Қожакентте жаңа монша ашылды

Бүгінде ауылды дамыту, халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында жаңа нысандар көптеп бой көтеруде.
Ауылдан шыққан кәсіпкерлер тұрғылықты елді мекендердің дамуына лайықты үлес қосып, кәсіпкерлігін дамытып, тұрақты жұмыс орындарын ашуда. Соның бірі Қожакент ауылдық округіндегі "Нұрбол - И" шаруа қожалығының төрағасы, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихат депутаты Изатулла Үсенов пен оның ұлы Мейірбек Изатуллаұлы өз қаржыларына ауыл орталығынан заманауи үлгідегі спорт кешенін, 200 орынға арналған жабық футбол алаңын, мейрамхана, тіс емханасы және тағы да басқа әлеуметтік нысандарды салып, ел игілігіне пайдалануға табыстады.
Бүгін Қожакент ауылында тағы бір заманауи әлеуметтік нысан ашылып, пайдалануға берілді. Жас кәсіпкер Мейірбек Изатуллаұлы елдімекен тұрғындарының тұрмыс тіршілігіне қажетті 60 орынға арналған жаңа тазалық кешенін іске қосты.
Кешеннің ашылуына аудан әкімі Мажит Самитов, аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек, аудан ардагерлері Өмірсерік Тақырбасов, Серхожа Ыдырысов және тағы басқа зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты. Ауыл тұрғындары оңтайлы орындалған іске ризашылығын білдіріп, қариялар ақ батасын берді.
Заманауи талаптарға лайықты салынған тазалық орнында жуыну құны да ауыл жұртшылығы үшін қолжетімді.