Тұмаудың өршуі кезеңінде алдын алу шаралары
Тұмау немесе грипп– тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы. Аурудың қоздырғышы – ортомиксовирустар, олардың үш типі: А, В, С бар. Өте жұқпалы ауру. Тұмау вирусының сыртқы қабыршағының құрамында гемагглютицин (оны Н әрпімен белгіленеді) және нейраминидаза (N әрпімен белгіленеді) болады. Олар әр түрлі факторлардың әсерінен өзгеріп, тұмау вирусының жаңа вариантын түзуі мүмкін.
Кейде ол асқынып кетіп тыныс жолын, нерв жүйесін, қан тамырды, жүректі ауруға шалдықтырады. Тұмауды қоздыратын вирустар (микробтар) тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау тиген адам аурудың микробын жөтелгенде, түшкіргенде және қақырығы арқылы ауаға таратады. Сондай-ақ тұмау вирусы науқастың ыдысы, сүлгісі, қол орамалы, кітабы және т.б. арқылы жұғады.[1]
Таралуы
Бір мезгілде бір ауыл, өлке, тіпті бүкіл жер жүзі адамдарының жаппай ауруы мүмкін. Бір ауырған адам бір-екі жылға дейін қайтып тұмаумен ауырмайды. Тұмау салқын кезде жиі, ыстықта сирек кездеседі. Кейде адамға суық тиіп, тыныс жолының жоғарғы бөліктері қабынып, оның тұмауға ұқсауы да мүмкін. Бірақ бұл тұмау емес. Ол салқын тигенде мұрын, көмей, жұтқыншақтарды жайлайтын басқа микробтардың әрекеті. Тұмау вирусы күн сәулесіне және зарарсыздандырғыштар (хлор, қышқылдар, спирт және т.б.) әсерінен тез жойылады.
Тұмау вирустары
Грипп вирустары — екі туыстасқа бөлінетін (А және В вирустар тобы), ортомиксовирустар тұқымдастығына кіреді. А туыстыққа 14 түрлі гемагглютининдері және 10 түрлі нейраминидазалары бар вируcтар кіреді. В туысты вирустар антигендік қасиеттері жағынан табиғи штамдарға жақын. Олар жаппай ауру туғызбайды және құстар мен жануарларды зақымдамайды. Тұмау вирусы өте тез тарайды. Инфекцияны қоздырушы – тұмаумен ауырған адам. Қоздырғыштар науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде және қақырық, сондай-ақ науқас адам пайдаланған заттар, т.б. арқылы таралады. Ауалы-тамшылы жолмен түскен вирус жоғарғы тыныс жолдарының беткей жасушаларына еніп, өсіп-өнеді де мұрынның шырышты қабаттарын зақымдайды, қанға сіңіп, жалпы организмді уландыра бастайды. Аурудың жасырын кезеңі 1 – 4 күнге созылады. Тұмау кезінде науқастың денесі дел-сал болып, тамағы мен тыныс жолдары ашиды, дене қызуы көтеріліп (38 С-қа дейін), асқа тәбеті болмайды. Адам басы ауырып, бұлшық еттері сыздайды. Адамға тұмау тигеннен кейін бірнеше сағаттан соң (кейде 1 – 2 күннен кейін) мұрыннан су ағады, даусы қарлығып, жөтеледі, қақырық пайда болады, иіс сезуі нашарлап, көзі қызарады. Тұмау, әсіресе, емшек еметін сәбиді қатты әлсіретеді. Баланың танауы бітеліп, демалысы қиындайды, мазасызданып, ұйқысы бұзылады. Тұмау ересек адамдар үшін де қауіпті, ол құлаққа, тамаққа, тыныс жолдары мен өкпеге зақым келтіруі мүмкін. Тұмаудан жазылғаннан кейін ағзада иммунитет пайда болады, ол А типінен кейін 1 – 2 жылға, В типінен – 2 – 3 жылға созылады, С типінен кейін тұрақтанады. Сондықтан С типімен ауырған адамдар тұмаудың бұл түрімен қайталап ауырмайды.
Алдын алу шаралары
Тұмауға нақтылы диагноз қойып, науқасты оқшаулап, ауруханаларда не басқа тиісті мекемелерде карантин жарияланады. Тұмауға қарсы вакцина егіледі, оның ішіндегі ең тиімдісі – тазартылған вириондық вакцина. Алдын-ала организмді шынықтыратын емдер жасап, спортпен шұғылданған дұрыс.
Тұмау басталғанда дереу дәрігерге көрініп, емделсе, үш-бес күннен кейін дене қызу төмендеп, сауыға бастайды.
Тұмаудың өршуі кезеңінде келесі алдын алу шараларын ұсынамыз:
- тұмау ауруының белгілері бар адамдармен байланыста болудан аулақ болыңыз;
- адамдар көп жиналатын жерлерде болу уақытын қысқартыңыз;
- медициналық маска киіп, оны әр 3 сағат сайын ауыстыруға тырысыңыз;
- қолыңызды сабынмен үнемі жуыңыз;
- ылғалды тазалауды жүргізіңіз, үй ішіндегі ауаны жиі желдетіп, ылғалдандырыңыз.
Алдын алудың негізгі шарасы - вакцинация.
Вакцина - тұмаудың алдын алу үшін ең сенімді қорғаныс.
Тұмаудың ауыр зардаптары мен асқынуларын болдырмау үшін өзін-өзі емдеумен айналыспау керек, дереу медициналық көмекке жүгіну керек.
Ш.Айдарова,
Аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы