» » Біздің Қажымұқан

Біздің Қажымұқан


Жастар – болашақтың алтын діңгегі, мемлекеттің асыл тірегі. Жастарға өмірдің мәнін, қоғамдағы орнын іздеу тән. Осы ізденіс пен талпыныс нәтижесі жастарды биік белестерге бастайды. Осындай ізгі ізденіс жолына ден қойған жалынды жастар арасында Қажымұқан Мұңайтпасты айрықша атап өткен жөн.

Жаңа студия ашып, алғашқы түсірілімін сәтті аяқтаған жасты қызу жұмыс үстінде кезіктірдік. Алғашқы сұрақты «Есіміңізді кім қойды?» деп бастадық.
– Әкем қойыпты. Атамның есімі Мұңайтпас болған соң, «ұлды болсам Қажымұқан қоямын» деп мақсат еткен көрінеді. Бұл есімнің жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Атыма затым сай болуға әрқашан мән беріп келемін, – деді жас дарын.
№125 мектепте оқып жүргенде-ақ информатика саласына қызығушылығы басым болды. Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде білім алып, Аманжол Хамитұлымен бірге ұялы телефонмен қаржы табуды бастайды. Жаңа саланың тереңіне бойлап, жан-жақты зерделеп, аудан төңірегінде жоқ жобаларды жүзеге асыруға батыл қадамдар бастады. Бүгінде №51 мектепте программист болып қызмет етеді. Бұған дейін жастар ресурстық орталығында жас маман бағдарламасымен еңбек етті.
Достары Қажеке деп таныған соң, жаңа студиясын «Қажеке» деп атапты. Мұнда ауданның жас мобилографтары «JANA LIKE» подкастын жүргізуді бастады. Мақсаты аудандағы ерекше дарын иелерін көпке таныту. Бірінші қонағы – жас айтыскер Мұхамедәли Абдуллаев. Жоба жүргізушісі Аманжол Хамитұлымен әртүрлі бағытта өз белесін бағындырып жүрген жастарды халыққа насихаттамақ ниетте.

Қажымұқан Кенжебекұлын бұған дейін еріктілер жасағында көргенбіз. Еліміздің бірнеше облысын су басқан шақта Жаңарған Жаңақорған Жастары қоғамдық ұйымының белсендісі Дәулет Тұрабаевпен бірге көмекке барған еді. «Еріктілік – жүректен» демей ме? Қауіп-қатерге қарсы тұрып, қаншама ауылдарды су шаймауы үшін күндіз-түні қорған қалаған жасақта еңбек етті. Шынашақтай жас жігіттердің ерлік істеріне риза болған елдің ақ батасын беріп, «Қажымұқан Мұңайтпас деп тегіннен тегі қойылмаса керек, нағыз азаматтылық көрсетті» деп мақтап жатқан көпшіліктің ықыласына біз де марқайып қалған едік. Міне, сол жігіт аудан төңірегінде кәсіп ашып, заманға сай бренд жасап келеді.

Бәрін айтта бірін айт, әпкесі Әйгеріммен бірге «Merry.me» жобасын бастағанына біраз уақыт болды. Бүгінде жастар арасындағы тренд болып жатқан сөз салу, сырға салу, туған күн кештеріне арналған ерекше безендірулер мен фотосессиялар Қажымұқансыз өту мүмкін емес. Ағасы Дінислам да ұялы телефон жөндеу шебері болса, Сұлтан жеке кәсіпкер. Мұхаммед «Арман» мәдениет үйінде қызмет етуде. Інісі Қожахмет те той түсіріп, ірі бизнесмендердің жарнамаларын түсіріп жүр. Бір сөзбен айтқанда, бір үйдің балалары тұтас өмірін туған жердің түлеуіне арнап, жан-жақты даму жолында.
Мобилографияға деген қызығушылығы бірнеше жобалардың жүзеге асуына жол ашып, жаңашылдыққа бастауда. Нақтырақ айтсақ, Жаңақорған ауданында бұрын соңды болмаған түсірілім студиясын ашып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп отырған жастардың жігері жүрекке шуақ береді.
– Өмірімді Жаңақорғансыз елестете алмаймын. Кіндік қаным тамған киелі мекеннің көші ілгерілеуі үшін қолымыздан келгенінше қызмет етеміз. Жоба­ларымызды қолдап, жаңаруға жол ашып жатқан қолдаушыларыма алғыс айтамын, – деді жасөрен.

ТҮЙІН. «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонда болашағыңды айтамын» демей ме? Жалынды жастары Жаңақорғанның бола­шағы кемел болатына осындай тындырымды тіршілігі бар жастарды көргенде көзіміз қанығады. Жаңа идеяларды жүрексінбей жүрген алып жүрек иесіне біз де сәттілік тіледік.

Мақпал МАРҚАБАЙ


21 қаңтар 2025 ж. 183 0