Жаңа қорғау шаралары: зияткерлік меншік саласындағы заңнама жетілдірілуде

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі, ол зияткерлік меншік объектілерін қорғаудың қосымша құқықтық құралдарын енгізу арқылы зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
Аталған заң жобасы ағымдағы жылдың 23 сәуірінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші оқылымында мақұлданды.
Аталған түзетулер төрт кодекске және бес салалық заңға (Азаматтық, Қылмыстық, Кәсіпкерлік және Кеден кодекстері, Авторлық құқық және сабақтас құқықтар, Селекциялық жетістіктерді қорғау, Патент заңы, Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары, Географиялық белгілер мен тауардың шығарылған жерінің атаулары, Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы) өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді көздейді.
Енгізілетін түзетулердің негізгі бағыттары:
- Телерадио хабарларын тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау.
- Көру қабілеті нашар адамдарға арналған кітаптарға қол жеткізу.
- Тауар таңбаларын жедел тіркеу.
- Қарсылық білдіруге көбірек уақыт.
- Патенттік жүйені оңтайландыру.
- Патенттік сенім білдірілген өкілдердің мамандануы.
- Басқа біреудің тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейту.
Ұсынылып отырған өзгерістер халықаралық стандарттар мен бизнес қажеттіліктерін ескере отырып, зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға және әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған.