№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Онлайн сауда: кім ұтылады, кімдер ұтады?

Онлайн сауда: кім ұтылады, кімдер ұтады?


Қазір үй шаруасында отырған кез келген қыз-келіншек, тіпті түзде жүрген ер-азаматтар да онлайн сауданың сырына бойлай білсе қосымша табыс табуына үлкен мүмкіндік бар. Яғни интернет арқылы кез келген тауарға өтінім беріп, тұтынушыларға тапсырысын уақытылы жеткізіп отыру арқылы пайда таба алады. Бұл құптарлық іс, дегенмен интернеттің тілін жетік меңгергендер мен пысықай сатушылар алаяқтыққа жол беріп, көпті тақырға отырғызып кететін жағдайлар да бар. Мұны көріп те, естіп те жүрміз. Сондықтан, тұтынушылардың басым көбі сауда нарығында бренді бар компанияларға жүгінуге мәжбүр. Қалай дегенде де, онлайн сауданың болашағы өте зор. Бүгін біз осы жөнінде тереңірек талдайтын боламыз.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында шағын және орта бизнес саласын қолдауды жалғастыру, көлеңкелі экономиканы мейлінше қысқартудың және саланы цифрландырудың маңызына тоқталды. Шыны керек, қазір бөлшек саудаға қарағанда онлайн сауда төрт есе жылдам өсуде. Дүниежүзінде 2,71 мил­лиард адам тұрақты онлайн сауданы қолдайды. Біздің Үкімет 2030 жылға дейін электронды сауданың үлесін 20 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Жыл сайын электронды сату арналары ар­қылы басқа елдермен сауда көлемін 100 миллион долларға ұлғайту мақсат етілуде.

Онлайн сауданың серпіні

Дәстүрлі дүкендердің орнын онлайн сауда басып озады. Бұл өз кезегінде елдер арасындағы шекараға шектеу қоюдан арылтады. Бұрынғыдай көрші елдерден дорбалап тасуды тыйып, уақытты үнемдеуге және табысты болуға жол ашады. ХХІ ғасырдың басты тенденциясы осы. Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Электронды сауда саласын­да өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндік бар. Бұл бағытта Қытайдың көш бастап тұрғаны сөзсіз. Онлайн сауданы дамыту аса маңызды. Бұған жаппай шектеулер кезінде көзіміз анық жетті. Қытайдың Alibaba Group, JD COM сияқты интернет алпауытының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор. Орта Азия мен Қытайдың арасында екі бағытта да тауар тасымал­дау мерзімін азайтуға мүмкіндік туады. Бұл жұмыстарды «С5+Сhina» бірыңғай электронды сауда платформасын енгізу арқылы үйлестіруге болады, – деді.
2027 жылға қарай бөлшек саудадағы сатып алудың 23 пайызы интернет арқылы жүзеге асырылады деп күтілуде. 2024 жылы электронды коммерция көлемі артып, онлайн сатылым 8,8 пайызға өседі деп межеленіп, ақпарат ақиқатқа айналып келеді. 2021 жылы әлемде электронды коммерцияның жалпы кө­лемі 4,98 триллион долларды құраса, 2022 жылы 5,29 триллион доллар, 2023 жылы 5,82 триллион доллар, 2024 жылы 6,33 триллион долларға жетеді екен. Ал 2025 жылы 6,86 триллион доллар, 2026 жылы 7,41 триллион доллар, 2027 жылы 8 триллион долларға жуықтайды деген болжам бар.
Бүгінде табысты болуды мақсат еткен компаниялар сауда-саттықты ұйымдастыратын онлайн платформа­лар – веб-сайт, веб-портал жасауды басымдық етуде. Электрондық ком­мерция сатылымының 37,6 пайызы Amazon-ға тиісілі. Ал Walmart-ға 6,4 пайыз сатылыммен, Apple 3,6 пайыз, eBay 3 пайыз құрайды. Әлеуметтік желілерде онлайн сауданың танымалдығы артуда.
2023 жылғы статистика бойынша Қытай – ең үлкен электронды нарығы бар ел. Translated.turbopages.org мәлі­метінше, 1411 миллион қытайлық онлайн коммерцияны тұрақты қолданса, тауар айналымы 3 триллион доллардан асады. InsiderMonkey-дің дерегінше, жыл өткен сайын АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Германия, Оңтүстік Корея, Франция, Үндістан, Канада, Италия, Индоне­зия, Бразилия, Мексика, Аустралияда интернет саудасының көлемі кеңейіп, тауар айналымы еселеп артуда.
Ел аумағында ең танымал және көп сауда жасалатын платформалар – Kaspi.kz, OZON, Wildberries, Halyk Market, Forte Market, Jmart.kz, Clever, Arbus.kz, Flip.kz. Sulpak.kz, Airastana.com, Technodom.kz, Glovoapp.com, Wolt.com, Kolesa.kz, Olx.kz.
Қазір халықаралық маркетплейс­пен ынтымақтастық белсенді дамуда. Мысалға, Alibaba.com-мен ынтымақ­тастықтың 290-ға жуық отандық өндірушіні халықаралық электронды платформаға шығаруға мүмкіндігі бар (Gold Supplier преференциялық аккаунт ұсынумен). Сонымен қатар, jd.com электронды платформасында Қазақстанның Ұлттық павильонының ашылуы қазақстандық тауарлардың 30-дан астам түрін (қапталған шай, күнбағыс майы, құрғақ түйе сүті, кондитерлік өнімдер мен алкогольді сусындар) сатып алуға мүмкіндік береді және 1 миллионнан астам жазылушыны қамтиды, – деді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.
Таныс-тамыр, дос-жарандардың ішін­де сауда кеңістігінде жүрген көлең­келі кәсіп иелерінің көбі бұл өте тиімді дейді. Әсіресе, Пиндуодуодан тауар алдыру арқылы қаржы табу қазір трендке айналды. Пиндуодуоның әлемнің түкпір-түкпіріне жетіп, саудагердің барлығынан бірдей қолдау табуының басты себебі оның арзан баға мен жылдам жеткізу тетігі болуында. Күніне 12 сағаттан көп жұмыс жасайтын компанияның жұмыс ережесі де қатал. Түскі үзіліс уақыты 2020 жылдан бері 1 сағатқа қысқарғаны да белгілі. Компания жұмысының алға басу себебі де осы ма дерсіз. Бұл біздің «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген тәмсілімізге келетін сияқты. Десек те, жоғарыда айтылған ғаламтор жазбасының бірінде межеден тыс жұмыс кестесі қызметкерлердің денсаулығы­на кері әсерін тигізіп жатқандығы айтылыпты.
Өз бастауын 2015 жылдан алған электронды коммерциялық компания­ның Қазақстанға келгеніне шамамен 5 жылға жуық уақыт болды. Десек те, сауда сайтының біздегі «гүлденген кезеңі» 2023 жылдан бері десек те бола­ды. Еліміздің мегаполистерінен бөлек, шағын қалалары мен ауыл аймақтарына дейін жеткен интернет қолданбаның нарықтық құны 2020 жылдың өзінде-ақ 2178 млрд АҚШ долларын құрады.
– Бала күтіміне байланысты үйде отырып, осы кәсіпті бастадым. Ең алғашқы тапсырысым балалар киімі болды. 17-18 күн көлемінде тапсырысым келіп, базардағыдан кем емес сапасына, бағасына қуандым. Тапсырыс берген туалет, ас үй жабдықтары сынып келетін жағдай болғанда сайт арқылы төленген ақшаны қайтарып алуға болады. Ауыл тұрғындарына әлі де болса таңсықтау заттарды әлеуметтік желідегі ортақ чаттарға салып, жарнамалай бастадым. Пиндуодуо сайтындағы киімдер мен өзім алып пайдаланған заттарды инстаграм арқылы бөлісіп, тапсырыстарға аз-кем ақша қосып сатып, табыс табудың жаңа жолын игердім десем де болады, – дейді көп балалы Айгүл ханым.

Онлайн сауда опық жегізбесін

Электронды сауда деп жүріп алда­нып қалғандар да аз емес. Алаяқтықтың шыңы осы болып тұр. Бұл жайында аудандық полиция бөлімінің қызметкері Ермұхамед Әбдраманов былай дейді.
– Интернет алаяқтық – қазіргі уа­қытта алаяқтықтың ең көп таралған түрі. Өйткені оның әдіс-тәсілдері күнбе-күн жаңаруда, хаккерлік меха­низм де сан құбылып отыруымен сан соқтырып кететіні жасырын емес. Осы орайда айта кетейін, ең алдымен алаяқтардың қолына түспеу үшін тек тексерілген интернет-дүкендерді таңдап, әлеуметтік желілер немесе жарнамалық сайттар арқылы алдын ала жасалған тапсырыстарды төлемеу керек. Егер өнім сізге өте қажет болып тұрса немесе оның бағасы өте тартым­ды болса, тапсырыс берер алдында интернет-дүкенді алаяқтық үшін тек­серген жөн. Әлеуметтік желілерде әртүрлі тауарларды, өнімдерді және қызметтерді сатуға арналған жарна­маларды қарағанда сақ болыңыз. Әр түрлі банктердегі шоттарға төлем аударуды талап еткен жағдайда мұқият болу керек. Алдын ала төлем жасамаңыз. Басқа қаладан қосалқы бөлшектер мен тауарларды сатып алғанда достарыңыз бен таныстарыңызға айтып, сатушымен кездесуге және сатып алған өнімді тексеруді өтініңіз, әбден көз жеткізіңіз. Бейнебайланыс жүйесі арқылы сату­шының өз төлқұжатын көрсетуін сұ­раңыз. Сонымен қатар, ең бастысы ешкімге банк шотыңызды толық нөмірін, құпия сөздерін беруге, айтуға міндетті емессіз, осыны ұмытпаңыздар, – дейді сала маманы.
Иә, интернет алаяқтықпен айна­лысатын адамдар қылмыстық жауап­кершілкке тартылады. Олардың кінә­сі дәлелденсе, 4 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаса, мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Өткен жылы 28 алаяқтық оқиғалары орын алған. Оның 4-і ашылмаған, 13 істің күдікті­лері анықталған, 4 іс өндірісте. Бірақ мұндай интернет алаяқтықтың ашылуы қиынға соғып отыр.
Ең бастысы, ешкімге банк шотың­ыздың толық нөмірін, құпия сөздерін беруге, айтуға міндетті емессіз, осыны ұмытпаған жөн. Бұл жауапты сала мамандарының ескертпесі.
Біз онлайн сауданың қысқаша пайдалы тұсі мен зияны жөнінде мәлімдеме бере кеттік. Қалғанын уақыттың еншісіне қалдырайық.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
12 қазан 2024 ж. 140 0