№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Психологтар көбейді. Неге?

Психологтар көбейді. Неге?


Бүгінде қоғамда жаңылғанға жөн сілтеп, адасқанға жол сілтейтін психолог, тренер-коучтардан көз сүрінеді. Ғаламторды аша қалсаңыз, «Өзіңді дамыт. Ешкімге тәуелді болма!» «Егер өміріңде ешқандай қызық қалмаса, махаббатта жолың болмаса, қарызға батып, ақша тапшылығынан құтыла алмай жүрсең, маған бұрылып, мені тыңда. Ол үшін құны 500 мың теңге тұратын менің сабағыма қатысып, әрекет ет. Мен сені күтемін» деген «жанашыр» жарнама есті алады. Оны былай қойғанда «Енемен қарымқатынасты қалай түзеуге болады?», «Қалай байып кетуге болады?», «Қалай тұрмысқа шығуға болады?», «Қарыздан қалай құтылам?», «Жетістікке қалай жетуге болады?» деген бейнероликтер бейберекет қаптап жүр. Бұндай тренингтердің халыққа пайдасы бар ма? Қазіргі уақытта көпшілікті не мазалайды? Осы сұрақтар төңірегінде ізденіп көрдік...
Сөйтсек, мұндай кеңес берушілер қаланы қойып, ауылда тыңдаушының жанынан табылып, жан бағуға көшіпті. Ондайлардың қарапайым халыққа қандай да бір пайдасы тиіп, жатса жақсы, «арзан» ақылымен ауылдағы ағайынды жаңылдырмаса игі деген қаупіміз де жоқ емес. Заманауи тілмен айтқанда тренерлердің ішінде білімді де білікті мамандар бар делік. Тек, арзан жолмен пайда тапқысы келетін коуч-тренерлер мен психологтардың таңды-таңға жалғап айтатын ақылынан құлағымыз сарсылғаны да жасырын емес. Осы мақаланы жазу барысында әлеуметтік желіні ақтарып, мықты деген тренерлердің сабағына ден қойып көрдім. «Мен сіздерге бақытты болудың жолын көрсетейін бе?
Бәрі оңай. Ол үшін адам тек өзін ойлауы керек. Әдемі әрі қымбат киін, боян, өзіңнен қаржы аяма! Бала-шаға, отбасы, күйеуді екінші орынға қой! Әйел бақытты болмаса, отбасы да тату болмайды. Мен сіздерді өзімнің авторлық курсыма шақырамын», деген сөздің астарына үңіліп қарасаңыз, жандүниені жақсылыққа ұйыту емес, ірітудің нағыз өзі. Адам өмірге артына ұрпақ қалдыру үшін, өмірге әкелген ұлқызының қызығын көру үшін келеді емес пе? Семинар спикерінің дегеніне сеніп, шаңырағы шайқалып жатқандар, өзің сүйетін іспен қана айналыс дегенге иланып, илалап жүрген тұрмысынан түңілушілер көбейді. Бәрінің мақсаты – ақылшысына еріп адам танымастай өзгеріп, мол қаржыға кеңелемін дегенді алдыға тұтады.
Ресейдің статистикалық деректеріне сүйенсек, мұндай семинарларға қалталы кәсіпкерлер емес, жұмыссыздар мен студенттер ғана қатысады екен. Яғни өмірден өз орнын іздеп жүрген азаматтар тәтті сөзге еріп, қалтасыңдағы соңғы тиынын санап беретіні сөзсіз. Аңқау елге арамза молда деген осы болар... Жақында американдық Брайан Трейси есімді қария Алматыда семинар өткізді. Жұрттың барлығы жапатармағай билет сатып алып, соңында орын таппағандар тұрып тұрды. Билет құны қанша деп ойлайсыз? Білмесеңіз, айтайық. Арзан билет – 100 мың теңге болса, қымбат билеттер – 1 миллион 400 мың теңгеден сатылды. Меніңше, ол семинардан адам байымайды, семинар өткізген адамның байлығына байлық қосылды. Дегенмен осыншама ақша төлеп қатысқан сабақтың маңыздылығы қаншалықты деген сұрақ маған маза бермеді. Содан әлеуметтік желіні ақтарып, YouTube парақшаларынан көрдім. Атағы жер жарып, жарнамасы менмұндалап тұрғанымен асып бара жатқан ештеңесі де жоқ. Тек, бизнеске қатысты афоризмдер мен сөз шешендігін ғана байқадым. Ал, нақты жүйелі жұмыс жүргізудің жолдары немесе тың технология туралы жаңалық ести алмадым. Өмірді өзгертіп, бизнеспен айналысуға шақыратын тренерлер алғаш АҚШ елінде бастау алған екен. Үлкенүлкен компания басшылары бизнес жүргізудің қырсырын жалпақ жұртқа таныстырып, өз құпияларымен бөлісе бастаған. 1990 жылдары жер жүзі алмағайып кезеңді басынан өткеріп, ел арасында жұмыссыздар саны артқан уақытта ТМД елінде Дейл Карнегидің кітаптары жаппай сатылып, үлкен сұранысқа ие бола бастаған. Себебі, ол маркетинг саласын жақсы меңгерген, көпшілікті өзіне қарата алатын сөзге шешен жан болған. Алайда оны «манипуляция шебері» деп атап кетіпті. Жә, өзге елдерде неміз бар. Өз еліміздегі жағдайға тоқталайықшы. Мұндай тренингтер мен тренерлердің бізге келгеніне көп бола
қойған жоқ. Небәрі, 3-4 жылда ел арасында «мотивация», «визуализация», «гив», «тренинг» деген сөздерді жиі естіп қалатын болдық. Сайып келгенде, шешендіктің сыры атышулы тренерлердің атақты ғұламалардың кітабынан оқыған – түйгендерін жанды бейнеде, қарапайым халыққа түсінікті әрі қызықты етіп жеткізе білуінде. Қарап отырып еріксіз күлкің келеді. Тұрмысқа шықпаған қыз «Қалай күйеуге шығудың жолдарын үйретемін» десе, баласы жоқ әйел «Балалы болудың техникасын меңгертемін», күйеуімен ажырасып кеткен келіншек «Бақытты болғыңыз келсе мен сізді күтемін» тәрізді «ертегілермен» ерінбей сабақ өткізіп отыр. Содан болар, аттап басқан сайын психолог маманын кезіктіреміз.
