«БІЛІМ КЕЛЕШЕГІ: АДАЛ АЗАМАТ, КӘСІБИ МАМАН» Таразда ұстаздардың облыстық Тамыз кеңесі өтті
«Баласағұн» орталық концерт залында «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұстаздардың облыстық Тамыз кеңесі өтті. Жаңа оқу жылы қарсаңында білім саласының даму бағытын айқындайтын маңызды жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова, ҚР Парламенті Мәжілісінің, облыстық мәслихаттың депутаттары, құқық қорғау және атқарушы органдардың басшылары, кәсіподақ ұйымдары мен азаматтық қоғам өкілдері, білім саласының ардагерлері мен жас педагогтер қатысты.Әуелі жиналған қауым ұстаздар мен оқушылардың инновациялық жобалары қойылған «БІЛІМ КЕЛЕШЕГІ: АДАЛ АЗАМАТ, КӘСІБИ МАМАН» атты көрмені тамшалады.
Кеңестің пленарлық отырысында Майра Тұрғанбайқызы сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан ұстаздарға жасалып жатқан қолдауларға кеңінен тоқталды.
Келесі кезекте облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков өткен оқу жылындағы жарқын жетістіктер туралы баяндады.
– Бүгінде облыста 11 білім бөлімі, 1 291 мекеме жұмыс істейді. Оның 621-і мектепке дейінгі, 523-і орта, 79-ы қосымша білім беру ұйымдары, 42-сі колледж, 26-сы ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекемелер. Сондай-ақ, Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы мен Жасөспірімдер үйі бар. Жалпы 338 мыңнан аса бала мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылып, 40 мыңға жуық педагог қызмет етуде .
Өткен оқу жылы облыс оқушылары мен педагогтерінің жетістіктеріне, жеңістеріне толы болды. Атап айтсақ, дарынды оқушыларымыз халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 464 медальді иеленді. Оның ішінде 77 жүлде халықаралық дәрежедегі білім сайыстарына тиесілі.
Сонымен қатар биыл облыс оқушылары республикалық олимпиада қорытындысы бойынша қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иеленсе, республикалық ғылыми жобалар жарысында 16-шы жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын қорғады.
Олимпиада қорытындысы бойынша 5 мектеп республикадағы «100 үздік мектептің» қатарына енсе, Қордай ауданындағы Б.Бөлтірікова атындағы №4мектеп-лицейі «Ең үздік ауыл мектебі – 2025» номинациясына ие болды.
Бұған қоса «WorldSkills» республикалық чемпионатына 23 құзыреттілік бойынша 25 студент қатысып, 13-і жүлделі орынға ие болды. Оның 1-і алтын, 1-і күміс, 11-і «Үздік маман» медальон иегері атанды. Сонымен қатар «EuroSkills-2025» чемпионатына Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің студенттері ел намысын қорғайды, – деген Нұрбек Әбубекұлы бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғаса беретінін жеткізді.
Биылғы жылдың ерекшелігі - жаңадан жоғары оқу орнын бітірген жас мамандар іріктеліп, 58-і конкурссыз жұмысқа қабылданды. Жиынға сол жас мамандардың барлығы түгелдей қатысып, оларға айрықша құрмет көрсетілді. Бұл бұрын-соңды болмаған үрдіс.
Бұдан кейін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы: нәтижелер мен жаңа оқу жылындағы басымдықтар», Назарбаев Университетінің «Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінің» өкілі, постдокторант Азамат Ешмұхамбетов «Білім берудегі жасанды интеллект», жаратылыстану ғылымдарының магистрі, оқулық пен бағдарламалар авторы, дидактика мен білім мазмұны бойынша ұлттық сарапшы Руслан Қаратабанов «Білім сапасы: қазіргі контекст», Қордай ауданындағы «Бетқайнар» колледжінің директоры Гүлнар Әлімбаева «Колледждерді интернационалдандыру - бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың жолы» тақырыптарында орамды ойларын ортаға салып, іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Жиынды қорытындылаған Ербол Шырақпайұлы салаға серпін берген ілкімді істерді тілге тиек етіп, бірқатар үздік педагогтерге «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері мен ҚР Оқу ағарту министрлігі және Жамбыл облысы әкімінің Құрмет Грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады.
Бұдан бөлек, Тараз қаласы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы «Орта білім беретін» үздік ұйым, Меркі ауданындағы А.Асқаров атындағы мектеп-гимназиясы «Шығармашылық зертхана», Сарысу ауданындағы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы «Ең үздік мектеп-лицей», Байзақ ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясы «Ең үздік инновациялық мектеп», Шу ауданы,Төле би атындағы орта мектебі «Ең үздік қала мектебі», Т.Рысқұлов ауданындағы Ақтоған шағын орталықты орта мектебі «Ең үздік ауыл мектебі», Қордай ауданындағы М.Смағұлов атындағы шағын орталықты орта мектебі «Ең үздік шағын жинақталған мектеп», Жамбыл ауданындағы «Ертөстік» бөбекжай-бақшасы «Үздік ауылдық мектепке дейінгі ұйым» және Тараз қаласындағы №17 бөбекжай-бақшасы «Үздік қалалық мектепке дейінгі ұйым» номинацияларын еншілеп, қаржылай сертификаттарға қол жеткізді.
Басқосу соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен түйінделді.



