№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кітапханашы – қоғамның ұстазы

Кітапханашы – қоғамның ұстазы


Саланың жілігін шағып майын ішкен, тәжірибесі мол болмыс-бітімімен дараланып тұратын тұлғалар болады. Солардың қатарында А.Сопыбеков атындағы кітапхана директоры Әсемкүл Тілеубергенованың есімі айрықша. Кітапханашылар күні мерекесі қарсаңында Алматы қаласында өткен салтанатты жиында ол кітапхана ісі саласына қосқан үлесі үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның «Құрмет» граматасына ие болған еді. Еңбегі елеңген жерлесімізді арнайы құттықтап барып, алдағы жұмыс жоспарларымен таныстық.


– Кітапхана саласына қалай келдіңіз?
– Ең алғаш еңбек жолымды Түгіскен ауылында №209 орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастағанмын. Одан кейін, №163 орта мектебіне ауысып, қоғамдық жұмыстарда бой көрсете бастадым. Аудандық білім бөлімінің «Пионерлер үйінің» директоры, бірнеше мектептерде тәрбие ісі жөнінде орынбасар қызметтерінде атқардым. 2005-2017 жылдары аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы болдым. Сондай-ақ, 2021 жылы аудандық мәслихат депутаты атандым. Міне, осындай тәжірибелер мені орталық кітапхана басшылығына жоғарылатқан еді. Кітапхана саласына келуім де кездейсоқ емес. Бұл жүректің қалауы дер едім. Бұл қасиетті шаңырақта жаңа қырым ашылып, жаңа бағытта жұмыс атқарып келемін.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының кітапхана саласына деген көзқарасы біздің жұмысымыздың жүйеленуіне ықпал етіп отыр десек артық болмас. Ұлттық құрылтайда Президентіміз: «Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу» деген болатын. Міне, осы бағытта нақты іске көшіп, елімізде кітапхана қызметі тәулік бойы жүзеге асуда. «Түнгі кітапханада» деген айдармен жыл бойы іс-шаралар атқарылып келеді.
– Жұмыс уақыты ұзарған сайын жауапкершілік те ұлғаяды. Кітапхана ұжымы мұны қалай еңсеруде?
– Біздің кітапханашылардың бәрі де кәсіби мамандар екенін айтып өткен жөн. Оқырманға қажет туындыларды тауып беріп, жаны жадау кісіге кітап арқылы көмек қолын созатын, адам жанын емдеуші «сөз-дәрігер» бола білетін ардақты мамандықтың иесі деуге болады. Оқырманмен сырласып, кітап кейіпкерін талдап-талқылап, жақсы образды жұртшылыққа үлгі ете білген шынайы мамандық иесіне құрмет те ерекше. Екі ауысымда атқарылып жатқан жұмыстардың басы-қасында жүргендіктен әрбір кітапханашылардың еңбегін биік бағалаймын.
– Қазіргі қоғамда кітапхананың рөлі қандай?
– «Адамды адам еткен кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген сөздің астарында терең мән-мағына бар. Казір кітапхананың сипаты да, қызметі де бұрынғыдан әлдеқайда ауқымды, байырғы түсінікке сыймайтын өлшемдер пайда болған. Кітапхана бір-біріне байланысты, бірінсіз бірі өмір сүре алмайтын үш құрамдас бөліктен тұрады. Біріншісі – кітап сақтайтын және кітап оқитын орын, екіншісі – кітапханашы, үшіншісі – кітап қоры. Осы үшеуінің бірлігі – кітапхана. Алайда осы құрылымдардың ішкі байланысы, мазмұны мүлде өзгерген. Сондықтан бүгінгі кітапхана келбеті жаңарған. Ал, болашақта кітапхана өрісі мүлде басқаша болатыны анық. Заманға сай дамыған кітапхана қалыптастыруға еңбектеніп жатқан жайымыз бар. «Электронды кітапхана», «Онлайн кітап» жүйелері іске қосылғалы қашан. Өңірде жарық көрген кітап, газет, журналдардың электронды нұсқаларын да халық назарына ұсынып келеміз.
