Арал тағдыры – Адам тағдыры

Биылғы жылдың қаңтар айының соңында Арал ауданында «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасы талқыланған мәжіліс өтті. Оған ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатысып, Парламент Мәжілісінің депутаты, облыс әкімінің орынбасары және жергілікті атқарушы органдардың, су шаруашылығы саласының басшылары, мамандары мен ардагерлермен бірге мәселенің мән-жайына назар аударылған-ды.
– Біз су үнемдеу, трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын әділ бөлу мәселесінде көршілес елдермен өзара түсіністікке қол жеткізіп, нақты қадам жасадық. Алдағы уақытта да осындай келіссөздерді жалғастырып, су қоймаларының деңгейін тұрақты ұстап тұруға бар күшімізді саламыз. Жоба ең алдымен өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деді аталмыш жиында Н. Нұржігітов.
«Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының 3 негізгі компоненті бар. Соның 2-еуі Қызылорда облысында тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қызметті қолдауға арналған. Табиғаттың күрделі күйге ұшырауына қатысты өзекті мәселелер бұрыннан да айтылып келеді. Қаламгер Нұрмахан Елтайдың төмендегі жазбасы Арал тақырыбын әңгімелейді.
Оған араша түскен арыстар Хрущевтің қуғынына қалай ұшырады?
Табиғатқа түбегейлі өзгеріс жасау адам баласының құзырындағы нәрсе емес, әрі ондай пендешілік әрекетті - құдырет қалай бермейді. Жаратылыстың тепе-теңдігін бұзу арқылы кейіннен орны толмас залалды бастан кешіруге талайрет тура келген адам баласына. Осы жолдарды жазып отырған қаламгердің өмірдегі аз-кем көрген-білгені, жалпы дүниелік тәжірибе осылай ой түйгізеді.
Қырық жылдан астам уақытқа сәл шегініс жасайын: 1974-жылы республикамыздың оңтүстік облыстарын құрғақшылық қысты. Таудан құлаған судың кемдігінен Сырдария өзені баяғы арынынан арылып, жуаси жылыстады. Тіпті кей жерлері қылдырықтай халге жетіп, дарияны ары-бері атпен кешіп өтуге тәуекел еткендер де кезікті. Ол кез кеңестік жүйенің жоспарлы экономикасы дәуірлеп тұрған тұс емес пе, пәленбай гектар күріш, пәленбай мөлшерде мақта егіледі деп алдын ала жоспарлап қойған партия-кеңес орындары мына жағдайдан үрейленіп, дүрмекті жиын жасап, «межелі дақыл судан қалатын болды» деп зар қақты.
Алпысыншы жылдардың орта шенінде Түркістан қаласы тұсындағы дарияның сол жағалауы - Түгіскен массивін толықтай игеру мақсатында Жаңақорған ауданы іріленіп, жеті бірдей жаңа совхоз ашылған еді. Оның ХХ1Ү- партсьезд, Келінтөбе, Түгіскен, ХХ111- партсьезд, Өзгент, Задария совхоздарына ілгеріде Өзбекстан мен Шымкент облысының (сол жылдары осылай ататалын-ды) Киров, Жетісай аудандарына сонау соғыс жылдары күштеп көшірілген қандастарымыз қайта қоныстандырылып, негізінен күріш егу науқаны өлкемізде қызу жүргізіліп жатты.
