№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жақсылықтың жолы ұзын

Жақсылықтың жолы ұзын


Қайырымдылық жасау – халықтық қасиетіміз. Яғни жоқ-жұқаға жәрдемдесу, қолы қысқаға қамқор болу – бабадан келе жатқан ізгі дәстүр. Осынау ұлттық үрдісіміздің үлгісін үкілеп, жақсы ісімен көпке өнеге болып жүрген жандар жетерлік. Солардың қатарында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ға еншілес кәсіпорын СКЗ-U ЖШС ұжымын айрықша атауға болады. Олар жыл сайын дәстүрлі түрде республикалық «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып, көп отбасыға қолдау көрсетіп келеді. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тапты.


Жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» дәстүрлі шарасына екпін берген мекеме басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлім басшысы Гүлнар Рүстемова, аудандық «Отбасын қолдау» орталығының инспекторы Айнұр Сұлтанова, Қарлығаш Исаева ауыл балаларының қуанышын еселеп, сөмке толы мектеп құралдарын табыстау үшін Кейден ауылдық округінің клуб үйіне бет алды. Жазғы демалыстарының қызығын айтып, ойлары­мен бөліскен өрендердің жүзінен мынадай қамқорлыққа ризалық лебі еседі. Еркін пікір алмасып, балалардың сұрағына жауап қатқан мекеменің өкілі «Мектепке жол» акциясының маңыздылығына арнайы тоқталып өтті.
– Республикалық акция Жаңақорғанда дәстүр­лі түрде ұйымдастырылып келеді. Әрине, мұндай сауапты істерді үйлестіруде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ға еншілес кәсіпорын СКЗ-U ЖШС-нің өзіндік орны бар. Жаңа оқу жылына байланыс­ты оқу құралдарымен қамту үшін аудандық отбасы қолдау орталығының ұсынысын қол­дап, қаржылай қолдау таныттық. Мақсатымыз – болашақ елдің тірегі жас талапкерлерге демеу болу. Сондықтан әрбір оқушының талабын жанып, жігерін қайрап, үмітін үкілеп, оқуға деген ынтасын арттырғымыз келеді, – деді ол.
Айта кетейік, бұл мекеме аудан көлемінде көптеген қайырымдылық шараларға демеушілік жасап келеді. Әрі жергілікті халықты жұмыспен қамту жұмысы жүйеленген. Бұл мекеме өндірістік маңыздағы міндетін атқарумен қатар аудан жұртшылығы үшін игі істің ұйытқысы болып келеді. Бұған дейін де «Қарияларды аялайық», «Кедергісіз келешек» акциясында белсенділік танытты. Әлеуметтік осал топтағы отбасыларына азық-түлік үлестіргені де ел есінде.
Өз кезегінде көп балалы ана Айгүл Жаңабекқызы: «Осылай жомарттық танытып, балаларға ең керекті заттарын үлестіру де көп балалы отбасы үшін үлкен көмек. Көп азаматтарға үлгі боларлықтай сауапты іс жасағандары үшін рахметімді айтамын», – деді.
Қайырымдылық шара биыл аудандағы от­басын қолдау орталығымен бірлесіп жүзеге асуда. Алғашқы қоңырау соғылғанша 24 ауылдық округтегі балаларға аманат табысталады. Бұл туралы аудандық Отбасы қолдау орталығының инспекторы Айнұр Сұлтанова тарқатты.
– Өңірдегі кәсіпорындардың ішінде «Қаз­атомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ға еншілес кәсіпорын СКЗ-U ЖШС алғашқылардың бірі болып, көпшілік шараны қолдап, қайырымдылық шараның аясын кеңейтуге жол ашты. Аққұм ауылы мен Кейден ауылының әлеуметтік жағдайын жақсартуға жүйелі жұмыс жасап жатқан ұжымға аудан жұртының атынан алғыс білдіреміз, –деді ол.

Түйін. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы – білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Рухани жаңғырудағы осы басымдық­ты «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ға еншілес кәсіпорын СКЗ-U ЖШС-нің «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы арқылы білімпаз ұрпаққа деген шынайы қамқорлығын байқатты.

Мақпал ПАТЕНОВА
27 тамыз 2024 ж. 157 0