№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

№40 (8854) 31

31 мамыр 2025 ж.

№39 (8853) 27

27 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Рейхстагқа танкпен кірген қазақ

Рейхстагқа танкпен кірген қазақ


Ол – Нақыпов Айтмахан ағамыз еді. Жауған оққа қарамай Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен ержүрек жауынгерлердің алдында қатерлі шепті бұзып, жол ашып беріп отыру үшін алда шынжыр табанды алып танктер жүруі тиіс. Берлин қаласындағы қиян-кескі ұрыста маршал Конев басқарған 1 Украина майданының танк полкі Бранденбург қақпасы алаңындағы жан алып, жан беріскен шайқастың алдыңғы шебінде келе жатты. Т-34-маркалы танкпен Бранденбург қақпасынан алғашқы боп кірген экипаждың құрамында Айтманбет Нақыпов та бар еді. Осы ұрыстағы жанқиярлық ерлігі үшін экипаж мүшелері түгелдей Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылды. Бірақ бұйрық орындалмай қалды. Неге?

Өткенге ой жүгіртіп қарасаңыз, кәрі тарих беті ақтаңдақ әділетсіздіктерге толы екеніне көз жетеді. Оған дәуір де, уақыт та, қоғам да емес, сол заманның шежіресін түзуші – адамдардың алақолдығы, аманатқа қиянаты, пенделік пыйғылдары себеп. Жасампаздықтың жағасына жармасумен келе жатқан жалғандық пен айлакерлік деп аталар бақай есептің бейбіт өмірді былай қойып өмір мен өлім бетпе-бет арпалысқан сын сәтте де аяқтан шалуы, сірә кешіруге келмейтін опасыздық қой!
Кент орталығындағы Манап Көкенов көше­сінде тұратын Нақыпов Айтмахан көкемізбен көрші едік. Сол жылдары көкенің отырған ескі үйін бұзып, үкімет жаңа үй салып берді. Қарапайым өмірде өте мәдениетті, биязы, кішіпейілдік мінезі жайдары келбетінен есіп тұратын қарияға «көке» деп сәлем беріп кететіндер көп болатын. Тоқсан бесінші жылдары ол кісі туралы газетімізге жазғаным есімде.
Кешегі соғыстың от-жалынында тұла бойын күйік шалған жетпіс жастағы қарияның жаны да жаралы екеніне ол кісімен сұхбатта анық көз жеткізген едік. Соғыстың біткеніне жарты ғасыр уақыт өтсе де өзекті өртеген өкініш, айтылмаған ақиқат жатыр еді кеудеде. Айтмахан көкенің өз аузынан айтқан естеліктері қысқаша былай өрілген еді:
– Мен 1924 жылы Жаңақорған поселкесінде дүниеге келдім. Әкем Төлепбергенов Нақып ұзақ жыл аудандық мал дайындау мекемесінде қызмет атқарды. Анам Айша үй шаруасында болды. Өзім мектепте жүргенде спортпен айналыстым. 1942 жылы әскер қатарына алынып, Ашхабад қаласында әскери училищеде жаттығудан өттім. Онан соң Смоленск шайқасында 13 гвардиялық атқыштар армиясы, 75 атқыштар дивизиясы, 219 полк, 3 батальонда, минометчиктер ротасында болдық. 1943 жылдың майында Курск қойнауына ауыстырылып, жаздың жауын-шашынды күнінде шайқасқа араластық.
Гитлер армиясының бекініс-қорғанысына айбынды аттаныс жасап, жинақтаған әскери құрамасын, техникасын, танк-зеңбіректерін бұзып-жарып алға өттік. Бұл жерде минометші есебінде 9 адам, 3 әскери байланысшымыз бар, орналасқан жеріміз қырат жер еді, жаудың бекініс жеріне 250-300 метрдей жерге орналасып, жасырын атқылау жасап, екі тәулік тұрдық. Жаудың бірнеше пулемет-зеңбіректерін, топтасқан жауынгерлік құрамасын жойдық. Сезіп қойған жау минометтен атқылау жасап, небәрі үш адам қалып, өзіміздің жауынгерлерге қайта қосылдық. Жараланып госпитальге түстім. Онан шыққан соң 60-шы атқыштар армиясы 1080-полкінде Чернигов ауданын, одан әрі Киев қаласын азат етіп, батысқа бет алдық. Коростыщев – Житомир аудандарын азат етуде біздің рота Киев-Коростыщев-Житомир тас жолына орналасып, жолдан өткен жаудың танк-десанттарын, автомашинамен өткен әскерлерінің қатарын сиретуге тырыстық. Ызаланған жау бізді қоршап, тірі жан қалдырмай қырып жіберуге бел байлады. Әр 3-4 метрден орналасып, оқ жаудырып минометтен атқылау жасады. Жүзден астам адамнан 3-4 тәулікте тоғыз жауынгер ғана қалыппыз. Оқ-дәріміз таусылған, ас-су жоқ, күздің қара суығында қалың орналасқан жау шебінен қалайда өтуге, әскерімізге қосылуға бел байладық. Атысқан жау оғының астынан түн қараңғылығында арпалысып жүріп аман-сау өттік. Қалың орман арасынан жылжи отырып 7-8 километр жердегі Белькова селосына кеп тірел­дік. Аштықтан қалжыраған түрімізбен ауылдың шетіндегі бір үйге кіріп келдік. Үй иесі Алексей деген кісі екен, бізді жақсы қарсы алып, киімімізді құрғатып, қоректендірді. Келген бойда сол үйдің жеркепесінде жасырынып жаттық. Селоға СС-тің бір батальоны және аэробаза орнала­сып бекінгенін білдік. Барлаушыларымыздың хабарына қарағанда біздің ол жерден кешке дейін қозғалуға мүмкіндігіміз жоқ. Сондай-ақ, 4-5 күнде біздің армияның қайтарма соққы жасайтыны белгілі болды. Сондықтан қозғалмай осы жерде күтіп жататын болдық.
