Жастар – болашақ бастауы

Жастар ресурстық орталығы – жастардың шығармашылық, кәсіби және әлеуметтік дамуына бағытталған маңызды құрылым. Бүгінде елде жастардың білім алу, жұмыспен қамту, әлеуметтік және мәдени өмірге араласу мәселелері өзекті. Осы ретте, жастар ресурстық орталығы жастарға түрлі бағдарламалар мен жобалар арқылы қолдау көрсетіп, олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Орталықтың атқарып отырған жұмысы, оның жаңашыл бастамалары мен жастарға арналған қолдау шаралары жайында кеңінен білу мақсатында орталық басшысы Наурызбай Орынбасаровпен сұхбаттасқан едік.
– Сұхбатымызды бүгінгі жастар ресурстық орталығының басты мақсаты мен негізгі бағыттарынан бастасақ:
– Орталықтың басты мақсаты – жас буынның қоғамдағы орны мен рөлін нығайту, оларға қажетті қолдау мен мүмкіндіктер ұсыну. Сонымен қатар, жастардың жеке әлеуетін ашып, қоғамға толыққанды араласуына ықпал ету. Бүгінде орталық жастармен бірігіп олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, еңбек нарығына интеграциялауына, психологиялық және құқықтық қолдау көрсетуге бағытталған түрлі бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ, орталықтың тағы бір міндеті – жастарды қоғамдық өмірге белсенді тартып, олардың әлеуметтік мәселелерін оң шешуге ықпал жасап, қоғамдағы рөлін нығайту.
– Орталықтың өткен жылы жастармен бірігіп атқарған қандай жұмыстары бар?
– Жалпы, жаңақорғандық жастары әрқашан белсенділігімен көзге түсіп, түрлі салада өз орындарын айшықтап келеді. Өткен жылы аудан бойынша Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 133 шара өтіп, оған 4400 жас атсалысты. Сол шаралардың бірнешеуіне тоқталар болсақ, қаңтар айының басында кент, ауылдық округтің жастар ісі жөніндегі мамандарының қатысуымен кездесу ұйымдастырылып, жылдық жоспар пысықталды. Алғашқы жұмыстар ауданның ерікті жастарын тарта отырып, жалғыз басты қарт аналардың үйінің ауласын қардан тазалаудан бастау алды. Одан кейін жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында күндізгі уақытта білім ордаларында кездесулер өткізілсе, кешкілік уақытта рейдтік шаралар ұйымдастырылды. «Отбасылық цифрлық картасы» базасында NEET санатындағы жастарды өзектендіру мақсатында адресті жұмыстар ұйымдастырылып, мемлекеттік бағдарламалар аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай түрлі бағытта шаралар өткізіліп, арнайы тақырыптық бейнероликтер түсірілді. Білім бағытында «Тұлғалыққа бір қадам» атты кітап оқу бәйгесі өтіп, сайысқа 3-11 сыныптың 300-ге жуық оқушысы қатысып, жеңімпаздар анықталды. Елімізде қабылданған «Наурызнама» онкүндігі аясында «Қайырымдылық», «Шаңырақ» күндері аталып өтіліп түрлі бағытта шаралар ұйымдастырылды. Шараға келген аудан тұрғындарына ақ дастархан жайылып, спорттық шаралар ұйымдастырдық. Жыл соңына дейін осындай шараларды аудан жастарымен бірлесе отырып бірнеше жұмыстар атқардық.
– Өткен жылы «Халықаралық жастар» күніне орай ұйымдастырған шараңызды білеміз. Осыған кеңірек тоқталсаңыз...
– 12 тамыз – Халықаралық жастар күні мерекесіне орай, онкүндік жоспар әзірліп, түрлі бағытта шаралар ұйымдастырдық. Екінші тамыздан бастап 12-тамызға дейін әр күні бір шара өткіздік. Жастар күнінде ашық аспан астында «Жастармен бірге» атты OPEN AIR мерекелік кеші өтіп, әуезді әндер шырқалып, мерекелік отшашумен қорытындыланды. Мұндағы мақсат – қоғамдағы жастардың алар орны бір бөлек екенін, жастардың мемлекеттің қозғаушы күші екенін, елдің ертеңі бүгінгі жастар екенін насихаттау еді.
– Орталықтың биылғы жылға қандай жоспары бар. Негізгі басымдықты қай бағытқа арнап отырсыздар?
– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған сәйкес жылдық жоспарға бірнеше пунктер енгізіп отырмыз. Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу мақсатында кент пен ауылдық округтерді аралап, еңбек адамдарын насихаттау үшін видеоблогтар түсіруді бастап кеттік. Осыған сәйкес 15 ауылды қамтимыз деген жоспар бар. Жаз айларында таулы беткей ауылдарында жастар слеті ретінде әрі жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мақсатында семинар-тренингтар, ауылшарушылығы саласында жұмыс жасап жүрген еңбекші жастар мен өндіріс саласының мамандарымен кездесу ұйымдастырамыз. Аудандағы мектептерде жұмысшы мамандықтарды насихаттау бағытында оқушылар мен сала мамандарының кездесулері ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының 80-жылдығы, Қазақстан халықтар ассамблеясының 30-жылдығы, «12-тамыз Халықаралық жастар күні» сынды атаулы күндер ерекше аталып өтілетін болады.
– Жастардың кәсіби дамуы мен еңбек нарығына тарту үшін қандай шаралар қабылдануда?
– Биылғы жылы басымдықты NEET санатындағы жастарға беріп, олармен жұмысты күшейтетін боламыз. Олардың әрқайсысына жекелей адресті түрде аралап, тілдесіп, сол жастардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуына ықпал жасап, бұс жұмыс орындарына жәрмеңкелер ұйымдастыратын боламыз.
– Жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру үшін қандай іс-шаралар ұйымдастырылуда?
– Біздің атқарған әрбір іс-шарамыз жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру үшін жасалады. Мәселен, өткен жылы ұйымдастырылған шаралардың барлығында жастар барынша атсалысып, қоғамдағы өз орындарының өте маңызды екенін түсінді. Мысалы, жастар шығармашылығын қолдау мақсатында «Текті сөздің төресі-терме» байқауы өткізіліп, жеңімпаздар қаржылай сыйақылармен марапатталды. «25 қазан – Республика күніне» орай, салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында 100-ден аса жастың қатысуымен 5 шақырым қашықтыққа жүгіру марафоны ұйымдастырылды. «Нашақорлыққа жол жоқ» атты 1 айлық жоба аясында Жаңақорған ауданының прокуратурасы және Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен есірткі заттарының зияндылығы туралы білім ордаларында және тұрғындар көп шоғырланған орындарда түсіндіру жұмыстары, мектеп оқушылары арасында «Робо-сумо», «Жас өнертапқыштар» сайысы, вело шеру, студенттер арасында «Жайдарман ойындары» мен түнгі рейдтік жұмыстары жүргізілді. Осындай жиындардың барлығы жастардың белсенділігін арттыру мақсатында орындалады. Біздің мақсат – жастық жалынмен елдің жарқын болашағын бірге құру.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Айсұлу Алданазар