Оқырмандардың жас ерекшелігіне қарай кітап таңдауын, оқыған кітабы туралы мазмұнын көпшілік алдында еркін мәдениетті тілмен жеткізуін талап етеміз. «Баланың тілі – бал» демекші, өзінің сәби түсінігімен кітап мазмұнын жеткізетін кітаптың сурет, иллюстрациясын таңдайтын оқырманымыз да көп. Көптеген оқушылардың дарыны мен қабілетін ашып, олардың болашағына бағыт бере алдық деп ойлаймыз. Жас оқырманға А.Құнанбаевтың, Ж.Жабаевтың, М.Мақатаевтың, М.Шахановтың, Қ.Аманжоловтың, О.Бөкейдің, т.б. ақын-жазушылардың шығармаларын жаттап өсуіне жол ашып келеміз. Жазба ақындардың легі қалыптасып, рухани шараларда танылып жүр.
– Бүгінде елімізде кітапхана ісінің көкжиегі едәуір кеңейіп келеді. «Бір ел – бір кітап», тағы басқа бірнеше жобалар нәтижесін беріп келе жатқандай. Сіздіңше, қазіргі оқырман өрісі қандай?
– Қазақ оқырманы – таңдап, талғап, сын айта алатын, кітапқа айрықша мән беріп оқитын, оқыған кітабынан алған әсерін жазып алатын сауатты, көзі ашық, көңілі ояу, зейінді, зиялы қауым дер едім. Қазіргі кезде кітап оқу клубтары әлеуметтік желіде көп. Біз “Әлем book” жобасы аясында кітап оқудың жаңа үрдісін қалыптастырып келеміз. Аудиокітаптарды оқуда құлаққапты құлағыңа салып тыңдап жүріп, үй шаруасын жасай бересің. Сондықтан кітап оқуды мақсат еткен адам амалын табады. Подкасттарды көріп, жастар кіаптарды талқылағанда көңіліміз толады. Шындап келгенде, мені өсірген, мені есейткен, мені оқытқан – ойлы оқырман, қарапайым халықтың сұранысы, жас балалардың ізденісі. Сондықтан аудан төңірегінде кітап оқырмандарының клубын ашып, әр ай сайын бір кітапты талқыға салып келеміз. Тағылым мен тәрбиеге толы тағдырлардың тартысында әркім сан сауалға жауап тауып, рухани кемелденуге жол ашылары кәміл.
– Оқырман көбейту, кітап оқу, кітапхана ісін жүйелеу елімізде қалай жүзеге асып келеді? Өзіңіз қандай да бір жоба-жоспар жасап, қолданысқа енгізіп көрдіңіз бе?
– Көп жылғы тәжірибемді қолданып, кітапханаға жаңа дизайн жасап, жаңа жобаларды қолға алдым. Өскелең жас ұрпаққа жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын оқуға, туған жердің тарихын зерттеуге жол ашатын «Өз өлкеңді тани біл!» жобасы аясында ауылдан шыққан кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, Желтоқсан оқиғасының куәгерлері, жас қоғам белсенділерімен қонақжай бенефис, сұхбат кештер ұйымдастырылып келеді. Осы жоба бойынша ҮІІ- ХІІ ғасырлардағы қаланың орны «Сығанақтың» ашық аспан астындағы мұражайына саяхаттар өткізіп, археологиялық зерттеулер мен қазба жұмыстары туралы ақпараттар, «Домбыра төбе» туралы мәліметтер берілді. Жобаны іске асыру барысында кітапхана оқырмандарымен «Туған жердің тарландары» атты әдеби-сазды кеш, «Ауыл – еңбек мен берекенің ошағы» тақырыбында еңбек ардагерлерімен өнеге саға­ты, «Мен өз елімнің патриотымын» акциясы, «Жас ұрпақ – тәуелсіз елдің ертеңі» атты жас қоғам белсенділерімен кездесу кештер жүзеге асуда.
– Мереке қарсаңында алған лайықты марапатыңыз құтты болсын. Алдағы жоспарыңыз қалай?
– Кітапхана – кітап сақтайтын орын ғана емес, сонымен қатар мәдени-ағартушылық мекеме. «Кітапхана тірі болса – халық та тірі, ол өлсе – біздің өткеніміз бен болашағымыз да өледі» дейді Лихачев. Жастардың кітапты, кітапханашыны құрметтеп, абыройын аспандатып жатқаны, ақын-жазушыларымыздың шығармаларын оқуға ден қойғаны тек қана қуанарлық жағдай, сондықтан болса керек, адамдарға рухани азық сыйлаған кітапханашылардың еңбегін бағалаған, насихаттаған еліміздегі елеулі мерекеде марапат биігінен көрінгенімізге қуандық. Бұл барша кітапханашылардың ортақ мерейі!
– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

Мақпал МАРҚАБАЙ

25 қазан 2024 ж. 191 0