№21 (8835) 23

23 наурыз 2025 ж.

№20 (8834) 18

18 наурыз 2025 ж.

№19 (8833) 15

15 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Бүлдіршіндер мекеніндегі мереке

Бүлдіршіндер мекеніндегі мереке


Әз Наурыз мерекесі аудан орталығындағы білім ошақтарында да мерекеленді. Наурызнаманың онкүндігіне орай түрлі шараларды жоспарлаған мектеп ұжымдары ұлттық құндылықтардың сән-салтанатымен насихатталуына жан-жақты маңыз берді.

Осындай білім ордалары қатарында аудан орта­лығындағы №286 орта мектебінің Наурыз тойына арнайы қатысып, ұстаздар мен білімгерлердің мерекелік көңіл-күйін бірге бөлістік. Ұлттық мейрамға мән дарытуды мақсат еткен мектеп басшылығы аға буын өкілдерін шақырып қонақ етіп, батасын алуды парыз санапты.
Сәрсенбенің сәтімен орайласа өткен мектептегі мерекелік шараға арнайы келіп қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы құттықтау сөзін арнады. Бүкіл түркітілдес халықтар, иісі мұсылман жұртшылығы болып қадір тұтатын Наурыз – жыл басы, қыстың қытымыр құрсауынан қысыла-қымтырыла шыққан тіршіліктің қайта бүр жарып, жаңаратын кезеңі екенін айта келе, табиғаттың ерекше кезеңіне ертеден келе жатқан құрметті қайта қалпына келтіруге мемлекеттік тұрғыда мән беріліп отырғанына тоқталды. Соның бір көрінісі, онкүндік наурызнама шарасы бекітілді. Ел болып 14 нурыздан бері амал, көрісу күні, наурыз көже сынды қасиетті үрдістерімізді үлгілі өткізуге ден қойды. Соның бірі – мерекелік шараны өте биік деңгейде өткізіп отырған ауданымыздағы тіректі мектеп – осы №286 мектептің ұжымына аудан басшылығы атынан ризашылығын білдірді.
Келесі кезекте шараға қонақ ретінде шақырылған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Құрмет» орденінің иегері Әзия Қыстаубаева, Ы. Алтынсарин медалінің иегері, ардагер-ұстаз Айсара Нәлібаевалар жас ұландарға жүрекжарды тілектерін айтты.
Мектеп директоры Ләззат Машбекқызы ұлт тарихын таразылап, келер күнннен тек жақсылық күткен халықтық кең пейілімізден қуат алуға үндейтін мерекенің маңызына тоқталды.
2023 жылдың екінші жартысында білімгерлерге есігін ашқан №286 жаңа мектептің партасына келіп отырған 300 баланың білім көрсеткіші 56 пайызды ғана құраса, қазірде мектептегі бала саны 673 оқушыға жетіп білім көрсеткіші 82 пайызды түйіндеп отыр екен.
– Оқушы білімі сапасын арттыруда білім ошағының алдыға қойып отырған міндеттері көп, – деді ол. Соның бір көрінісі, республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында көркем әдебиетті көп оқыған шәкірттер мерекеде марапатталды. Тарқатып айтсақ, «Абай жолы» роман эпопеясын оқып бітірген мектеп оқушылар қатарында «Жігіт сұлтаны» сайысының жеңімпазы Бектөре Ринат, Қыдырәлі Жігер, Әшім Әсел, Нұрлыбай Жанель, Сейтхан Кәусар, Асылхан Қарақат, Тұрлыбек Кәусар, Асылхан Қарақат, ғылыми жобалар жеңімпазы Сенбек Адиля, Махмадия Мария, Абдрахман Жасмина жыр мүшайраларының жеңімпазы Бекен Темірлан арнайы шәкіртақыға ие болды. Сол сияқты кітапхананың үздік оқырмандары – 2 а сыныбы оқушысы, Жұмабек Әлинұр, «Шәкәрім оқуларының» үздігі Айдын Тұрғанбеков, 9 сынып оқушысы Назым Юсуповаға мектеп мұғалімдері­нің демеушілігімен заманауи сәйгүлік – велосипед тапсырылды.
Қазақ ықылым заманнан жүйрік ат мінген, қыран бүркіт баптап, құмай тазы ерткен, берен мылтық, сұлу әйел, қынындағы кездігі мен қолындағы қамшысын серік еткен ерді төрт құбыласы тең санаған. Яғни бұл құндылықтарды жеті қазынаның кілтіне балап, соған қол жеткізуді мұрат тұтқан. Шарада осы көріністі бейнелеп ел алдына шыққан тұлпар мініп, иығына құс қондырып, тазы ерткен ертегідегідей топтың бейнесі кешегі күннің сұлу суретін көз алдымызда тірілткендей болды.
Мұнан әрі ортаға қара қазан қойылып, жеті түрлі дәм қосылған наурыз көжені дайындау дәстүріне кезек берілді. 3 «а» сынып оқушылары орындаған «Жеті қазына», 7 сынып оқушысы Ертас Гүлімайдың орындауында «Қазағымның дәстүрі», одан әрі мектеп домбырашылар оркестрі орындаған күйлер кеш шырайын көріктендіре түсті.
Білімгерлерге Біртұтас ұлттық бағдарлама аясында тәрбие беріп келе жатқан оқу ошағында қазақтың қол өнеріне қатты көңіл бөлінетіні байқалады. Оны жағалай қойылған көрмеден байқадық. Технология сабағында оқушылардың өздері жасап шығарған неше түрлі мүсіндер көздің жауын алады. Мектеп ауласына қазақ ауылы көшіп келгендей, ұл-қыз асқақ алтыбақанда тербелсе, енді бір жағында кілем үстінде жігіттер жағы жең түрініп, қазақша күрестен доданы қыздыра түсіпті. Садақ ату, асық ойнау, арқан тарту сынды шапшаңдықты, мергендікті шыңдайтын ұлттық ойындар көрігін қыздырған өрендердің алау жүзінен киелі бабалар дәстүрінің дәреметін танығандай болдық.
№286 тірек мектебі жыл қорытындысында «Үздік білім ордасы» атанып, 1 миллион теңге сертификатқа қол жеткізген болатын. Міне, сол қаражатқа мектеп ауласына әкеп орнатқан қазақтың қараша үйі үлкен кәдеге асып тұрған сыңайы бар екен. Кең де, келісті түндіктің төрт бұрышы да балалар игілігіне арналған. Киіз үй ішіне қойылған мектеп шеберханасынан жаңа шыққан дөңгелек жозыны айнала жайғасқан білімгерлердің кез-келген уақытта бас қосып, пайдалы іспен айналысуына таптырмайтын жай болған түрі бар. Бүгін мұнда мереке мәнін байытқан дастархан жайылып, үлкен-кіші нау­рызкөжеден дәм татты. Қазақ­тың дастарханы – құтты тілектің ұйытқысы, ынтымақтың дәнекері. Жиналғандар шынайы лебіздерін ортаға салып, көп атынан ардагер ұстаз Әбдіжолдас қария ақ батасын берді.

