Аудандық прокуратура үздік деп танылды
Жыл сайын 6 желтоқсанда прокуратура қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Биыл да облыс орталығында өткен салтанатты шарада аймақтағы прокуратура қызметкерлерінің жұмысы сараланып, үздіктер марапатталды.
Биылғы жылдың қорытындысымен облыс аудандары арасында Жаңақорған ауданы прокуратурасы ең үздік деп танылды.
Осы жылы Жаңақорған аудандық прокуратурасында 117 тексеру жүргізілген. Заң бұзушылықтарға жол берген 183 тұлға түрлі жауаптылыққа тартылған. 20 мыңнан астам тұлғаның құқығы қорғалып, қадағалау актілерінің негізінде 655,2 млн теңге, оның ішінде мемлекеттік бюджетке 13,3 млн теңге өндірілген.
– Бүгінгі жеңісіміз – аудан прокуратура қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі. Қоғамда әділеттілік пен заң ережелерінің сақталуын қадағалау басты міндетіміз. Соның ішінде жергілікті жердегі маңызды мәселелерді шешуге терең мән беріп келеміз. Заң құрметтелген қоғамда ізгілік қағидалары салтанат құрады. Заңның өз дәрежесінде сақталуына бүкіл қоғам болып мүдделілілік танытуға тиіспіз, - дейді аудан прокуроры Дабыл Аянұлы.
Мемлекет басшысының еліміз бойынша жас кадрлардың әлеуетін нығайтуға міндет артқан жарқын сенімін осылайша іспен дәлелдей алған жігерлі жас жергілікті құзырлы органдармен, бастысы, ел-халықпен бірлесіп мемлекеттік меншік пен азаматтардың құқын қылмыстық қолсұғушылықтан қорғауда жоғары деңгейден таныла алды.
Заң бұзушылықтарды қадағалап қана қоймай, қоғамда тәртіп пен талап қағидаларының орнығуына ымырасыз көзқарасты ұстанып келе жатқан аудан прокуратурасы ұжымының атына соңғы кездері қарапайым жұртшылықтың алғаусыз пікірлерін арқалаған хаттардың көптеп келіп жатуы осы сөзіміздің дәлелі сынды.
Өз міндеттеріне алған қызметті мінсіз орындауда биік жауапкершілікпен жұмыс атқара білген аудандық прокуратура ұжымы алдағы жылы да осы мінберден табылатынына сендірді.
Салтанатты шарада тәртіп сақшысы қызметінде түрлі деңгейде қырағы қызметімен танылған офицерлердің аналары да құрметтелді. Жауапты қызметке жаңа қабылданған жас мамандар ант қабылдады.
Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.
Баян ҮСЕЙІНОВА