқақтатты. Мемлекеттік рәмізді алып шығу құрметіне спорттық жарыстардың жүлдегерлері Айназар Батыр мен Тұрғанәлі Нұрасыл, сондай-ақ мектеп үздігі Анарбай Нұржарық ие болды.
Мектеп директоры Лаура Ташкенбайқызы сөз сөйлеп, оқушыларды, ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білімнің маңыздылығына тоқталды.
– Алғашқы қоңырау – баршамыз үшін толқу мен қуанышқа толы ерекше мереке. Білім – болашақтың кілті, ел ертеңінің кепілі. Сондықтан шәкірттеріміздің жүрегіне білімге деген құштарлық пен отансүйгіштік сезімді ұялатып, үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашу – барлығымыздың ортақ мақсатымыз. Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Оқушыларымызға – алғырлық пен үздік табыс, ұстаздарымызға – зор жетіс­тік, ата-аналарымыз балаларының қуанышына шат болсын деген тілектемін, – деді мектеп директоры.
Жаңа оқу жылы – әсіресе мектеп табал­дырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін ерекше есте қаларлық. Биылғы жылы 1-сыныпқа қабылданған балаларды тәжірибелі де білікті ұстаздар қарсы алды. Балаларды білім нәрімен сусындатуға 30 жылға жуық уақытын арнаған Наубаева Айзада Кәрібайқызы мен Ғаділова Ғалия Жігерқызы, сондай-ақ Тоғжан Балтаева мен Меруерт Шерімбетова сынды ұстаздар бірінші сыныпқа шәкірттер қабылдап, жаңа сапарға жол бастады. Мерекелік шарада оқушылар ән-жырдан шашу шашып, өлең оқып, жиылған қауымды ерекше әсерге бөледі.
Алғашқы қоңырау – дәстүр жалғасы ғана емес, ол – жаңа белестерге бастайтын үміттің, ізденістің символы. Аққорған ауылындағы №209 мектеп ұжымы жаңа оқу жылында білім сапасын арттыруға, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, түрлі жетістіктерге жетуге зор ықыласпен кірісті.Бұл айтулы күн оқушылардың бойына жігер берері сөзсіз.

М.ПАТЕНОВА,
Ә.РЗАЕВА,
А.АЛДАНАЗАР,
Ж.ЕРМАХАН
03 қыркүйек 2025 ж. 733 0