ДАРЫНДЫ МЕКТЕПТЕГІ КЕШ

Осы күні аудан орталығындағы «DARYN school» жеке мектебінде де әз-Наурыз үлкен деңгейде аталып өтті. Мектеп ұжымы мерекеге үлкен мән беріп, айналаны көздің жауын алардай әшекейлі оюмен безендіріп қойыпты. Ақ қанат үй тігіліпті. Отау жанынан орын тепкен бұлғын теріден тымақ киіп, белін буынған хас батырлардың сұсты тұрқы ертедегі ержүрек жауынгердің шынайы бейнесін елестетеді. Кеудеңді мақтаныш кернейтін секілді. Біз осындай халық болғанбыз дегенді білдіретін бұдан өзге қаншама көріністерге көз қанықтырып, мектеп ұжымының ұлттық мерекеге терең мән бере білген болашақ тәрбиесіндегі жауапкершілігіне тәнті болдық.
Аудандағы жеке мектептер арасында бәсі биік, педагогикалық құрамы да нақты талапқа сай іріктелген білім ошағында баланың алаңсыз оқуымен қатар жаны сүйген кез келген үйірмеге жазылуына мүмкіндік мол екеніне бұдан бұрын да көңіл қанықтырған жайымыз бар еді. Мынау соның дәлелі, балдырғандар бірінен-бірі асып, өнерлерін ортаға салып жатыр. Мектептің кішкентай домбырашылар ансамблі қос ішектен күмбірлетіп күй төгіп, періштелер мекенінің айналасын қасиетті сазға көмкерді.
Шара барысында «Тұсау кесер» рәсімі сахналанып, көпшілік бөбектің тәй-тәй басқан қадамына куә болды.
«Жаңадан ашылып жатқан білім ошағын аяқтан нық тұрғызу оңай емес. Әсіресе, жан-жақтан келген шәкірттерді бір ортаға бейімдеп, ортақ ережеге баулуда ыждағатты еңбек етіп келе жатқан ұжымның ынтымақты тірлігіне алғыстан басқа айтарым жоқ. Басты міндетіміз – білім сапасы бойынша жоғары деңгейімізді дәлелдеу. Ата-ана сеніміне сонда ғана ие бола аламыз» дейді мектептің директоры Асқар Сарекеев.
Білім ошағы орталық кітапханамен де тығыз байланыс жасап отырады. Мерекеге арнайы шақырылған кітапхана директоры Әсем Тілеубергенова бұл жөнінде терең тоқталып, талапкерлерге алғысын айтты.
Наурыз тойы әдемі ән мен әсем биге жалғасты.

Баян Үсейінова
23 наурыз 2025 ж. 96 0