Жаз ортасы, жоспардағы егін егіліп қойған, ал су тапшы. Осыдан келіп, облыс басшылығы дарияны көрші облыс шегарасындағы Көктөбе елді мекені тұсынан бөгеп, жаңағы жеті совхозға су тарататын Түгіскен каналына көтеруге шешім қабылдапты. Іле-шала көптеген қуатты техникалар сол маңға топтастырылып, дарияны бөгеу жұмыстары шұғыл қолға алынды. Е-100 секілді шынжыр табанды тракторлары, экскваторлар, ауыр жүк көліктері, жүздеген адам күндіз -түні аянбай еңбек етті. Тоғай ағаштарынан талдырғы салынды, қаптарға топырақ толтырылып, арнаға тасталынды. Сол қап көтеріп жүргеннің бірі өзіміз едік. Қауын пысығы шамасында енді бекітілетін есік пен төрдей ғана жер қалды. Тағы оншақты «Татра» топырақ тасылса, бөгет жұмысы тиянақталып, ағын су каналмен күріштіктерге қарай сарқырайтындай көрінді. Алайда.., алапат су адамның дегеніне дес бермеді, қасиетті дария сол мезет қатты қаһарланды да, бір ай бойы тұрғызған бөгетті көзді ашып-жұмғанша шайды да кетті. Үйілген топырақтар лезде жым-жылас жоғалды, бұл жерде ешкім ештеңе істемегендей, еш әрекет болмағандай... Бұл жұмысқа жауапты лауазымды басшылар төмен қарап, етігімен жер шұқыды амалсыз. Қанша шығын кетті, ал нәтиже әлігіндей... Басшы-коммуниске бюроның алдында жауап беруге тура келеді, табиғат оныңа пысқырмайды да. Әне, жаратылыстың заңдылығы, сұрапыл күші ойын емес, мазақ етуге тіптен жол жоқ.
Бұл әңгімеміздің әлқисасы, енді негізгі өзегіне көшер болсақ; біраз жылдардан бері Арал теңізін қайта қалпына келтіру туралы жиі айтылып, бұл тұрғыда ірі жобалардың іске асырылу барысын жүйелі сөз етіп келеміз. Көзге көрінген нәтиже де аз емес, Көкарал бөгеті салынып, Кіші теңіз суға тола бастады. Алайда, толқындары аспанға шапшыған, шағаласы шаңқылдағын баяғы Арал теңізі қайтып орала ма, оралмай ма, ол бір Аллаға аян. Осыдан 4-5 жыл бұрын бір сөзінде Өзбекстан республикасының сол кездегі басшысы Ислам Каримов Арал теңізін толығымен қайта қалпына келтіруге күмәні барын мәлімдеді. Бұл әрине оларға да оңай емес, өйткені теңіздің тартылуы Қазақстан мен бірге Өзбекстанға да зор экологиялық зардаптар мен экономикалық шығындар әкелгендігі анық. Бір сәт мына мәселеге назар аударалықшы; шалқып жатқан Арал өзінен - өзі тартыла салды ма, әрине жоқ. Оған жоғарыда шетжағалай айтқанымыздай пенденің өркөкірек өзімбілерлігі, табиғатқа қарсы шыққандығы себеп болды емес пе. Бұл оқиға неден басталып еді, оны көне көздер болмаса, кейінгі толқын өкілдері біле бермеуі де мүмкін. Кезінде жер жүзін дірілдеткен Сталиннің денесін Мәскеудегі мовзолейден шығарып тастаған Хрущев деген қасқабастың қиқарлығы осы жағдайға алып келгендігі кейінгі жұрттың есіне түсе қоя ма. Білетіндер бар шығар, ал жалпы көпшілік мына нарықтың зықысымен ол жағына оншалықты мән бермеуі де мүмкін. Алдағы кезеңдерде де жаңағыдай сорақылықтарды болдырмау үшін тарих қатпарына көз салып көрген де жөн-ау.
Иә, ГенСек-тің (Генеральный Секретарь ЦК КПСС) сол бір солақай шешімі әлемнің ең шұрайлы өлкесіне орналасқан аймақ тұрғындарын өкінішке қарай, арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де әлі әлекке салып келеді...
Кең даланы тұлпарларымен желе жорта аралап, жерін өліспей-беріспей қорғаған қазақтың ержүрек ұлдары ол кезде де болған, халқы мен жер-Ананы қиянатқа қиғысы келмеген айбыны асқақ арыстарымыз Арал теңізінің тартылу зардабын алдын ала болжады. Сол жағдайды болдырмау үшін жанын шүберекке түйіп, Бас хатшыға қарсы шықты. Менің бүгінгі айтпағым сол туралы еді.
