ҰЛТТЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ САНАҒЫ ӨТЕДІ

Қазақстан Республикасында 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Ұлттық ауылшаруашылығы санағы өткізіледі.
Ауылшаруашылығы санағы – бұл еліміздің аграрлық секторының құрылымы, ресурстары мен жай-күйі туралы өзекті әрі сенімді деректерді алуға мүмкіндік беретін ауқымды статистикалық байқау. Санақ деректері тиімді мемлекеттік саясат құру, ауылшаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет.
Санақ жүргізу және оның мерзімдері туралы шешімді Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылдады. Оны өткізу мерзімі ауылшаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын және ауылшаруашылығы жылының қорытындылары бойынша өзектідеректерді алу қажеттілігін ескере отырып таңдалған.
Санаққа дайындық жұмыстары 1,5 жыл бұрын басталған. Үкімет деңгейінде арнайы комиссия құрылды. Осы уақыт ішінде қажетті нормативтік - құқықтық актілер бекітілді. Жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар жұмылдырылды
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (БҰҰ ФАО) халықаралық ұсыныстарына сәйкес, ауылшаруашылығы санағы әр бес-он жылсайын жүргізілуі керек. Бірақ Қазақстанда санақтың бұл түрі 2006-2007 жылдары ғана жүргізілді. Содан бері үлкен үзіліс болды. Ол кезде ауылшаруашылық санағы екі кезеңде жүргізілді – өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы. 2025 жылы барлығы бір мезетте өтеді.
Ауылшаруашылығы санағына кімдер қатысады?
Біріншіден, бұл – мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық шаруашылығы салаларында ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа немесе фермер қожалықтарын қоса алғандағы, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер.
Екіншіден, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар және/немесе мал ұстайтын үй шаруашылықтары. Ашып айтқанда, бұл бақшасы бар, өздері үшін төрт түлік ұстайтын, құс өсіретіндер және т. б.
Санақтың негізгі кезеңі 1 тамыз бен 20 қазан аралығын қамтиды. Ішінде ол онлайн және офлайн кезеңдерге бөлінеді.
Алдымен 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Бүгінде сайт санақ жұмысымен танысу үшін жұмыс істеп тұр. Заңды тұлғалар, фермерлер, үй шаруашылықтары– барлығы порталдағы санақ парақтарын қашықтан өз бетінше толтыра алады. Бұл әдіс өте ыңғайлы, сонымен қатар деректерді жинаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сайтқа кірген сәтте респонденттер жүйеге тіркеліп, Электрондық цифрлық қолтаңба, QR-код немесе СМС хабарлама арқылы авторизациядан өтуі қажет. Сауалнама парағына кірген кезде кейбір жолдарда мемлекеттік органдардың деректер базасында бар көрсеткіштер көрсетіледі. Респондент көрсетілген көрсеткіштерді сол күйі қалдыра алады немесе оларды өзектендіре алады. Респондент толтырылған деректерін сақтап қойып, үзілістен кейін сол сауалнаманы толтыруын жалғастыра алатынын ескертеміз. Сауалнамадан өтіп біткеннен кейін респондент электрондық поштаға санақтан өткені туралы хабарлама алады.
Санақтан онлайн түрде өтуді ыңғайлы қылу үшін жергілікті әкім аппаратары мен аудандық статистика бөлімшелерінің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады.
Заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлермен шаруа-фермер қожалықтары сияқты шаруашылықтың барлық ұйымдастырылған нысандары сауалнамадан сайтта өз бетінше өтуі тиіс. Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ОКЭД) бойынша қызметі мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы немесе балық шаруашылығымен байланысы барлар санаққа қатысуға міндетті.
Егер респонденттің сауалнама парағын толтыру кезінде қандай да сұрақтары туындаса, арнайы дайындалған жасанды интеллект арқылы жауап беретін sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне жүгіне алады.
Сондай-ақ 1446 нөмірі бойынша бюроның байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңыраулар сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін, ал онлайн-сауалнама басталған кезеңде – тәулік бойы, аптасына жеті күн қабылданады.
Екінші кезең – интервьюерлердің үй шаруашылықтарын жеке - жеке аралауы, ол 2025 жылдың 20 қыркүйегі мен 20 қазаны аралығында өтеді. Неліктен араға 20 күн қалдырып отырмыз, себебі бізге сауалнаманы өз бетінше аяқтағандарды ескере отырып, үй шаруашылықтарының тізімдерін қалыптастыру үшін қосымша уақыт қажет.
Осылайша, санақ респонденттердің барлық санаттарын қамтиды және ақпарат жинаудың барынша толықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Санақ барысында Жаңақорған ауданы бойынша барлығы 14 мыңнан аса үй шаруашылығын және 3 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамту жоспарланған.
