№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Дені сау ана – саламатты қоғам кепілі

Дені сау ана – саламатты қоғам кепілі


Ананың саулығы қоғамның саулығымен пара-пар. Өйткені, дені сау анадан дені сау сәби дүниеге келеді.Осы орайда, ауданымыздағы әйел-аналар саулығының сақшысына айналған дәрігер Жанар Тұрғанәліқызымен тілдесуді жөн көрдік.


Ата-ананың үкілеген үмітін ақтап, Астана қаласындағы медициналық университетті үздік тә­мамдаған жас маман дипломын қолына алысымен, туған өлкеге қызмет жасауға асығады. Алғашқы еңбек жолында «Жаңақорған шипажайында» дәрігер-гинеколог болып орналасып, тәжірибесін шыңдады. Елдің түпкір-түкпірінен келген емделушілерге 10 жылға жуық абыройлы қызмет көрсетті. Одан әрі «Орда Сығанақ» шипажайында бас дәрігер, ал қазір­де жаңадан заманауи үлгіде ашылған «Жан-Арай» шипажайында еңбек етіп келеді.
Білікті маман болумен қатар жанұяда үлгілі келін, асыл жар, ардақты ана абыройын иемденген Жанар Тұрғанәліқызы аудан халқының сұранысына орай үйінен қосымша жеке кабинет ашып, көпшіліктің алғысын арқалап жүр.
– Нәзікжандылармен тікелей жұмыс жасай жүріп байқағаным, әйелдердің өзін соңғы орынға қоятыны. Ананың бүкіл уайымы қашан да өзінен бұрын отбасы мен бала-шағасына ауып, өздерін ұмытып кетеді. Ал, отбасы бақытты болуы үшін ең бірінші ананың дені сау болуы керектігін қаперден шығармау керек. Дені сау әйел ғана сау баланы дүниеге әкеліп, жеткілікті күтім жасай алады. Бастапқы кезеңінде аса байқала қоймайтын гинекологиялық аурулардың қатерлігі осында. Сондықтан, нәзікжандылар денсаулық сақтау саласы маманының шақыруын күтпей, кем дегенде жылына екі рет дәрігер тексерісінен өтіп тұруды әдетке айналдырғаны жөн. Мен алдыма келген әрбір жанға осыны айтудан жалыққан емеспін, - дейді Жанар Тұрғанәліқызы.
Дәрігердің айтуынша, бүгінде қыз-келіншектер арасында гинекологиялық аурулар өршіп кеткен. Мәселен, қазір әйелдердің денсаулығына зиянын тигізетін аурулардың ең жиі кездесетіні – жатыр мойны эрозиясы, кольпит және аднексит, эндометрит, эндометриоз. Жатыр мойны эрозиясы диагнозы қойылған көп әйел әуелгіде сенбей жатады. Оның себебі, бұл аурудың белгілері әйелді көбіне мазаламайды. Ал бұл ауруды емдемесе, соңы қатерлі ісікке айналу қаупі бар. Кольпит көбіне антибиотиктерді дұрыс қабылдамаудың, жеке бас гигиенасын сақтамаудың нәтижесінде пайда болады. Аднексит – аналық безі мен жатыр түтігінің қабынуымен сипатталатын ауру. Бұл ауруды да кольпиттің пайда болуына себеп болған микроорганизмдер тудырады. Сондай-ақ, жатырішілік миомаға шалдыққандар да қазір жиі кездесіп жүр. Жалпы, миома – әйел ағзасындағы түрлі гормонды өзгерістердің салдарынан пайда болады. Әйелдерге емнің түрі жеке тағайындалады. Сонымен қоса, қазіргі таңда медицина қызметкері емес адамдардың әртүр­лі суппозиторий, свечаларды жарнамалап ұсынып жатқаны өте қауіпті деп білемін. Қыз-келіншектерге қарабайыр жарнамалаудың құрбаны болмағаны дұрыс деп айтар едім.
– Қазір әйелдер арасында қандай ауру түрлері жиі кездесіп отыр?