Адам жаратылысының бар ерекшелігі елден ерек саналған ел билеушілеріне де тән. Неге екенін кім білсін, тақ пен креслоға қонжиғандар өзінің алдындағы әріптесінің барша тірлігін жоққа шығарып, парақтың жаңа бетінен бастап жазғысы келеді де тұрады. Хрущев көкеңіз де қызыл партияның тізгіні қолына тиген соң, барынша жаңалықшыл болып алды емес пе. КПСС-тің жиырмасыншы сьезінде марқұм болған Сталиннің ит терісін басына «қаптаса», халықаралық жиында үстелді топлиімен сабалап, қара халыққа жүгерінің нанын жегізді. Қазақ жерінің үш ауданын Өзбекстанға «сыйлап» жіберген де сол. Тың көтеремін деген желеумен, жердің қыртысын қырнап, анан қашқан, мұнан қашқандарды қазақ жеріне қаптатқан да осы қасқаң. Елуінші жылдардың соңына қарай Никитаңыздың аңсары «Ақ алтын» деп мақта өсіруге, онан бұрынғыдан да көп мөлшерде өнім алуға ауа беріпті. Деседі. Қашанда мақтаншақ пен даңғойдың жанында жағымпазданып жел берушілері көптеп жүреді. Солардың бірі мақта өсіруді жаңа технологияға көшіруді, яғни, «механикаландыру және автоматтандыру» атты идеяларын Хрущевтің санасына сіңіре берсе керек. Әпербақан Бас хатшы шала ғалымдардың осы ұстанымын малданып, мақтадан байырғыша табиғи жолмен жоғары өнім өндіретін технолгиядан бас тартуды және өздерінше жаңалық деп қабылдаған «шаршылап ұялау әдісімен» егуді талап етті. Онымен де қоймай мақта алқабын бірнеше есеге арттыруды да қалады. Тағы бір шегініс жасауға тура келеді; Сталиннің патшалығы кезінде КСРО Ғылым Академиясының президенті, әйгілі ғалым Вавиловтың бар ғылыми еңбегін жоққа шығарып, өзінің теріс ілімін тықпалаумен қалың жұртшылықты адастырған Лысекко деген болған, соның кері сол жылдары да орын алды. Мәселен, мақтадан табиғи жолмен өнім алу барысында бұрындары гектарына 55-100 центнерге дейін өнім алуға қол жеткізілсе, кейінгі жетістік деп қабылданған «шаршылап ұялау әдісінде» гектарына 20-28 центнерден ғана өнім алынатын болды. Есесіне мақта плантациясының көлемі барынша далиып, әр гектарға жұмсалатын су көлемі еселеп артты. Мына мысалға назар аударыңыз, атап айтқанда, бұрынғы табиғи тәсілде 1 гектар мақта алқабына 3,5 мың м3 су жұмсалынса, кейінгі әдісте оның көлемі 16-20 мың м3 –қа жеткізілді. Яғни, кеткен ағын судың көлемі бірнеше есеге артты деген сөз.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары мақта дақылының көлемі Орта Азия мен Қазақстанда 3 млн. Гектарға таяу көлемді қамтыса, оны суландыру үшін Сырдария мен Амударияға қолдан бөгеттер салынып, есепсіз су бұрылды. Ең қиыны, орны толмас өкініш- осыншама мол су жер астына босқа кетіп жатты. Соның кесірінен топырақ құнарсызданды, жер сорланды. Байырғы тиімді технолгияның бұзылуы нәтижесінде диқандардың мақтамен бірге мал азығы мен бақша, көкөніс егу жұмыстары жетімсіреді. Арық жағалауларындағы бір жағы көлеңке, бір жағынан желден пана болатын тұт ағаштары азып-тозды. Олар жібек құртын өсіруге мейлінше қажет болатын-ды. Міне, нақты ғылымға бой бермеген әпербақандықтың салдары халыққа қаншама кесірін тигізді. Ең сорақысы осыншама ысырапшылдық - Арал қасіретіне әкеліп соқтырды!