Тоғыз солдат жеке-жеке бөлінуімізге тура келді. Сағат сайын селоны айнала тіміскілеп жүрген СС жауынгерлері нені еске түсірмеді? Колхоз басқармасы Алексей семьясымен маған қамқор болып басқа түскен қиындыққа араша тұруда бастарын қатерге де тікті. Селода тұрақтаған сол бір қиын 15 күнде ажалдан араша болған украиндық ағайынның өз өмірлеріне туған қауіптен жандарын шүберекке түйіп, қамқор болғанын ешуақытта ұмыта алмаспын. Бір күні басқар­ма Алексей талғажау етер тіскебасарын қойнына тығып, жақындай бергені сол, жасырын автомашинамен жаудың 6-7 әскері келе қалды. Сол замат мен де сарайға кіріп үлгірдім. Шатырға жиналған сабан арасына кіріп жасырынғанымда автоматтан шексіз атқылау жасап, ажал жоқтықтан аман қалғаннан басқа не көрмедік. Киімімнің оқ теспеген жері жоқ. Орыс солдатын тауып бер деп Алексейді семьясымен, Самойленконы семьясымен ұрып-соққаны жанға батпай ма? Осындай оқиғаның не түрі әр күнімізді мың жылға татитын азапқа бөктірді. Не керек, селоның тұрғындары тоғызымызда да жеке-жеке көзден жасырын ұстап есен-сау армиямызға қосты. Біз де аянбай Бельково селосын азат етуде барлаушыларымызға лайықты көмек көрсеттік.
Арнайы бөлім зерттеу жүргізіп, анығына жеткен соң бізді 426 атқыштар полкіне жіберіп, Берди­чев-Старо-Константиновка-Львов аудандарын жаудан азат етуге қатыстық. 3-ші танк армиясы құрамында біздің полк Берлин қаласына бірінші болып кіруі тиіс болды.
Взвод командирі, лейтенант Минаевтың экипажында №24 танкте 1945 жылдың январынан бастап радист-пулеметчик болып бекігенмін. Әскери атағым аға-сержант. 1945 жылдың январында Висла өзенінен өтіп, Сандомир аймағын жайлаған қарулы жауынгерлеріміз аязды күннің шайқасына кірісіп, Краков қаласын жаудан азат етуде біздің полк – оның ішінде біздің танк бірінші болып қалаға кіруге тапсырма алдық.
21 апрельде Берлинде көше ұрыстары басталды. Өмірінің ақырғы күнін­де жан аямай арпалысқан жау әрбір терезеден, подвал­дан зеңбірек орнатып, атқылау жүргізгенде майданда әбден шыныққан жауынгерлер төзімділікпен қирата соққы беріп күн сайын алға озды. 200 метрдей жердегі тас ғимаратқа қалай болмасын жетуге бұйрық беріліп, сол сәтте қарсылықтың күшеюіне қарамастан жеттік. Онда тұтқынға алынған 400-ге жуық адам бар еді. Барлаушылар ілесе келіп құтаруға кірістік. Біздер одан әрі шайқаспен алға жүріп кеттік.
Сағат санап ілгері жылжыған шайқасымыздың нәтижесінде 29 апрель күні кешке Рейхстаг алаңына іліндік. Үлкен алаң көзге жақын болғанымен, ұшып-қонуға, ілгері жылжуға жол қиын, небір атыс-шайқас, жаңбырдай жауған оқ. Біз жақ та шығынсыз емес. Соның бірі – біздің взводьтың 26 танкі және бізден кейін тұрған экипаж өртке оранды. Біздің танк алаңды жырып өтіп, Рейхстагқа жететін ақырғы сәтте алға қозғалуға еш мүмкіндік бермеді. Түн қараңғысында жарық прожекторлар – ракеталар жұлдызша жарқырайды. Сөйтіп, 30 апрельдің кешінде кенет Рейхстаг ішінен шыққан от жалын от сәулесін беріп алаңға аттанып шыққан алып табан №25 танкі фаустың ұшқынына ұшып өртенді. Ішіндегі экипаж мүшелері от құшты, отан үшін өмірлерін қиды.
Ақырғы қадам рейхстагқа бірнеше метр қалғанда біздің №24 34-маркалы жеңіске қол жеткізген темір алып табанды танк те от-жалынға оранды. Ішінде экипаждың бес адамынан мен ауыр жарадар болып, қасымда радист Миномудинов екеуміз тірі қалдық. Отанымыздың жеңісіне үлес қосқан 34-маркалы екі танк Жеңіс күніне есркерткіш ретінде сақталып қалды.
1 Украйна майданының Берлин қаласын алудағы Отан үшін жан қиған жауынгерлерге мәңгі ескерткіш ретінде Рейхстаг постаментінің биік тұғырында советтік жеңіс танкісінен 34-маркалы №24 және 26 танктері батырлар құрметіне бүгінге дейін тұр. Осындай даңқты жорықта болған жауынгерлерге тиісті атақ берілмей қалды. Нендей себеп екенін білмедім.
1947 жылы ауылға келіп, ауыл шаруашылығы саласында тер төктім. 1960 жылдан су шаруашылығы саласында үздік қызмет етіп зейнет демалысына шықтым, – деген еді қарт жауынгер.
Иә, Айтмахан Нақыповтың қаруластарымен бірге мінген Т-34 маркалы танкісі Берлиндегі үлкен Тиргартен кешенінде тұғырда тұр. Мемориал 1945 жылы одақтастар әскерінің шеруімен салтанатты түрде ашылған. Қазақ теледидары 1985 жылы түсірген «Қазақстан Ұлы Отан соғысында» атты деректі фильмнің 38 сериясында Айтманбет Нақыповтың ерлік жолы туралы эпизод бар. Экипажға атақ беру туралы шешім маршал Жуков пен Коневтің арасындағы келіспеушілікке байланысты орындалмай қалды деген болжам айтылады.
А.Нақыпов екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігі үшін “1 дәрежелі Отан соғысы” орденімен, «Берлинді алғаны үшін, “Тула, Орел, Киев” қалаларын азат еткені үшін медалімен марапатталған. Бірақ Берлинді алу операциясына қатысқан еңбегі бағаланбады. Оның ерлігінің куәсі – №24 танк тұғырда ескерткіш болып тұрса да ескерілмей келеді.
1990 жылдың 22 желтоқсанына дейін мемориал-кешенді Кеңес армиясының құрметті қарауылы күзетіп келді. КСРО құлаған соң бұл нысандар Берлин қаласы әкімшілігінінің қарауына өтті. Берлин қаласының сенаты: “Мұнда Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысып, қаза тапқан Кеңес Одағының көптеген ұлтының жауынгерлері жатыр. Олар нацистік режимді жою жолынд опат болды» деп лайықты баға берді.