– Менің алдыма көп ретте жатыр мойнының эрозиясына шалдыққан және бедеулікпен қыз-келіншектер келеді. Жатыр мойны эрозиясы кезінде қандай да бір ауырсыну болмауы әбден мүмкін. Дегенмен, аурудың белгілері кейін байқалады. Жатыр мойын эрозиясына бей-жай қарауға болмайды. Себебі оның соңы жазылмас дертке соқтыруы мүмкін. Жатыр мойнының эрозиясы тек бала босанған әйелдерде ғана болады деген қате ұғым. Жаңа тұрмысқа шыққан жас келіншектер де жылына кем дегенде 1 рет гинеколог – дәрігерге көрінуі керек. Жалпы, аурудың бұл түрі емделеді. Қазір медицинада түрлі әдіспен емдеп жатырмыз.
Аналарға жатырдағы ауырсынудың неге бай­қалмайтынын қарапайым тілмен түсіндірейін. Мәселен бастағы шаштың жаны бар, өседі. Бірақ біз шашты қиғанда ол ауырмайды, себебі шашта нерв жүйесі жоқ. Жатыр мойны да сондай, ауырсынуды сезбейді. Сол себепті әр әйел өз денсаулығына салғырт қарамай тексеруден өтуі керек. Дәрігер қаралуынан өту, түрлі індеттің алдын алудың жалғыз жолы.
– Бүгінде әлемді алаңдатып отырған адам папиллома вирусына қарсы екпе жайында не айтасыз?
– Екпе – кез-келген індеттің алдын алудың жалғыз жолы. Осыдан 10 жыл бұрын біз студент кезде бұл екпе түрі Европада өте танымал болды. Европа тұрғындары екпені ақылы түрде өз еркімен салдырады. Ол жақта бұл екпені егу ертерек басталып кеткен. Бізге енді келіп жатыр. Екпені алу маңызды. Екпені алған адамның ағзасында індетке қарсы тұратын иммунитет қалптасады. Адам папиллома вирусының түрі өте көп. Соның ішінде жатыр мойны рагын туғызатын ВПЧ 16,18 деген онкомаркерлары. Статистикаға сүйенсек, қазір біздің мемлекетте 2023 жылғы дерек бойынша жыл сайын 1800 әйел тіркеліп, 600 әйел көз жұмады екен. Осындай жантүршігерлік статистика Дүниежүзі­лік Денсаулық Сақтау ұйымының осы сырқат бойын­ша емдеу жүйесіне өзгеріс қажеттілігін туындатты. Екпе алу арқылы осындай көрсеткішті азайтамыз, нәзікжандылардың денсаулығына араша түсеміз деген үміт басым.
– Соңғы уақытта бедеулік өзекті мәселеге айналып, талай шаңырақ нәресте иісіне зар. Осы тұрғыда не айтасыз?
– Ана болу – кез келген әйелдің арманы. Алайда, біреуге уақытылы, енді біреуге тағдырдың жазуымен кеш берілетін бақыт. Бала туу жасындағы әйелдердің тұрақты жыныстық өмірде жүкті бола алмауын бедеулік дейміз. Өкінішке қарай, осының салдарынан қаншама отбасы ажырасып жатыр. Бедеулік әйелге ғана тән деген түсініктен арылатын уақыт келді. Қазір ер азаматтардың бойында да бұл ауру түрі кездеседі. Егер әйел тұрмысқа шығып, бір жылдың ішінде жүкті болмаса, мұны медицинада бедеулік дейді. Әйелдер бедеулігінің себебі әртүрлі: жатыр түтікшелерінің өтімсіздігінің болуы, аналық бездердің жыныс жасушаларын өндіре алмауы, етеккір циклінің ретсіздігі, кіші жамбас астауы ағзаларының қабынуы, эндокринді жүйе қызметі бұзылысы және тағы басқа да себептері кездеседі. Емдеу шаралары да бедеулік себебіне байланысты жеке тағайындалады. Құрсаққа біткен баланы 9 ай көтеріп, жарық дүниеге әкелу де оңай шаруа емес. Болашақ аналар бұған үлкен жауапкершілікпен қараса деймін. Сайып келгенде, кез-келген жағдайда уақтылы қаралу, толыққанды аяғына дейін емделу өз нәтижесін береді.
Иә, әйел саулығының сақшысына айналған Жанар Тұрғанәліқызымен әңгіме барысында өз ісіне берілген, антына адал ақхалатты екенін аңғардық. Оның әр сөзінен мамандығына деген махаббаты аңғарылып тұрды.

Айсұлу Алданазар
19 қазан 2024 ж. 374 0