№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ем-шара құрылғылары жаңартылды

Ем-шара құрылғылары жаңартылды


Бас ауырып, балтырымыз сыздаса, алдымен дәрігерге жүгінетініміз анық. Денедегі сырқатты дер кезінде сылып тастауда бірінші кезекте заманауи құрал-жабдықтар болуы маңызды.


«Дені сау ұлт» жобасы аясында еліміздің барлық аймағындағы ауруханаларды заманауи құрылғылармен жабдықтау мәселесі қолға алынып келеді. Мәселен, Жаңақорған ауданының орталық ауруханасы жаңа туған нәрестелерге арналған заманауи аппараттармен толық­қанын білдік. Бұған дейін Қызылорда, Шиелі, Түркістан қаласына сабылған сырқаттар қатары сәл де болса саябырси бастады. Жаңа құрылғылар өршіп тұрған ауруды тежеп, науқастардың оңалуына, дер кезінде медициналық көмек алуына, өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Әрі дәрігерлік көмек көрсетуді жеңілдете түседі.
– Біздің ауданда асқазан ауруларынан бастап, ішкі организмдердің жұмысының бұзылуы өте көп. Осыны назарға алып, 2 видеоэндоскопия аппаратын алуды жөн санадық. Сондай-ақ әр бөлімге қажетті заманауи құрылғылар алып, іске қосып жатырмыз, – дейді білікті дәрігер Тәңірберген Әмитов.
Науқастарға дер кезінде тиімді көмек көрсету үшін медициналық мекемелерге заманауи құрылғыларды орнату шаралары кезең-кезеңмен жүзеге асырылып келеді. Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін республикалық бюджет есебінен 2 видеоэндоскопия жүйесі, 2 неинвазивті жасанды тыныс алу аппараты, 1 гемотологиялық анализатор, 1 биохимиялық ана­лизатор, 1 аудиологиялық қондырғы, 1 хирургиялық дрел, 1 электростанция, 1 экспертті УДЗ аппараты, 2 бронхофиброскоп, реабилитация бөліміне 1 вертикализатор аппараты, 1 дерматоскоп аппараты, 4 жылу қондырғы (отопительный котел), 3 жедел-жәрдем көлігі, 10 лазерлі принтер, компьютерлік жиынтық сатып алынды.
Сондай-ақ үстіміздегі жылы «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығымен аудандық емхананың «Қамқорлық» оңалту орталығына жұмсақ және қатты жабдықтар алынды. Қазіргі таңда көп бейінді аудандық орталық аурухананың құрал-жабдықтармен жабдықталуы 82,42% құрап отыр.
Алдағы уақытта көпбейінді орталықтандырылған аудандық орталық ауруханаға қажетті МРТ және ангиограф аппараттарын алу жоспарланып отыр екен. Ал емхнада жаңа құрылғымен қызмет көрсетіп жүрген рентген бөлмесінің дәрігерлері заманауи құрылғылардың ерекшелігін айтып өтті.
– Осы күнге дейін тұрғындар видеоэндоскопияға түсу үшін жолдамамен немесе ақылы негізде Қызылорда қаласына баруға мәжбүр болатын. Осы жылдан бастап науқастар өзіміздің емханада ем ала бастады. Бұл уақыт пен қаржыны үнемдейді. Науқастардың алғысын алып, біз де жұмысымыздың жауапкершілігін арттыра түсудеміз, – дейді дәрігер Аян Мырзаханов.
Бұл аппаратпен күніне кем дегенде 20 адам қабылдауға болады екен. Емхана мейірбикесі Жайдаркүл Искакова:
– Бұл құрылғының көптен бері ауыл-ел үшін қажеттілігі байқалып жүрген еді. Сапалы ем-дом жасауда таптыр­мас құрылғыға қол жеткізіп, қолжетімді қызмет түріне айналғаны көпті қуантады. Осындай мүмкіндіктер сыйлаған басшылыққа алғыс айтқым келеді, – дейді ол.
Ем алушылар ішінде Ақтолқын Мамырайқызы да өз пікірін жеткізді.
– Көптен бері асқазаным бүріп ауырып жүрген еді. Бүгін емханада жаңа құрылығымен асқазанымда түйін барын біліп отырмын. Дер уақытында ем-шара алуды бастадық. Бұрынғыдай Қызылорда мен Түркістанға сабылмай, аудан орталығынан тексеріліп қайттым. Бұл да болса «дені сау ұлт» идеясының ауылдарда жүйелі орындалуы деп ойлаймын, – деді.

Мақпал МАРҚАБАЙ
12 қазан 2024 ж. 136 0