Көрісу мерекесінде көңілдерге нұр толды

13-23 наурыз аралығында еліміз бойынша халықтық мерекені тойлауға арналған «Наурызнама» онкүндігі басталды. Онкүндіктің әр күні туған халқымыздың тұғырлы мәдениеті, дәстүрлі құндылықтарына арналады. Міне, соның бір көрінісі, орталықтағы «Руханият» ғимаратының атшаптырым ауласында «Көрісу күні – Амал мерекесі» тойланды.
Көнеден келе жатқан киелі дәстүріміз – Көрісу мерекесінде жұртшылық бір-бірімен сәлемдесіп, амандық сұрасудан бөлек, рухани тұрғыда ізгілікке қадам басады. Бүгінде бұл дәстүр еліміздің өзге өңірлерінде де өзекті бола бастады. Бұл күн – тек амандасу рәсімі ғана емес, халықтың бір-бірімен бауырмалдығын арттыратын, жақындық пен татулықты нығайтатын мейрам.
Тәлімі ерек, тарихы терең үрдісті Жаңақорған жұртшылығы да асыға күтетін ұлық мерекеге айналдырды. Дәстүрлі мерекеде бас қосқан көпшілік бір-бірімен емен-жарқын аман-саулық сұрасып, көрісу рәсіміне шырай кіргізді.
«Жаңа жасың құтты болсын!», «Жылбасы жайлы болсын», «Еліміз аман, жұрт тыныш болсын» деген ізгі тілектер айтылды. Қариялар ақ батасын беріп, жастарға сәттілік тілеп мерекенің мазмұнын арттырды.
Бұл күннің тағы бір маңызды тұсы – адамдар бұрынғы реніштерді ұмытып, татуласады. Қазақта «Араздасқан ағайын татуласса – Көрісу күні» деген сөз бар. Демек, бұл күн тек мерекелік рәсім емес, адамдардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтатын, көңілдерді табыстыратын атаулы күн.
Руханият орталығының алдында тігілген қос қараша үйдің іші ұлттық ою-өрнектермен түрленіп кетіпті. Көне дәстүріміздегі қамшы ілу салтын жаңғыртқан аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері керемет көрініс жасады. Жігіт өзіне ұнаған қыздың үйіне үлкендерін жіберіп, керегесіне қамшы ілдіретін салт-дәстүрдің желісімен қойылған көрініске көпшілік таңданыстарын жасырмады.
Есіктен енген құда:
– Уа, ақсақал, бүгінгі амал мерекесі күні жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, жақсы хабарды естіген соң ел-жұрт болып шаңырағыңызға ат басын тіреген жайымыз бар. Қазақта «Ұлыс күні қазан толса, сол жылы ақ мол болар, Ұлы кісіден бата алса, олжалы жол болар» деген керемет сөз бар. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі «Көрісу» күнінен басталатыны белгілі. Бүгінгі күн Наурыз мейрамының беташары іспетті. Біз де әулетке келін түсіріп, салт-дәстүрге салтанат құрғалы келдік, – деді.
Төрге шыққан құдағи:
– Кереметі келіскен бүгінгі көрісу күнінде ата дәстүрімізді қайта жаңғыртып, болашақ келініміздің сырғасын салғалы келіп отырмыз, – деп қыздың құлағына сырға тағып, «қарғыбау салу» дәстүрін ырым етті.
Келіндеріне алқа-сырғасын салып, өз елінің адамы еткен соң құда мен құдағиға шапан, қамзол секілді киіт кигізіледі. Осылайша уәделерін шегелеп, мыңжылдық құда болуға келісіп, шеге шапан жамылған екі жақ төс қағыстырды. Мыңжылдық құдалықтың жөні осы болса керек.
Рухты ұрпақ тәрбиелейтін қазақ қашан да салт-дәстүріміз арқылы текті жерден қыз алып, өсіп өнген. Осы тұста Әбсұлтан Байкенжеевтің орындауында «Құда болып жүрейік» әні орындалды.
Қазақ аналары «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің аудандық төрайымы Раушан Назарова биылғы Наурызмананың мән-мағынасына тоқталып, аудан жұртшылығын ұлық мерекемен құттықтады.
– Еңбек пен ырыстың, ізгілік пен жақсылықтың жарқын мерекесі, Ұлыстың ұлы күні – «Наурыз»мерекесімен, бүгінгі «Амал» мерекесімен, «Көрісу» күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ардақты ағайын! – деді ақ кимешекті ана.
Данагөй халқымыз қашанда көк аспан мен қара жердің арасындағы байланысты жоққа шығармай, өзіндік жылнамасын жүргізіп отырған. Тылсым табиғаттың сырын бағамдаған бабаларымыз жыл басын Жер-ананың бусанып, тіршіліктің қайта түлейтін кезі – көктемнің алғашқы Наурыз айында атап өткен. Мұны мағынасы мазмұнды «Наурыз» әнінен аңғардық. Аудан өнерінің қос қарлығашы Кенже Әкімбаева мен Айткүл Камалованың әсем орындаулары ұлттық мейрамның мән-мағынасын аша түсті.
Жаңа форматта өтіп жатқан «Наурыз» тойында «Жақсыгүл» әжелер ансамблінің орындауындағы әсем әндер шырқалды. Ауданның өнер ұжымы әуезді әндерден шашу шашып, көрермендерге тарту етті.
– Бұл күнді мереке деп емес, сыйластық, ізеттілік, өскелең ұрпаққа өнеге қалдыру деп қараймыз. Бір-бірімізбен сағынып көрісіп, қазақы дәстүрді жаңғыртатын күн келді. Әр қазақтың үйінде ата-дәстүрін сүйіншілейтін күн көп болсын, – деді ел ағасы Ізәтілла Нәрзілдаев.
Наурыз мейрамының беташары – көрісуді жатсынуға болмайтынын білдік. Ендеше, ұлттығымызды дәріптейтін, қазақ үшін ең керекті осы мейрамның кең етек жаюына әркім атсалысуы керек-ақ. Көрісу күні, амал мерекесі құтты болсын!
Мақпал МАРҚАБАЙ