Отбасылық кәсіптің озық үлгісі

Жаңақорғандық Орынқыз Кәкішева өңірімізде алғаш ерекше өндірісті жолға қойғанын айтады.
Кәсіпкер келіншектің отбасымен бірге ағаштан түрлі жиһаз бұйымдарын жасайтын шағын ғана шеберханасын нағыз қолөнер шеберханасына айналдырғанын көрдік.
Орынқыз Кәкішева – «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, кәсібін заңдастырып, отбасылық бизнесті жолға қойып үлгеріпті. Оның цехында ағаштан жасалған тербелмелі орындықтар, ас үй үстелдері мен орындықтар және түрлі тұрмыстық бұйымдар жасалуда. Бұл кәсіптің өзгешелігі – аталған жабдықтың барлығы станоктың көмегінсіз, толығымен қолмен тоқылып, қолдан жасалады. Яғни, бұл – нағыз еңбек пен шынайы қолөнердің нәтижесі.
«Рутон» әдісімен жұмыс істеуге арналған ағаш құрылымының сапасы жоғары болуы тиіс. Бұл – жиһаздың беріктігі мен ұзақ мерзімділігіне тікелей әсер ететін басты фактор. Материалды Ташкенттен алдырып отыр екен. Ағаш бұйымдары экологиялық жағынан таза, ешқандай химиялық өңдеусіз, табиғи қалпында жасалады. Бұл – қазіргі тұтынушылар үшін үлкен артықшылық.
Кәсіптің отбасылық бағытта жүргізілуі де – оның ерекше тұсы. Жолдасы мен балалары, тіпті келіндері мен күйеу баласына дейін осы істе жұмыла еңбек етуде. Бірі – ағашты өңдейді, бірі – өріп тоқиды, енді бірі – бояп, әрлеу жұмыстарымен айналысады. Әрқайсысы өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, сапалы өнім шығару үшін бар күшін салады. Бір қарағанда қарапайым ғана кәсіп көрінуі мүмкін. Алайда бұл – үлкен еңбек пен ынтымақты қажет ететін іс. Сондықтан бұл кәсіп – әрі табыс көзі, әрі отбасыны біріктіретін ортақ іс.
Орынқыздың айтуынша, бастапқы кезде сенімсіздік те, қорқыныш та болған. Бірақ тұтынушылар тарапынан оң пікірлер мен жоғары сұраныс – кәсіпке деген сенімді арттыра түскен.
– Әр өніміміз – біз үшін бір туынды. Оған тек табыс көзі ретінде емес, өнер ретінде қараймыз. Жиһаздарымыздың әр бөлшегі қолмен жасалады. Сондықтан әрқайсысында жанымыздың, уақытымыздың, еңбегіміздің ізі бар. Ал клиенттердің ризашылығы мен жылы пікірі – біздің ең үлкен марапатымыз, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде бұл кәсіп Қызылорда облысы бойынша алғаш қолға алынған бағыттардың бірі болып отыр. Ешбір станоксыз, таза қолдан жұмыс істеу – өте сирек кездесетін әдіс. Сондықтан бұл жобаны тек шағын бизнес ретінде емес, дәстүрлі қолөнердің қайта жандануы деп те айтуға болады.
Орынқыз Какишева алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, балаларға арналған ойын жиһаздарын, ұлттық нақыштағы сәндік бұйымдарды шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, жеке бренд қалыптастыру, аймақтық көрмелерге қатысу, тауарларын Қазақстанның басқа өңірлеріне тарату – келесі қадамдары болмақ.
Кәсіптің дамуына жарнама жол ашады
Бүгінгі таңда кәсіп ашып қана қоймай, оны көпшілікке таныта білу де маңызды. Бұл ретте әлеуметтік желілердің атқаратын рөлі ерекше. Орынқыз Какишева Instagram және TikTok платформаларындағы парақшалары арқылы өз өнімдерін белсенді түрде насихаттап келеді. Онда ол бұйымдардың қалай жасалатынын, қандай материал қолданылатынын, дайын өнімді көркем түсірілім арқылы көрсетеді. Бұл – қазіргі тұтынушылардың сенімін оятудың және клиент тартудың ең тиімді жолдарының бірі.
Әлеуметтік желі – бүгінгі кәсіпкерлер үшін тегін жарнама алаңы ғана емес, сенімді байланыс құралы. Көп жағдайда тұтынушылар өнім сапасынан бұрын, өндірушінің шынайылығына, ашықтығына назар аударады. Ал Орынқыздың парақшалары – сол сенімді қалыптастырып отырған алаң.
– Бұрын тек ауыл ішінде жұмыс істесек, қазір Instagram арқылы еліміздің басқа өңірлерінен де тапсырыс қабылдай бастадым. Кейбір жиһаз түрлеріне арнайы бейнеролик түсіріп, TikTok арқылы бөлісіп отырмын. Сол арқылы жаңа клиенттер келіп жатыр. Қазір заман басқа – жарнама мен насихатты дұрыс жүргізе білсең, еңбегіңнің жемісін көру қиын емес, – дейді кәсіпкер.
Орынқыз Какишеваның отбасылық кәсібі – адал еңбек пен табанды талпыныстың айқын үлгісі. Ол – ауылда отырып-ақ, ерекше кәсіппен айналысуға, оны дамытуға болатынын дәлелдеген жан. Бұл тек бір отбасының жетістігі емес, бүтін бір өңірдің дамуына қосылған үлес. Ал мұндай кәсіби бастамалар қолдауға да, үлгі етуге де әбден лайық.
Жәмила ЕРМАХАН