№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Ауылдан – олимпиадаға» жол ашылды

«Ауылдан – олимпиадаға» жол ашылды


Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Аққорған ауылдық округінде заманауи спорт кешені ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Қызылордалық мердігер компания «Нұрталап» ЖШС жүргізген құрылыс нысанына облыстық бюджеттен 342 млн. 680 мың теңге игерілген. Еңселі ғимарат Түгіскеннің төрінде орналасқан. Сәулеті мен дәулеті асқан аудандағы екінші спорттық нысанның бұл ауылдан ашылуының да себептері бар. Өйткені, Белбеу мен самбо күресінен Сыр елінің намысын қорғап жүрген спорт саңлақтары осы елдімекенде тұрады. Бір ғана, Мереке Құдайбергенова мен Меруерт Әбубәкір ауылда шынығып, Әлем мен Азия чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Міне, осындай жарқын спорт жұлдыздарын мақтан ететін аққорғандық ағайын ендігі кезекте ұл-қыздарының жаңа ғимаратта жаттығатынына өте қуанышты. Қауым елдің қуанышына ортақтасуға келген өңір басшысы жастарды салауатты өмір салтын серік етіп, спортпен белсенді шұғылдануға шақырды.
– Мемлекет межесі – озық отыз өркениетті елдің қатарына ену. Әрине, ол үшін тек экономика емес, әрбір азамат бәсекеге қабілетті болуы қажет. Бұл бағытта мемлекеттің қолдауы айрықша. Бүгін міне, 140 орындық балабақша мен спорттық сауықтыру кешенін ашсақ, аз уақытта жаңа білім ордасы пайдалануға беріледі. Яғни, бір ғана Түгіскеннің өзінде 2 млрд. теңгеге жуық қаржыға 3 әлеуметтік нысан бой көтерді. Осыдан-ақ тәуелсіз елдің экономикасының артқанын байқауға болады. Сондықтан да егеменді елдің болашағы баянды болуы үшін жақсы ұрпақ тәрбиелеу керек. Білімді де білекті жастардың саны артса, бағындырар белесі көп болмақ. Бұдан әрі де ауылдың өсіп-өркендеуіне мемлекеттің қолдауы толастамақ емес. Заманауи үлгідегі спорт кешенінде келешекте Сыр елінің ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын желбірететін жігері мықты жас өрендер шықсын, – деді облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы.
Спорттың қай түрі болмасын, өзіндік машақаты мен маңдай тері жетіп артылады. Байрақты бәсекеде биік белестен көрінудің артында байыпты жаттығу мен жағдайы жасалынған спорттық нысан тұрады. Осы тұста, атшаптырым аумақты алып жатқан спорт кешенінің ауыл ортасынан бой көтергеніне елдің атынан спорт ардагері Нұрбек Палымбетов алғысын жеткізді. Заманында бозкілем төрінде бір минуттан артық күреспеген спорт ардагері бүгінгі таңдағы мемлекеттің қолдауына дән риза екенін тілге тиек етті.
– 1983 жылы спорт мектебі ашылған кезде ауылдық клубтың төбесіне «Ауылдан – Олимпиадаға» деген ұранды жаздыртып қойған едім. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Нәтиже жақсы. Түгіскеннен шыққан спорт саңлақтары әуелі облысты, кейін республиканы, соңыра Азия мен Әлемді бағындырып, Қазақстанның көк туын шетелде желбіретті. Ендігі меже – олимпаиада. Оған мүмкіндікте жоқ емес. Өйткені, біз бүгін заманауи үлгідегі қос қабатты спорттық сауықтыру кешенінің куәсі болудамыз. Сәтін салса, аққорғандық спортшылардың алар асуы мен бағындырар белесі әлі алда деп білеміз. Ауылдағы ағайынның атынан аймақ басшысына айтар алғысымыз зор, – деді Нұрбек Нұртайұлы.
Ақсақалдың ақжарма лебізінен соң, заман талабына сай салынған спорттық нысанның лентасы қиылып, өңір басшысы ішкі мүмкіндіктерімен танысты. Кең сарайдай денешынықтыру кешені соңғы үлгідегі спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бірінші қабатында волейбол, гандбол, күрес түрлерімен шынығуға мүмкіндік қарастырылса, екінші қабатта көрермендерге жайлы 160 орындық пен бокс залында ринг орнатылған. Қос-қостан киім ауыстыратын бөлме мен сусебізгісі қолжетімді бола түскен. Салқын су мен ыстық суы спортшылар үшін тазалықтың кепілі. Бұған дейін қабырғалары қаусап, едені ескірген спорт мектебінде шыныққан спортшылардың қуанышында шек жоқ. Енді бұл еңселі нысанға ауылдағы №8 «Жаңақорған ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» орналасатын болады. Аталмыш спорт мектептің директоры, халықаралық дәрежедегі төреші Әбдісаттар Садықов аққорғандық балуандардың бүгінгі күнге дейін бағындырған белесін тарқата айтып берді. Оның айтуынша, 2004 жылдан жұмысын бастаған спорт мектебінде қазірге дейін 20 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 4 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 286 спорт шеберіне кандидат, 104 І-разрядты спортшылар шыққан. Оған қоса, 8 әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегері, 12 Азия чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегері Сыр елінің намысын шетелде асқақтатқан. Сондай-ақ бүгінгі таңда спорт мектепте спорттың 10 түрінен яғни, волейбол, гандбол, қазақ күресі, дзю-до, самбо, белбеу, еркін күресі, таэеквандо, ауыр атлетика, футболдан жасақталған 60 топта 824 бала шынығуда екен. Мұның барлығы да келешек чемпиондар.
Иә, белбеу мен самбо күресінен облыс намысын қорғап жүрген түгіскендік спорт тарландары заманауи үлгідегі денешынықтыру-сауықтыру кешеніне толыққанды көшкеннен кейін, бұдан да биік белестерді бағындырары айқын. Ең бастысы – ауыл баласының алаңсыз жаттыуғына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілді.

Әбдісамат ӘБДІШ.

29 мамыр 2018 ж. 1 216 0