№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «ТАУ САМАЛЫ» ЕСІГІН АШТЫ

«ТАУ САМАЛЫ» ЕСІГІН АШТЫ


Қаратау жақтан ескен қоңыр салқын самалдың өзіндік әуезі бар. Сыңғырлап аққан бұлақ та дала оркестрне үн қосуда. Таң бозынан тұр-тұрлаған дауыстар, үрген ит, маңыраған қой, мөңіреген сиыр, кісінеген жылқы үні, құдды табиғатпен ерекше бір үйлесім тапқандай. ХХ ғасырдың 30 жылдары негізі қаланған «Тау самалы» тынығу лагерінде бір рет болған баланың көңілінде осынау сазды әуеннің сақталып қалатыны сөзсіз. Сондықтан лагерьді сәт сайын есіне алып тұрады. 64-ші рет есігін ашатын лагерге арнайы барған қонақтар осынау сағынышты жылдарды есіне алды.
Тамаша табиғат аясына жиналған оқушылардың көңілдері көтеріңкі. Бірі ұстаздардың жеңілдігімен, енді бірі ата-ана қаржысымен келсе, кейбіріне аға буын қамқорлық жасапты. Мәселен, аудандық соттың төрағасы Нұрлыбек Қосанов екі оқушыға жолдама беріпті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, балаларды қорғау күні Рамазан Каунаев пен Айнұр Ермекованың қуанышын еселеген төрағаға ата-ана ризалығын жеткізуде.
Қаз-қатар тізілген бес топтың жетекшілері ұстаз алдында рапорт бергеннен кейін, тынығу алаңының туы ілінді. Сап түзеген тәлімгерлер кезек күттірген концерттік бағдарламаға қарай адымдады. Ән айтып, би белеп, актерлік қабілетін ортаға салған өнерлі өрендер қонақтарға тамаша тарту жасады. «Айгөлек», «Жас қыран», «Атамекен», «Достық» және «Болашақ» деп жасына қарай бөлінетін топ тәрбиеленушілері өнепаздарға қолдау көрсетті.
– Бірінші ауысымда 150 бала тынығуда. Оның 130-ы міндетті оқу орындарынан болса, қалғаны ақылы негізде келгендер. Маусым соңына дейін жеті ауысымда 1045 баланы қабылдаймыз. Қазір бес топта он тәрбиеші қызмет етеді. Жалпы, айтқанда демалушыларға барлық жағдай жасалған. Келуге ынталы балаларға керемет көңіл-күй сыйлауға дайынбыз, – деді лагерь директоры Болат Шерімбетов.
Балалардың өнерінен кейін сахна төріне көтерілген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев:
– Құрметті балғындар! «Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз!» дегендей, төбелеріңді күнге сүйдіріп, лагерьде демалып жатырсыздар. Мұның бәрі Елбасы Н.Назарбаевтың қамқорлығының арқасында... Жаз бойғы алатын тәлімдеріңіз саналы да сергек өтіп, лагерьдегі күндеріңіз өмірлеріңіздің ұмытылмас белгісіне айналсын, – деді.
Сөз кезегін алған Шалқия кентінің әкімі Молдахмет Ауанов, аудандық білім бөлімі басшысының кеңесшісі Аллаберген Ахметов, төл басылымның бас редакторы Нұрлат Байгенже, ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Махан ақсақал ұландардың жақсы демалып қайтуларына тілектестік білдірді.
– Мен мұнда бірнеше рет келгенмін. Биыл тағы да жолым түскеніне өте қуаныштымын. Лагердің ұнайтыны таза ауамен тыныстап, самал желмен серпіліп қайтамын. Әрі, жаңа достар тауып, ортам кеңейеді. Сондықтан, ұстаздарыма айтар алғысым шексіз, – деді №5 білім ордасынан келген Назерке Каримова.

P.S.: Балаға жасаған қамқорлық – келешекке салынған инвестиция. Сондықтан қоғам болып олардың осы бастан толыққанды демалып, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау – асыл міндет.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
11 маусым 2018 ж. 1 619 0