Тұлға сынақта шыңдалады
Жақында Түркістан қаласында «Арал-2024» жасылдар партияларының І саммиті өтті. Саммитке Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Маңғолия мемлекеттерінен жасылдар партиясының басшылары және қазақстандық «Байтақ» жасылдар партиясының мүшелері қатысты.
Жиында «Байтақ» жасылдар партиясының басшысы Азаматхан Әміртай партияның екі жылдығына байланысты ұйымдастырылған жиында елімізде болған төтенше жағдайлар кезінде белсенділік танытқан жастарды мерекелік төсбелгімен марапаттады. Солардың қатарында жаңақорғандық жас Аманжол Әбдіхамитұлы да бар.
Біз Аманжол бауырымызды марапатымен арнайы құттықтап, жетістіктері туралы айтып беруін өтіндк.
– Мен аудан орталығындағы №163 орта мектепті 2017 жылы бітіріп шыққан соң Алматыдағы полиграфия колледжіне оқуға түстім. Мамандығым бойынша екі жылдай жұмыс атқардым. 2020 жылы әскери борышымды өтеуге аттанып, ҰҚК-нің «Шекара» қызметінде болдым. Елге оралғаннан кейін бала жастан қызыққан кәсібіме ден қою үшін фотостудия ашып, тәжірибе жинақтай бастадым. 2023 жылы аудандық жастар ресурстық орталығы мекемесі басшылығының қолқасымен осында жұмысқа келдім. Мобилография саласын жетік меңгеруге құштарлығым кәдеге асып, аудан жастар өмірінен қүнды деректер базасын көркем бейнеде жасақтауға жанды түсірілімдерімнің архиві қалыптасып келеді.
«Жақсыны үйренуге ұмтылуда жаңашыл көзқарас маңызды. Осы тұрғыда қазір өзім еңбек етіп жатқан Жұмаділла Өскенбай атындағы «Дарынды балалар» мектебінің бастамалары көңіл қуантады. Мектеп басшысы Елдос Жұмаділла оқу ошағында цифрлық платформаның маңызына айрықша көңіл бөліп келеді. Оқу процесінен бөлек мектеп тынысының жаңаша технологиядан сырт қалмауын қадағалап қамқорлығын аямауда. Сапалы түсірілім үшін дрон аппаратын да алып берген еді, қазір құлашымыз кеңіп, бағдарымыз бекемделе түсті, – дейді ол.
Аманжол Әбдіхамитұлы сонымен қатар «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық ұйымының белсенді мүшесі. Былтырғы көктемдегі су тасқынында суға қалып әбіржіген халыққа көмек көрсетуді жоспарлап Жаңақорғаннан бірге аттанған жастар жетекшілері Дәулет Тұрабаев, Данияр Досантаевтардың жанына ерген Нұрғазы Қазақбай, Қажымұқан Мұңайтпасовтармен бірге жолға шыққан. Алдымен елден су тасқыны орын алған аймақ халқына 4 көлікке тиелген азық-түлік, әлеуметтік көмек жіберілді. Соңынан жігіттер өздері аттанған. Олар Ақтөбе облысының Қобда ауданында қарғынға қарсы тұру қимылында жергілікті тұрғындармен күш біріктіріп жарты ай сапта тұрды.
Жаңақорғанда осы аталған ұйымның «Жас толқын» еркітілер ұйымының жетекшісі Аманжолдың бар ойы, мақсаты бүгінде жиырма беске жуық топтың қатарын одан сайын арттыру. Олар аудандағы тұрмыс күйі төмен отбасыларына қамқорлық жасайды. Кенттің тазалығына да ұдайы қолұшын беріп, туған жердің көркейе түсуіне жастық жігермен еңбек етіп келеді.
Жарқын болашаққа, қоғам келешегіне жаны ашитын жастың мақсат-мұраты оның тұлғалық болмысын да айқындары анық. Бұл жігіттің бойынан қайткенде айналама көмектесе аламын деген ізгі тілектің ұшқынын тануға болады. Адам баласына бұл мінез ата-баба қанынан ауысатыны да рас болу керек. Аталары Бектас Жүсіпов кезінде «Жаңақұрылыс», «Красная звезда» кеңшарын басқарған. Ел қамын жеп өткен үлкен жүректі кісі болғанын көп аузынан естиміз. Ол кісі 1998 жылы өмірден өткен. Атасының көзін көрмесе де ол кісіні білетіндерден мағлұмат жинауға кіріскен адал ұл келер жыл атасының 100 жылдығына орай кітап шығармаққа бекініп отырғанын айтты.
Білімгерлерді заманауи трендтерге баулудың жөні бір бөлек, өзі мектеп жанындағы интернаттың тәрбиешісі ретінде әсіресе ер балалардың күн тәртібіне айрықша назар аударатынын жасырмады. Таңертең ұйқыдан оянғаннан бастап сапқа тұрғызып, алдымен жүгіртіп, содан соң 50 баланың да қолына жалау ұстап, «Менің елім», «Көк Тудың желбірегені» әндері ерекше шабытпен шырқалатынын айтты. Мұның өзі жеткіншектерді отыншылдыққа, туған жерге мақтаныш сезіміне тәрбиелейтініне сенімді.
Б.АЛАУДИНҚЫЗЫ