ЖАҢАҚОРҒАНДА ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ - ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН-АЛУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ

Жиынға аудан прокуроры, мәслихат төрағасы, кент, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары, учаскелік инспекторлар, аудан ардагерлері, ақсақалдар, әкелер, әйелдер, дін саласы мен қоғамдық ұйым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен ата-аналар комитетінің төрағалары қатысты.
Күн тәртібінде негізгі төрт мәселе қаралды.
Бірінші мәселе , «Заң мен тәртіп» қағидасының іске асырылу барысы туралы» аудандық прокуратураның аға прокуроры Берік Байсбаев, екінші мәселе бойынша «2024 жылғы тұрмыстық зорлық - зомбылық заңбұзушылықтарының алдын алу туралы» аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мұрат Жақсыбаев, үшінші мәселе бойынша, «Педагогтардың этикалық қағидаларының сақталуы туралы» аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нариман Жакудаев баяндама жасаса, төртінші мәселе бойынша «Отбасы құндылықтары туралы» тақырыбында ауданның құрметті азаматы Молдахмет Ибрагимов, «Құрмет» орденінің иегері Әзия Қыстаубаева өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Аталған мәселелер төңірегінде аудан прокуроры Дабыл Аянұлы, аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, білім саласындағы өзекті мәселелерді атап өтті.
Аудан әкімі отбасындағы тұрмыстық зорлық - зомбылық проблемасы қазіргі уақытта қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
- Өкінішке қарай, соңғы жылдары тіркелген статистикалық деректер тұрмыстық жанжалдардың кейбір жағдайларда ауыр қылмыстық әрекеттерге ұласатынын көрсетіп отыр. Бұл – тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне төнетін қатер. Жуырда Шиелі ауданында отбасы ішіндегі жанжал салдарынан қоғамда үлкен резонанс тудырған қайғылы жағдай орын алды. Бұл оқиғаның ең өкінішті тұсы – аталмыш әрекетке барған азаматтың білім саласының қызметкері екендігі. Бұл – бүкіл қоғам үшін үлкен ескерту, алаңдаушылық туғызатын жайт. Себебі, білім саласы – жас ұрпаққа тәрбие мен білім беретін, адамгершілік пен ізгілікті дарытатын аса жауапты әрі абыройлы сала. Бүгінгі маңызды жиынымыздың Руханият орталығында өтуі кездейсоқ емес. Өйткені, бұл – тек мәдени іс-шаралар ғана өтетін орын емес, сонымен бірге – жастар мен жас отбасыларға бағыт-бағдар беретін рухани тәрбие ордасы. Ардагерлер, ақсақалдар, әкелер, әйелдер, қоғамдық кеңестерінің төрағалары мен мүшелері – сіздер де бұл мәселеге бейжай қарамай, ел ішіндегі тәрбиелік мәні жоғары үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын күшейтуге атсалысуларыңыз қажет., - деді аудан әкімі.
Жиын қорытындысымен жауапты мекеме басшыларына аталған мәселелерді қатаң бақылауға алып, жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
- Бұл бағытта барлығымыз бірігіп, жүйелі, нақты жұмыс жүргізуіміз қажет. Себебі бұл тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың борышы. Осы орайда барлық мүдделі тараптардың бірлескен, үйлесімді жұмысын күтемін. Алдағы уақытта осындай кездесулер жалғасатын болады., - деді аудан басшысы.