Соңғы жаңалықтар

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 48

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Арманының ақ құсын аялаған

Арманының ақ құсын аялаған


25 қазан – Республика күні аясында Астана қаласындағы «Руханият» мекемесі баспасөз қызметінің жетекшісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Айжан Серікқызы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» мемлекеттік наградасымен марапатталды.


Мехнаты ауыр, бірақ мұрат-мақсаты адамзаттық ортақ ой-тілекті жалаулатып жарқын болашақтың жаршысы болудан жаңылмаған журналистика саласы жауынгерлерінің әрбірі осы құрметке лайық. Бұдан отыз жыл бұрын сүйікті кәсібінің адал нанын жеу нәсіп болған ару одан бері өмірдің неше өткелегінен өткен маңдай терінің өтеуіне бүгін қауышып отыр.
Айжан бала жасынан журналист болам деген арманның жетегінде КазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны бітірген соң, яғни 1995 жылы мамандығы бойынша КазТАГ-қа жұмысқа орналасқан. Ол кезде республика бойынша бүкіл телеарна, радиоақпарат, мерзімді басылымдар кеңістігін сүзгіден өткізілген соңғы жаңалықтар ағынымен қамтамасыз етуде бұл орталықтың жұмысы өте маңызды еді.
Алғаш еңбек жолын бастаған ұжым – Қазақ ақпарат агенттігінің төл хабарлар дайындау бөліміне өзінен бұрын қызметке келген жеті бірдей қыз баланың шыдас бермей жұмысты тастап кеткені туралы естіп қаймыққанымен, намысқа тырысып барынша төзіп бақты. Тіпті кәсібін бес саусақтай игеріп, анау-мынау жігіттерді басып озды. Аға редакторлық қызмет атқарған бес жылдан соң бөлім бастығы лауазымына ұсынылды. Бірақ осы сәтте өмірлік серігі, әскери сала қызметкері Ерболдың Сарыағаш ауданына жұмысқа жіберілуі Айжанның карьерасына кедергі боп жалындап тұрған жас маманның жігерін кәдімгідей құм қылды. Бірақ алдыңғы шепке ақылды шығара білген адам жүрек әміріне құлақ аса біледі екен. Отбасы мәселесін бәрінен биік қойып, ерінің етегінен ұстап елге келгенімен аудандық газеттің өзінен орын тимей қиналды. Лаж жоқ, жоғары оқу орнына мұғалімдікке құжат тапсырып, оны бітіріп алған соң мектепке қазақ тілі, әдебиетінің оқытушысы болып орналасты. Білім ордасында еңбек еткен жиырма екі жылында ұжымдағы маңдайалды мұғалім бола білді. Жүйелі ізденісінің нәтижесінде жоғары санатқа қол жеткізді. Бірақ жүрек түкпіріндегі арманын үкілеп, Сарыағаш ауданында телеарна ашылған кезде қосымша жұмысқа тұрып, «Сәт» телехабарын жүргізіп отыруы жанына жарық себезгілегендей болды. Соның қабатында «Сарыағаш ақпарат», «Шапағат» газеттерінің тілшісі болып, ұдайы мақалалары жарияланып тұрды.
Бұл жылдары жары Ерболдың да айы оңынан туып, қызметте жоғарылап, әскери шені полковникке дейін көтерілді. Ерінің шенінеа әр жұлдыз тағылғанында басшылары осы үшін офицердің адал жарына алғыстарын жаудыратын, «бұл ақиқатында Айжанның иығында тұратын жұлдыз» деп мұны әспеттеп қоюды әсте ұмытқан емес.
2022 жылдан бастап отбасы Астана қаласына қоныс аударып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық республикалық қоғамдық бірлестігінде баспасөз хатшысы қызметін атқарды. Ал бүгінгі таңда Айжан Серікқызы «Руханият» мекемесінің баспасөз қызметіне жетекшілік жасайды.
Төл мамандығына адалдығынан танбаған ару оқырманға күнделікті ақпараттарды жүйелі жеткізіп отырумен қатар жеке шығармашылық жұмысына кең өріс ашылғанына қуанулы. Ел астанасын мекендеген өзге ұлт өкілдеріне және қала тұрғындарына қазақ тілін оқытуда, тыңдаушылардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыруда, әдеби тілде ауызекі сөйлеу тіліндегі дағдыларды үйрету барысында да жанашырлықпен жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарымыздың бай мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, салт-дәстүрлерді насихаттау мақсатында атқарып жатқан іс-шаралары, арнайы жобалары арқылы көп жүрегінен орын алып жүр.
Жерлесімізді марапатымен құттықтап, журналистикаға келу себебі туралы айтып беруін өтінген едік.
– Менің жазу қабілетімнің шыңдалуына соғыс және еңбек ардагері атам Абыдынның көп ықпалы бар, – дейді ол. Жетінші сыныпта оқып жүргенімде атамнан интервью алып, «Қазақстан пионері» газетіне жолдағанмын. Сол мақалам шыққанда атам қатты қуанды. Ол кісінің өзі ұстаз болған. Жалпы Мұсабаевтар отбасын «Ұстаздар династиясы» деуге болады. Әкем Серік, әкемнен өрген перзенттерінен төртеуіміз ұстаздықты меңгеріппіз.
«Ата көрген оқ жонар» деген текке айтылмаған, атамыз Абыдынның басқан ізі жасыл баққа айналатын «Ауылдың Мичурині» атанған екен. Сол үлгіні қазір әкем жалғап келеді. Үйінің айналасы ғана емес, туған өлкенің бар өңірі жасыл өлкеге көмкеріліп, айнадай тазалық салтанат құрса дегенді армандайтын әкемнің талабы бізге де таудай аманат жүктейді. Ондай жандар сыртқы дүниенің сұлулығын ғана емес, жан дүниенің тазалығына да аса сыншыл келеді. Сондықтан бала кезден жанымызға зәредей жалғандықты жолатпауға тырыстық, – дейді замандасымыз.
Кеше, Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қолынан марапат алған перзентінің қуанышты сәтін бөлісуге барып, бірінші қатарда отырған әкесінің тау тұлғасына ешнәрсені теңгере алмағанын айтты Айжан. Үнемі солай. Өмірде қандай мақсатты алдыға қойса да, қандай жетістікке қол жеткізсе-дағы тілекшісі болып әкесі жетеді алдымен. Сондықтан сала майталманының бүгінгі жеткен биігі үшін алдымен ата-анасына алғысы шексіз.

Баян Үсейінова
02 қараша 2024 ж. 300 0