№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Егемендік – қасиетті ұғым

Егемендік – қасиетті ұғым


Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап кеңес империясының іргесі сөгіле бастағаны шындық. Бұған ел ішіндегі озық ойлы сананың өсіп-жетілуі де себеп болды дей аламыз. Аумағы үлкен, жер қойнауы қазынаға толы, әлеуетті ел болу мүмкіндігі зор қазақтың титімдей мәселені өздігінше шешуге дәрменсіздігі, тіл, діл мәселесін былай қойғанда алыс бір ауылда қазығы қадалатын құрылыс үшін жоғарыға Мәскеуге жалтақтап, басы бүтін үстем билікке тәуелділікте болуы талайдың төзімін сарқып, жарастығы кеміген қарым-қатынасты жар қабағына жақындата түсті. Оның үстіне сексен алтыншы жылғы желтоқсан оқиғасы үстемшіл империяның шынайы бет-бейнесін айқындап, бір ғана қазақ ұлты емес, одақтың құрамындағы он бес бауырлас республика халқының мызғымас достығына таңба салып, берік сенімді ыдырата түскені айдан-анық еді.


Дербес мемлекет болсақ өз көшімізді өзіміз қолға алып, ұлттық құндылықтармызға ие болу бір басқа, республика қарауындағы табиғи ресурстардың барлығы өз меншігімізге өтіп, өздігімізше даму, алға жылжу әлеуетімізді нықтай аламыз. Осы мақсатты көздей отырып, Салық Зиманов бастаған қоғам қайраткерлері, ғалымдар, халық депутаттарының ықпалымен Мемлекеттің егемендігі туралы декларация қабылданды.
Тарихта тәуелсіздікті қантөгіссіз алған мемлекеттер көп емес. Солардың қатарында Қазақстанның болуы елдігімізге, мызғымас мемлекеттігімізге кепілдік береді.
Елдігіміздің түпқазығы болған Мемлекеттік егемендік туралы декларация 1993 жылы тұңғыш Ата заңымыздың қабылдануына негіз болды. Ұлттың тынысын ашты.
Қай халық, қай ел болсын, оның ең басты арманы – тәуелсіздікке жету. Қазір жер бетінде ұлтарақтай меншігі жоқ, егемендікке зар қанша халық бар. Міне, солармен салыстырғанда қазақтың маңдайының бес елі бағы бар деп сеніммен айта аламыз.
2022 жылы ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Мемлекет басшысы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін беру туралы айта келе, «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» деген болатын. Одан әрі Президент алқалы жиында «Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағынаны береді. Бір сөзбен айтқанда, өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса мемлекет те болмайды» деп пайымдады.
Адам ақыл-ойының жетістігі мен күш-қай­ратына негізделген кез келген еңбек тұтас еліміздің табысты болуына жол ашады. Мемлекет басшысының адал еңбекті жоғары қойып, ең­бек адамдарын бағалап, құрметтеуді биік қою принципінің астарында осындай мән жатыр.
Сөз жоқ, біз мемлекеттігімізді бекемдедік, тәуелсіз елдің шаңырағын көтердік. Шекара­мызды шегендедік. Басқа елдермен қарым-қатынасымызды жақсарттық. Халықаралық дең­гейде БҰҰ-дан бастап үлкен ұйымдардың толыққанды мүшесі болдық. Бұл – ғасырлар бойы аңсаған, кешегі ел үшін, жер үшін, қазақ үшін жанын құрбан еткен ата-бабамыздың, бүгінгі зиялы қауым өкілдерінің арманы.

Баян ҮСЕЙІНОВА
25 қазан 2024 ж. 223 0