Күні кешелері Қызылорда қаласынан Оспанов Ғабит ағамыз телефон соғып, былай деді: “Германияда тұратын курстас досым Александр менің өтінішім бойынша өздерінен 400 км шалғай Берлин қаласындағы Тиргартенда тұрған ескерткіштерді көруге арнайы барып, фотоларын жіберді (1 бетте суретте. ред) Мына тұрған 200 және 300 санды танктер шайқас алаңындағы №24 және №26 танктер. Мен досыма үлкен алғысымды жеткіздім” деді. Енді “200” және “300” санының сырына келсек, ол былай: әскери техника тілінде экипаж түгел опат болған жағдайда “двухсотый”, ал бірлі-жарым аман қалғандар болғанда “трехсотый” деп белгіленеді. Экипаж құрамындағы бесеуден аман қалған Минамудинов пен Нақиповтың танкісі “300” деген белгімен тұр.
Осы күндері Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстан халқы Ассамблеясы “Офицерлер одағы” қоғам­дық бірлестігі ҚР Мемлекеттік музейінің ұйымдастыруы­мен өткен “Даңқы өшпес батырлар” мәдени-танымдық шарасына қаһарман атамыздың қызы Жанар Айтмамбетқызын қадірлі қонақ ретінде шақырып, “Ұлы Жеңіске-80 жыл” мерекелік медалімен марапаттағаны жөнінде қуанышты хабар келді.
Жеңіс жалауын желбіретуге жол ашып, Рейхстатқа алғаш кірген №34-маркалы танктің оқ көздеушісі Айтмахан Нақыповтың Берлинде сақтаулы тұрған танк көшірмесін ағайындары болып Жаңақорғандағы “Тағзым” алаңына орнатуға күш салды. Бұл батыр ағаның ерлігін күн сайын жерлестері жадында жаңғырта бермек.
Осы орайда, көп көкейіндегі ортақ тілек – Берлинге алғаш кірген жеңімпаз қазақ жауынгері – Айтмахан Нақыпұлына “Халық қаһарманы” атағы берілсе дейді. Батыр тұлға оған әбден лайық!

Баян ҮСЕЙІНОВА
06 мамыр 2025 ж. 199 0