«Астана ақшамы» газетінің тілшісі Нұрлат Байгенже «Үркер» ұлттық сыйлығына ие болды
Астанадағы Қазмедиа орталығында баспасөз, радио және интернет-журналистика саласы бойынша «Үркер-2024» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Салтанатты жиында 12 номинация бойынша журналистика сыйлығының жеңімпаздары анықталды. Солардың арасында «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Нұрлат Байгенже «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» аталымы бойынша үздік деп танылды.
«2024 жылғы «Үркер» сыйлығына ие болдым. Қуаныштымын оған. Алғаш 2022 жылы «Астана ақшамы» газетінен Гүлшат Сапарқызы екеуміз осы «Үркер» сыйлығына номинант болған едік. Биыл екінші рет қатыстым. Жалпы, кез келген байқауда әріптестеріміз жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Шығармашылық ұжымның және басшыларының бағыт-бағдар беруінің, шығармашылықты қолдауының әсері көп. «Elorda aqparat» медиахолдингінде шығармашылық атмосфера бар деп ойлаймын, сондықтан біздің әріптестеріміз байқауларда осылай ерекшелініп жүреді»,- деді Нұрлат Байгенже.
Айта кетейік, байқауға барлығы 400 өтінім келіп түскен. Үздік жұмыстарды беделді журналистер мен медиа менеджерлерден құралған қазылар алқасы анықтады.