Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Интернеттегі қаржы қауіпсіздігі деген не?

Интернеттегі қаржы қауіпсіздігі деген не?



Интернет толқыны тулап тұрған мұхит сияқты: көптеген мүмкіндік пен ақпаратқа толы. Дегенмен кез келген мұхиттағыдай, мұнда да сіздің жеке дерегіңіз бен цифрлы әмияныңызға қол сұғатын жыртқыштар бар. Қазір көбіміз онлайн төлем жасаймыз, интернет-банкинг арқылы ақша аударамыз, картамызда не депозитімізде ақшамызды сақтаймыз. Мұндай кезде қаржы қауіпсіздігімізді елемей қоюға болмайды.

"Алаяқтар ақшама, жеке деректеріме қол сұқты"

Алматылық Аружан Аршидин TikTok желісінде белсенді. Оның Aruwkii деген атпен белгілі аккаунтында 95 мың оқырманы бар. Түрлі видео түсіреді, стримге шығып, оқырмандарымен тілдеседі. Бірнеше уақыттан бері ол TikTok арқылы табыс тауып жүр. Аружан әлеуметтік желіге өзінің банк картасын тіркеп қойған. Оның стримнан тапқан ақшасы әуелі TikTok-тағы аккаунтына түседі. Кейін оны банк картасына аударып алады екен. Аружанның айтуынша, бірде әлдекім оның парақшасын бұзып, деректеріне қолжеткізген.

TikTok-та контент жасайтын автордың басынан өткен бұл жағдай тек сөмкеңіздегі емес, банк картаңыз бен басқа да әлеуметтік желідегі әмияныңызда бар ақшаны қорғау қаншалық маңызды екенін көрсетеді. Сонымен, қаржы қауіпсіздігі дегеніміз не және оны қалай қорғаймыз? 

"Парақшама кіре алмай қалдым. Біреудің бұзып алғанын түсіндім. Қатты уайымдадым, себебі парақшамды қимадым. Бір жыл тынбай видео түсіріп, көп оқырман жинаған едім. Кейін аккаунтымда 120 мың теңгемдей бар екені есіме түсті. Көңілім одан әрі түсіп кетті. TikTok-ты түсінетін достарымнан көмек сұрадым. Қуанышыма орай, бірнеше сағаттан соң, парақшамды қайтарып алдым. Құдай сақтап, ақшамды шешіп үлгермепті. Ақшам орнында тұр екен. Ал банк картамның мәліметтерін біліп-білмегенін нақты білмеймін. Дегенмен ондағы ақшамды өз картасына немесе сыйлық ретінде өз аккаунтына аударып алса, бар жиғанымнан айырылып қалар едім. Осы жағдайдан соң парақшамның қауіпсіздігін ойлайтын болдым. Құпиясөзді жиі ауыстырамын. Басқа желідегі парақшаларыма да екі факторлы аутентификация қойдым. Күмәнді сілтемелерді баспаймын", - дейді TikTok-тағы контент авторы.

Қаржы қауіпсіздігі және оның маңызы

Қаржы қауіпсіздігі – жеке деректеріңіз бен қаражатыңызды қорғауға бағыттылған амал-әрекетіңіз. Адам жеке бас мәліметтерін ұрлау және тарату, фишинг сияқты алаяқтық түрлері көп әлемде қаржы қауіпсіздігіне назар аудармаса, шығындалып қалуы әбден мүмкін.
Қазір көбіміз онлайн тауар сатып аламыз, онлайн төлем жасаймыз. Таксиге, тамаққа, киімге, азық-түлікке тапсырыс беретін қолданбаны, түрлі видео мен фото өңдейтін ақылы қолданбаны және тағы басқасын қолдану үшін оған картамызды тіркейміз. Оған қоса кей әлеуметтік желімізде өз шотымыз бар. Иә, бұл жаңа технологиялардың арқасында өмір жеңілдеді, дегенмен сонымен қатар осы жердің бәрінде қаражатқа қауіп те төнеді.Алаяқтарға қарсы әрекет: Altel байланыс операторы қандай кеңес береді?

Tele/Altel компаниясының ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Владимир Рядинскийдің айтуынша, цифрлық технологияның дамып жатқаны соншалық, адамдар бұрынғыдай бір-біріне қоңырау шалып не кездесіп жүрмейді, банкке барып кезекке тұруды да қойды. Оның орнына барлығын онлайн істейді. Дегенмен мұның бәрі үшін смартфон мен интернет қажет. Бірақ ол цифрлы технологиямен қатар киберқауіптің де өсіп келе жатқанын айтады. 

"Біздің бүкіл өмірімізде күн сайын бәсекеге қабілетті түрлі жаңа технология шығып жатыр. Бірақ бұл қызметті ұсынатын мамандардың өзі бірін-бірі көрмей, әр елдің түкпір-түкпірінде қашықтан істейді. Оларды да клиенттерінің қауіпсіздігі алаңдатады, дегенмен бұл көп қаржыны талап ететін дүние. Енді, әлемдегі трафиктің 30%-ы теледидар, шаңсорғыш сияқты құрылғылар мен жүйелердің әлсіз тұсын іздейтін, ақпаратты біліп алғысы келетін боттар деп елестетіңізші. 100% қорғалған әрі сенімді сервис жоқ. Кейде олардың әлсіз тұстары сәл кеш анықталып жатады. Ал ол арқылы алынған ақпараттар жиналып, қолданылып немесе өзгелерге сатылып жатады. Адамға қатысты ақпараттар маркетинг немесе клиент тарту мақсатында қолданылса, жақсы ғой. Бірақ кейде ақпаратыңыз киберқылмыскерлердің қолына түсуі мүмкін. Ал олар қылмыстық әрекетін істеп, ақша жымқыруға тырысады", - дейді Владимир Рядинский. 
 

