№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Заманауи үлгідегі зияткерлік мектеп

Заманауи үлгідегі зияткерлік мектеп

Өңірде жеке білім беру ұйымдарының желісі артып келеді. Биылдың өзінде олардың саны 7-ге көбейіп, жаңа оқу жылында жеке мектептер саны 40-қа жетті. Соның бірі – күні кеше салтанат­ты түрде ашылған заманауи үлгідегі зияткерлік мектеп. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев зияткерлік мектеп-интернаттың ашылу салтанатына қатысып, құттықтау лебізін арнады. 

– Биылғы оқу жылы облыс түлектері үшін жемісті әрі нәтижелі болды. Өңіріміз соңғы төрт жылда Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балл көрсеткішімен республикадағы алғашқы үштікке енген еді. Биыл жиырма өңірдің ішінде бірін­ші орыннан көрінді. Мемлекеттік грант конкурсына қатысқандардың 76 пайызы, яғни 4 752 оқушы еліміздің жоғары оқу орындарына түсті. Бұдан бөлек, тұрмысы төмен отбасы балалары үшін аймаққа қажет мамандықтарға облыс әкімінің 100 гранты бөлінді. Алдағы уақытта да дарынды балаларымызды, талантты жастарымызды қолдау шаралары жал­ғасын табады, – деді аймақ басшысы.
Заманауи талаптарға сай қажетті құрал-жабдықтармен толықтырылған білім ошағына 400-ден астам оқушы қабылданса, оның 64-і мектеп табал­дырығын алғаш аттайды. Білім оша­ғының 200 орындық жатақханасы оқу­шыларға арнайы жабдықталған төсек-орындармен жарақтандырылған.
Салтанатты рәсімде Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Самұрат Иман­досов жаңа білім ошағының ашылуымен құттықтап, қоғам қайраткері Әбдіғап­пар Әмірғалиев бата берді. Одан әрі қонақтар ғимаратты аралап, білім ошағымен танысты. Оқу ордасына кіреберістегі күту залынан бастап, мектептің әрбір сыныптары, асханасы мен жатақханасына дейін арнайы жасақталған. Әр салаға арнайы бағыт­талған пәндік кабинеттердің бар­лығына дерлік заман талабына сай жай тақталармен қоса интерактивті тақталар да қойылған. Мұғалімдерге арналған демалыс орны мен кітапхана және компьютерлік информатика сы­ныбы жаңа талаптарға сай орнаты­лып, келушілердің көңілінен шықты. Бастысы, оқушы игілігі үшін арнайы орнатылған әрбір жабдықтың сапасы көңіл қуантарлық. Зияткерлік білім ошағының тағы бір ерекшелігі оқу ордасы түлектерінің өзіне ғана тән –арнайы мектеп формасының болуы. Қолжетімді бағадағы сапалы киім үлгісінде мектептің арнайы эмблемасы бейнеленген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс», – деген болатын. Осы­ған орай Сыр өңірінде де білім сапасына баса мән беріліп, қажетті жұмыстар атқарылуда. Тоқтала кетсек, ағымдағы жылы Сыр өңірінде білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд 100 млн теңге­ге жетіп, облыс бюджетінің 35,8 пайы­зын құрады. Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 21 мектеп салу жоспарланған. Оның 10-ның құрылысы биыл аяқталса, 11 мектеп келер жылы пайдалануға беріледі.

Жәмила ЕРМАХАН
30 тамыз 2024 ж. 174 0