Ел қорғаны – ерге аманат
Мемлекетіміздің мықты қорғаны саналар әскер әлеуеті қай қоғамда да маңызды. Дегенмен күн сайын өзгеріп отырған өмір қағидалары отан қорғау сапында шыңдалудан өтетін сарбаздар мектебіне де түпкілікті реформаның қажеттігін дәлелдей түсуде.
Соның ең бастысы, солдат өмірінің сапалы имиджін қалыптастыру арқылы жас түлектің әскер қатарына қызығушылығын арттыру аса маңызға ие. Қорғаныс саласының барлық сатысындағы прогрессивті жетістіктер мен интеллектуалды климат өркениетті әскер әлеуетін қалыптастырып қана қоймайды, сонымен қатар жас ұланның міндетті борышын өтеуге құштарлығын арттырады, соңында тілеуін тілеп иненің ұшында отырар ата-ананың да көңілін демдеп, жастардың жан-жақты отансүйгіштік сезімге тәрбиеленуіне жарқын жол ашар еді.
Жыл сайын жастарды әскер сапына жасақтап, аттандыруда алғы орыннан табылып келе жатқан Жаңақорған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Нұрбол Есенәлиевпен тілдесіп, күзгі әскерге шақыру науқанының жай-күйі туралы білдік.
– Әскерге шақыру мерзімінде аудан өмірінде аяқтан шалар кедергілер кездесіп жүр ме?
– Әскер қатарына шақырылған ұландар солдат сапына тізілетін талаптардан өтуде толық өз басына жауап бере алатын деңгейден таныла білсе, ешқандай мәселенің туындауы мүмкін емес. Бұған әр азамат саналық тұрғыдан дайын болу керек. Ұл бала дүниеге келгенде атұстарымыз келді деп қуанатын әр ата-ана баласы ер жеткенде оның ел қорғаны бола алатындай дәрежеде қалыптасып, білімді де, білекті болуын қаласа қатарынан қалдырмай әскер қатарына жібергені дұрыс.
Биылғы күзгі шақыруда барлығы 147 азамат аудандық медициналық комиссиядан өткізілді. Осы шақырылған азаматтардың 105-нің денсаулығы жарамды болып, 98-і әскер қатарына аттанды.
Осы жылдың көктемгі әскерге шақыру науқанында жоспардағы 86-ның орнына 98 болып орындалып, көрсеткіш 114 пайызға жетті.
Көктемгі әскерге шақыру жұмыстары барысында Жаңақорған кенті мен Қосүйеңкі, Жаңарық, М.Нәлібаев, Байкенже, Өзгент, Жайылма, Ақүйік ауылдық округтері тапсырысты артығымен орындап, ерекше көзге түсті.
Күзгі әскери қызметке шақырылушылар қатарында Шекара әскерлері қатарына 15, Мемлекеттік күзет қызметіне 1, Қарулы Күштер қатарына 2 азамат жіберілді. Сондай-ақ Ұлттық Ұланға тапсырысты орындай алмадық.
Айта кететін нәрсе, шекара қазметіне дәрігерлік комиссияға жіберілген 80 азаматтың 15-і ғана жарамды саналуы – ойландырарлық мәселе. Он екіде бір гүлі ашылмаған жастарымыздың саулығындағы жаппай кінәратқа нендей себеп? Бұл аудан әлеуетіне де сын.
– Кеше өткен аудан активінде 2024 жылдың көктемгі және күзгі әскерге шақыру жұмыстырының барысы туралы хабарламаңызды тыңдадық. Келтірген деректерді көңілден өткізгенде ұққанымыз, жастардың көбі дәрігерлік тексеруден өткенде әскерге жарамсыз деп танылып жүр. Осы мәселе жөнінде аудан басшысының «Медициналық қорытындылар шынайы ма? Бәлкім, дәрігерлердің бармақ басты, көз қыстыға барып жалған анықтама жазып беруге жол беруі жағдайды күрделендіріп отырған жоқ па екен?» деген сауалы көптің көкейіндегіні тірілтті. Сіз бұған не деп жауап бересіз?
– Аудан дәрігерлері жарамсыз деп тапқан әскер жасындағы кейбір азаматтар облыс орталығында қайта тексеруден өткізген кезде денсаулығы жақсы болып шыққан жағдайлар кездесті. Сондықтан мұндай бұрмалаушылықтар жоқ деп үзілді-кесілді айта алмаймын. Бірақ бір есте болар жайт, бұл әдетіміз жас ұланға жақсылығымыз емес, өрендерді жанбай жатып жасықтыққа, қай кезде жалған айтып жағдайдан сытылып шығу жолын іздейтін ынжықтыққа тәрбиелейтін зиянды құбылыс екенін естен шығармасақ игі.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының 27-бабына сәйкес «Азаматтарды әскери қызметке шақыруды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді» делінген. Өкінішке орай, осы жауаптылықты сезінгісі келмейтін ауыл әкімдері бар екені де қынжылтады.
– Аудандық қорғаныс бөлімі бойынша өз жұмысына аса жауаптылықпен қарайтын қызметкерлеріңіз қатарында кімді атар едіңіз?
– Мекеменің жалпы құрамы науқанды шараға бір кісідей атсалысып, жұмысты ұйымшылдықпен атқарып келеді.
Барлығы да әскери қызметте темірдей тәртіп маңызды екенін жақсы түсінеді. Жоғарыдан келген нұсқауды орындаумен ғана шектелмейді. Былайғы уақытта да әскери сала қызметкерлері білім ордаларына барып, оқушылармен кездесулер өткізіп, жас түлек бойында жауынгерлік рухты оятып, жігер мен намысқа баулуға басты көңіл бөліп келеміз.
Бүгінгі жас қыран – ертеңгі елді қорғаушы апайтөс азаматтар осылар.
Баян ҮСЕЙІНОВА