Владимир Рядинскийдің айтуынша, байланыс операторлары тұтынушыларын басқа қолданбалар мен құрылғыға жасалған фишинг әдістердің бәрінен қорғай алмайды. Олар өзінің көрсететін қызметі мен жүйесін қорғай алады. Сол себепті адамдар киберсауатты болғаны абзал. Маман бірнеше кеңесін ұсынды. 

  • Біріншіден, адам қолданбайтын қолданбаларды смартфонынан өшіргені жөн. Белгілі бір уақытта ғана қолданатын қолданбаны керек кезінде ғана жүктеп, пайдаланғаны тиімді.
  • Екіншіден, қолданбаға немесе белгілі бір сайтқа тіркелгенде тек толтыруды міндеттеген бағандарға ғана мәлімет жазу керек. Сервистер көп жағдайда адамның жеке дерегін қажет ете бермейді, сол себепті мүмкіндік болса, қолданушы аты-жөнін, қаласын, мекенжайын көрсетсе жеткілікті.
  • Үшіншіден, жеке мәліметтерді, жиі пайдаланатын құпиясөзді күмәнді сервистерге жазбаған дұрыс. Әр қолданбаға, сервиске әртүрлі құпиясөз қолдану керек. Құпиясөзіңізді ұмытып қалсаңыз, қайта жаңасын жасап алу оңай. Ал барлық сервиске қойылған құпиясөзді алаяқ біліп қойса, ондағы деректер мен ақшаға қауіп төнеді. Сайттарға кіргенде де жеке мәліметтерді өңдеуге рұқсат бермей тұрып, сайтпен жіті танысып шыққан абзал.
  • Төртіншіден, смартфонды бейтаныс нөмірлерден қоңырауларды, спам хабарламаларды қабылдамайтындай етіп баптауға болады. Адамның қауіпсіздігі үшін алаңдап, киберсауатты болғанның еш әбестігі жоқ екенін ұмытпаңыз.
Жақында адвокат Сергей Жорин алаяқтардың жаңа әдіс ойлап тапқанын айтып ескертті. Ол адамдарға қолданбайтын, ескі нөмірін мемлекеттік қызметтерден өшіріп тастауға кеңес береді. Себебі адам нөмірін ұзақ уақыт бойы қолданбаса, байланыс операторлары оны өшіріп, қайтадан жаңа нөмір етіп, басқа адамға сатады. Алаяқтар дәл осы нөмірлерді сатып алып, боттар арқылы оның кімге тиесілі болғанын біліп алады. Одан кейін сол адамның сол нөмірі тіркелген әлеуметтік желілеріне, банк қолданбаларына, мемлекеттік қызметтеріне қол жеткізіп, алаяқтық әрекеттерін іске асырады екен. Сол себепті заңгер нөмір ауыстырудың да маңызды екенін айтады. Бұл алаяқтық әдісі шет елдерде қолданылып жүр, бірақ Қазақстанда да болып қалуы ықтимал.

Қорытындыласақ, цифрлы технология дамыған уақытта қаржы қауіпсіздігі мәселесі де өзекті болып тұр. Себебі смартфонымыздағы әрбір қолданба, әлеуметтік желі мен интернетке жариялаған әрбір ақпаратымыз оған қауіп төндіруі мүмкін. Сол себепті киберсауатты болу маңызды. Мамандардың жоғарыда айтқан пікірлеріне сүйеніп, мынадай қорытындыға келуге болады.

Не істеу керек?
• әлеуметтік желідегі парақшаны жабық ұстаған жөн;
• әлеуметтік желідегі парақшаңыздың құпиясөзін жиі ауыстыру керек;
• екі факторлы аутентификация қою керек;
• смартфонды қажетсіз қолданбалардан тазарту керек;
• сенімді Wi-Fi желісін ғана қолданған дұрыс;
• онлайн сауда үшін виртуал карта қолдану керек;
• картаңыздағы қаражатқа қатысты күмәнді қоңырау не хабарлама алсаңыз,
тікелей банкке немесе байланыс операторына хабарласыңыз.
• сыни ойлау керек

Не істемеу керек?
• өзге адамға жеке деректеріңіз бен құпиясөзіңізді айтпаңыз;
• бейтаныс нөмірлердің хабарламасына жауап бермеңіз;
• барлық қолданба үшін бірдей құпиясөз қолданбаңыз.
• күмәнді сілтемелерді баспаңыз;
• “Ақша аудар” деп қоқан-лоқы көрсететін бейтаныс адамдардың сөзіне сенбеңіз.
• алаяқтар хабарласса, оларды мазақ етіп сөйлесуден аулақ болыңыз. Оның орнына банкке немесе байланыс операторына, құқыққорғау органына жүгініңіз.





15 қазан 2024 ж. 143 0