Осы жағдайды алдын-ала болжаған бір топ ғалымдар көпке дейін Хрущевтің бұйрығына қарсы шығып, өз пікірінен бас тартпады. Олар - КСРО Мақта шаруашылығы министрі болған ұлты өзбек Усман Юсупов пен КСРО Мақта шаруашылығы министрлігінің Оңтүстік-Батыс өндірістігі басқармасының бастығы, ұлты қазақ Мұрат Майлыбаевтар болатын. Бас хатшы мен мақта дақылы мамандары арасындағы бір келісімге келе алмаған текетірес – КСРО Мақта шаруашылығы министрлігін таратып, оның басшысы Усман Юсуповты Өзбекстан компартиясының бірінші хатшысы лауазымына тағайындаумен бір тыныс алады. Сонымен бірге, Майлыбаев та КСРО ауыл шаруашылығы министрлігіне жылжытылады. Осылай бір тықсырып алған Хрущев Тәшкенге арнайы келіп пленум өткізеді. Сол мәжіліс барысында ол: «Коммунизмге барудың төте жолы - мақтаны жаңа техногиямен егу», деп баяғы гөй-гөйіне тағы басады. –Бұл парияның саясаты- оған ешкім қарсы келмес деп ойлаймын, – деп те бір нықтап қойса керек. Осы кезде шыдай алмаған Майлыбаев орнынан ұшып тұрып:
– Никита Сергеевич, мен Сізбен келіспеймін. Айтқан тәсіліңізге менен басқа да қарсы мамандар бар,– дейді. Мына тосын жағдайдан Хрущев абдырып қалса керек. Сасқанынан. –Бұ қалай? Дегендей жан-жағына қарайды. Сонда Өзбекстан компартиясының бірінші хатшысы Юсупов:
– Мен Майлыбаевты қолдаймын. Біз бір көзқарастың адамдарымыз. Мақта өсірудің жағдайын біз білеміз, Рақым етіп, өзгелердің пікірімен санасыңыз, – дейді қасқиып тұрып. Қаны басына шауып, түтіккен ГенСек қанша дегенмен кәрі көкжал емес пе, іле-шала жарты сағаттық үзіліс жариялайды. Уақытынан сәл кешігіп басталған ресми жиын жалғасында Никита: –Біз бұ кісілерге жоғары үкімет наградаларын тапсырмақшы едік, өздері бас тартты. Енді амалсыз жазалаймыз, – дейді де Республика басшысы Юсуповты қызметінен босатып, ең шеткі бір совхозға директорлыққа жібереді, ал Майлыбаевты мүлдем қызметсіз қалдырады. Осы жолы қарсы шыққандар қатарында ғалым-аграномдар Ештай Өзенбаев пен Бәкір Әлібаевтар да болған екен. Олардың бірі – Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті болса, екіншісі – Мақтарал совхоз техникумының директоры лауазымында еді. Ол ағаларымыз да қызметтерінен шеттетіледі. Міне, алаш арыстарының ізбасарлары осылай ел қамы, жер қамы үшін өз жеке бастарындағы игіліктерін құрбан етті. Олар дақыл технолгиясының бұзылуы мен бірге қос өзен суының ысырапқа салыну зардабының Арал теңізіне орны толмас шығын мен өкініш әкелетіндігін мұнан бұрын да нешеме рет дәлелдеді де. Алайда, құлақ асатын пенде табылмады емес пе. (Жоғарыдағы жағдайлардан бұрындары да аз-кем хабардар болсақ та, нақты кісілердің есімін, көптеген фактілерді қаламгер Зәкір Асабаев ағамыздың «Жылдар сыры» кітабынан оқып, ойымызды бекемдедік.)
Иә, сонымен Хрущевтің шикі шешімі, оның жанындағы адастырушылардың қате пікірі елге, жерге, халыққа қаншама зардап әкелді. Асып-тасыған олардың өзі де кейіннен қандай жазаға ұшырағандығына тарих куә. Өзен суының мол көлемде ысырапқа салынуына мақта алқабы мен бірге суды ынсапсыз сіміретін күріштіктердің де аз үлес қоспағандығы мәлім. Көңілімізді демдейтініміз- мақсатты шаралар барысында Арал деңгейі қайта көтеріліп келеді. Ал жүрегі адамзат деп соққан арыстарымыз қанша қуғын көрсе де, шынайы көзқарасынан таймады, шыдады. Бұрынғыдай биік лауазымға қолдары жетпесе де өз қабілеттеріне сай кешеге дейін адал қызмет жасады. Ағаларға мың алғыс, жандары екі дүниеде жамандық көрмесін дейміз.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер Одағының мүшесі