Депутат Асхат Аймағамбетов жоғары сынып оқушыларына мектеппен қатар колледжде білім алуға рұқсат беруді ұсынды
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов 10 және 11-сынып оқушыларына колледжде мектеппен параллель білім алуға рұқсат беруді ұсынды.
Еңбек нарығын дамыту жөнінде үкімет сағатында депутат кадр дайындауға үлкен септігін тигізететін колледждерге қатысты ұсыныс айтты. "10 және 11-сынып оқушыларына өз таңдауы бойынша колледжде қатар білім алуға рұқсат беруді ұсынып отырмыз. Бұл мектеп түлектеріне 11-сыныпты аяқтаған соң аттестат пен нақты мамандық бойынша диплом алуға жол ашады. Сондай-ақ базалық пәндері қайта оқудың алдын алып, түлекті экономика қажеттіліктеріне бағыттауға мүмкіндік береді", – дейді Асхат Аймағамбетов.
Ал мектептер мен колледждер арасында байланысты жақсарту үшін депутат колледждің оқу-өндірістік комбинатындағы практиканы қайта енгізуді ұсынды. Бұл жоғары сынып оқушыларына кәсіби еңбек дайындығынан өтуге мүмкіндік береді. Ал мектептерде оқу-өндірістік комбинат ұйымдастыру қаржыландыру болмағандықтан жасалмай отыр дейді.