Санақ қызметкерлері барлық респондентті қамтуға міндетті. Қатысудан бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген - "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексі 497-бап "Бастапқы статистикалық деректерді беру тәртібін бұзу" (жеке тұлғаларға - 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), заңды тұлғаларға айыппұл-кәсіпкерлік субъектісінің мөлшеріне байланысты 14-тен 120 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) дейін), Қазақстан Республика Заңына "Мемлекеттік статистика туралы" 21-бабына сәйкес, Ұлттық санақтар барысында алынған мәліметтер бастапқы статистикалық деректерге жатады және міндетті түрде өтеусіз негізде ұсынылады.
Біздің интервьюерлердің атрибуттары - бейсболка, жамылғы, ауылшаруашылық санағының символикасы бар портфель, планшет және QR коды бар куәлік.
Біз азаматтарды санаққа саналы түрде қатысуға шақырамыз, өйткені бұл жай статистикалық шара емес, барлық азаматтарды қамтитын мемлекеттік маңызы бар іс.
Сауалнамаларда қандай сұрақтар болады? Заңды тұлғалар үшін сұрақтар жер және егіс алқаптары, мал басы, ауыл шаруашылығы техникасы және инфрақұрылымға байланысты болады (жалпы 28 сұрақ). Сондай-ақ респонденттерден олардың қызметінің сипаттамалары, еңбек ресурстары және ауыл шаруашылығы қызметінің басқа да аспектілері туралы сұралады. Үй шаруашылықтарында біз жер аумағы туралы сұраймыз, олар маусымдық немесе көпжылдық дақылдар еге ма, мал немесе құс ұстай ма, оларды жайылымға шығара ма деген сияқты анағұрлым қысқартылған нұсқадағы сауалнама болады (жалпы 20 сұрақ).
Ұлттық статистика бюросы алынған деректердің құпиялығына және оларды қатаң статистикалық мақсаттарда пайдалануға кепілдік беретінін атап өткім келеді. Сандар респонденттің бастапқы деректерін көрсетпей-ақ, жиынтық түрде өңделеді және жарияланады. Деректер салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді.
Сауалнама парағын толтыру кезінде респондент (ұйымдасқан шаруашылық) мемлекеттік деректер базасында деректерді жаңарту үшін алынған деректерді ұсынуға келісім бере алады, мысалы, малдың, техниканың, жер учаскесінің болуы және т. б. туралы.
Санақ жүргізу үшін біз жұмыссыз азаматтар мен студенттер қатарынан, сондай-ақ барлық ниет білдірген азамат санатынан 28 адамды интервьюер ретінде жұмысқа тартуды жоспарлап отырмыз.
Оларды оқыту Бюроның дата Литраси хаб (data Literacy Hub) платформасында ұйымдастырылған, онда қатысушыларға әртүрлі оқу материалдары: мәтіндік құжаттар, бейнероликтер және бейне слайдтар қолжетімді. Оқу аяқталғаннан кейін барлық қатысушы білімдері мен жұмысқа дайындығын растау үшін міндетті тестілеуден өтуі керек. Бұл тәсіл санақ жүргізудің жоғары сапасын және жиналған деректердің дәлдігін қамтамасыз етеді.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бізде қызметкерлерді қабылдау науқаны жүріп жатқанын жеткізгіміз келеді. Интервьюер ретінде санаққа қатысқысы келетіндердің барлығы біздің 1446 байланыс орталығына өтініш қалдыра алады.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросы «Қазпошта» АҚ-мен меморандумға қол қойды, онда ауыл шаруашылығы санағына интервьюерлер ретінде пошташыларды тарту мүмкіндігін қарастырдық. Интервьюерлер ретінде санаққа қатысқысы келетіндердің барлығы біздің 1446 байланыс орталығына өтініш қалдыра алады немесе аудандық статистика басқармасына жүгіне алады.
Барлық кезең аяқталғаннан кейін біз 2025 жылғы желтоқсанда санақтың алдын-ала нәтижелерін жариялаймыз. Соңғы жиынтық деректер мен аналитикалық есептер Ұлттық статистика бюросының сайтында көпшілікке 2026 жылы ұсынылады.
2025 жылғы ұлттық ауыл шаруашылығы санағы –Қазақстанның аграрлық секторын және азық-түлік қауіпсіздігін тұрақты дамытуға арналған стратегиялық маңызы бар іс-шара. Алынған деректер тиімді мемлекеттік саясат пен барлық деңгейдегі ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға негіз болады. Барлық қатысушы тарапты өздерінің азаматтық ұстанымын танытып, санаққа белсенді түрде қатысуға шақырамыз.
Жаңақорған ауданының Статистика бөлімінің басшысы Бегайдаров Азамат Тұрарұлы