№19 (8833) 15

15 наурыз 2025 ж.

№18 (8832) 8

08 наурыз 2025 ж.

№17 (8831) 4

04 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Камера: Жол ережесін бақылаудың тиімді тетігі

Камера: Жол ережесін бақылаудың тиімді тетігі


Соңғы уақытта ірі қалалармен қатар аудан орталықтарында да жол қауіпсіздігін қадағалайтын камералар орнатылуда. Нәтижесінде көшедегі транспорт қозғалысы бір жүйеге түсіп, көлік жүргізушілердің тәртіпке түскені көрер көзге байқалып тұр.


Жалпы, жол ережелерін бұзу – жол апаттарының басты себептерінің бірі. Оған жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту, қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты әрекеттер жатады. Мұндай заң бұзушылықтар­дан жүргізушінің жеке басына қауіп төнумен қатар басқа да азаматтардың қауіпсіздігіне зардабын тигізеді. «Ақылды» камералардың бұндай әрекеттерді тоқтатуға, жол қозғалысы тәртібін жақсартуға және апаттардың санын азайтуға көп септігі бар.
2024 жылы аудан бойынша 4 жол көлік оқиғасы орын алып, 1 азамат өмірден өтіп, 8 адам жарақат алған. Ал, биылғы жылдың алғашқы екі айында 2 жол көлік оқиғасы тіркеліп, бір адам өмірден өтсе, бір азамат жарақаттанған.
– Көлік жүргізушілерінің заң бұзушылығын тексеру мен қадағалауға арналған камералар біздің жұмысымызды айтарлықтай жеңілдетеді. Бұрын патрульдік қызмет кезінде жол-көлік ережесін бұзған жүргізушілерге тиісті шараларды тікелей өзіміз қолданатынбыз. Алайда, бұл түнгі уақыттарда немесе жолдың күрделі учаскеле­рінде мүмкін бола бермейді. Ал камералар тәртіп бұзушылықтарды нақты уақытымен тіркейді және бізге нақты деректер мен дәлелдерді ұсына алады, – дейді аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің патрулдік полиция тобының аға қызмет инспекторы, полиция капитаны Мейіржан Жандарбеков.
Оның айтуынша, көлік жүргізушілер камералар арқылы бақыланып отырғандықтан жол ережесін мүлтіксіз сақтауға мүдделі. Бұл өз кезегінде жолда тәртіп орнатуға септігін тигізеді. Мәселен, жылдамдықты өлшейтін камералар іске қосылғалы осы жылдың қаңтар және ақпан айында аудан бойынша жол ережесін бұзған жүргізушілерге 1784 хаттама толтырылып, 16 млн 284 мың 283 теңге айыппұл салынған. Бүгінгі таңда осы соманың 11 млн 549 мың 389 теңгесі өндірілген.
– Камералар орнатылғаннан кейін кент ішінде жол ережесін бұзушылардың саны бұрынғыға қарағанда айтарлықтай азайғанын байқадық. Мысалы, бағдаршамның қызыл түсіне өту немесе жылдамдықты асыру сияқты заң бұзушылықтар көп азайды. Бұл халықтың санасын өзгертуге және жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті полиция қызметкері.

Сондай-ақ, ақылды камералардың артықшылығы – адам факторының ықпалын азайтуда және жол ережесін бұзушыларға жедел түрде айыппұл салуға мүмкіндік беріп отыр. Әйтсе де, тәртіп сақтауда аталған технология бірден-бір шешім емес. Патрульдік полиция қызмет­керінің көлік жүргізушілері­мен түсіндіру жұмыстары да маңызды, сондықтан бұл жұмыстар камералармен қатар жүргізілуі керек.
Маманның сөзінше, орнатылған камералар заманауи технологиялармен жабдықталған. Олар жол қозғалысын үздіксіз бақылап, көлік жүргізушілердің ережелерді бұзуын автоматты түрде тіркейді. Камералар көптеген параметрлерді: жылдамдықтың артқаны, бағдаршамның қызыл түсіне өту, белгіленген жерлерде тұрақтау тәртібін бұзу және басқа да құқық бұзушылықтарды анықтайды. Заң бұзушылық тіркелген кезде камера жүйесі оның суретін немесе видеосын түсіріп, тиісті органдарға жолдайды.
– Наурыз айының 2-нен бастап камераларға айыппұлдарды автоматты түрде жолдайтын функция іске қосылды. Яғни, жүргізуші жылдамдықты межеден асырса, оның ұялы телефонына айыппұл арқалағаны жөнінде мәлімет автоматты түрде барады. Дегенмен, осындай мәліметтер мерзімінен кеш барса күшін жояды. Яғни, жүргізушінің жол ережесін бұзғаны жайындағы мәлімет оқиға болған күннен кейін жүргізушіге екі ай ішінде келмесе, ескерту хаттама күшін жояды, – дейді Мейіржан Айтбекұлы.
Хош, енді камералардың артықшылығына тоқталып кетсек. Бірінші, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеп, жол ереже­сін бұзушыларды анықтаудың дәлдігін арттырады. Екінші, қауіпсіздік артып, жол қозғалысының тәртібін бақылаудың күшеюі жолдағы тәртіпсіздікті азайтып, жол апаттарының санын төмендетуге септігін тигізеді. Үшінші, қалтаға салмақ салмайтын жүйе. Яғни, камераларда әкімшілік айыппұлдарды төлеу жүйесі де автоматты түрде іске қосылады, бұл жол қозғалысы тәртібін бұзушылардың қаржылық жауапкершілігін арттырады. Төртінші, адамдардың тәртібі реттеліп, камералардың болуы көлік жүргізушілерін жол ережелерін қатаң сақтауға мәжбүр етеді. Бұл көлік тізгіндеушілердің тәртібін жақсартуға және жол қозғалысын қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.
Иә, жол-көлік оқиғасының алдын алып, жол ережелерін қатаң сақталуын қадағалау – кез келген өңірдің негізгі мәселесінің бірі. Осы ретте, аудан көшелеріне орнатылған камералар арқылы көлік жүргізушілерінің тәртібін қадағалау, жол апаттары­ның санын азайтуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік артады. Бұл бастама аудан инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылатыны анық. Ал, оның тиімділігі болашақта өз нәтижесін көрсететіні сөзсіз.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
15 наурыз 2025 ж. 272 0