Керек десеңіз, бүгінде кез келген білім ордаларында балабақша, мектеп, емханада жеке психологтар да бар. Әлбетте, мектеп жасындағы өспірім өзгеге еліктегіш, әлі өзіне деген сенімділігі қалыптаспағандықтан, жөн сілтейтін маманның болғаны дұрыс. Мұндай жағдайда балаға психологтің көмегі ауадай қажет. Әсіресе, өтпелі кезеңде. Бірақ, айналамызда байқағанымыздай, ата-аналар буыны қатайып үлгермеген баласын жетектеп, жеке психологтарға сүйреп жүреді. Тіпті, баламен ұзақ уақыт жұмыс жасайтын психологтар да бар екен. Сонда әлгі баланы психологқа жиі апаратын ата-ананың мақсаты не? Өзіне сенімсіз бе?! Өткенге көз жүгіртіп қарасақ, бұрын адамдар психологсыз да жаман өмір сүрген жоқ қой. Сонда оларда психологиялық мәселелер болмаған ба?! Иә, біздің күнделікті өміріміз стресске толы. Жұмыс, жолдағы кептеліс, әріптестермен қарым-қатынастың нашарлауы сияқты білінбейтін мазасыздықты бастан өткереміз. Бірақ, бұл тіршілік барда болатын табиғи құбылыс қой. Бұндай кезеңді адам баласының барлығы да бастан өткереді. Егер басқа түскен бармақтай мәселеге сабыр етпей, психолог жағалайтын болсақ, не болғаны? Қалай десек те, ең алдымен адам өзінөзі ұстай білуі керек. Тек жақсыны ойлап, миды аз да болса тыныштандырса күйзеліске түспес пе еді?
Қазір елімізде тренинг өткізетін 200-ге жуық орталық бар екен. Бұл тіркелгені ғана, ал тіркелмегені қаншама. Ғаламтор желісінде еліміздегі барлық тренинг орталықтарын жинақтап отырған бір сайт бар. Бұл жерде тренинг орталықтар мен тренерлердің кестесі орналасқан. Таңдау еркіңіз – өзіңізде. Бұл сайтқа тіркелмегені қаншама? Оған шетелден келіп, тренинг өткізетіндерді қосуға болады. Ақылы болғанына қарамастан, сондай тренингтерге баратындар да күн сайын көбейіп отыр. Бір анығы, тренинг кәдімгідей қажеттілікке айналып үлгерді. Неліктен? Статистикаға сүйенсек, адам ақпараттың 70 пайызын ойын түрінде еркін қабылдайтындығы анықталған. Ал көру арқылы 25 пайыз, кітап оқу арқылы 10 пайыз, есту арқылы 5-ақ пайыз қабылдайды екен. Осы дерекке сүйенсек, оқытудың бір әдісі – тренингтерде берілетін ақпарат жеңіл қабылданатынға ұқсайды. Себебі мұнда дәріскер тек дәріс оқып қана қоймайды, сабақтың бір бөлігі жаттығу, ойын, тапсырмалар орындау түрінде өтеді.
Осы орайда біз психолог Айда Айнақожаевамен әңгімелескен едік.
– Өте өзекті тақырыпты қозғап отыр екенсіздер. Бұл тақырып психолог ретінде менің де жаныма батып жүр. Материалдық және әлеуметтік қиындықтардан ба, әлде басқа жағдай ма, қазір адамның күйзеліске ұшырауы жиілеп кетті. Әсіресе қыз-келіншектер арасында өте көп. Қай-қайсысымен сөйлессең де іші толған ашу, ыза. Содан келіп желіде әдемі сөйлеген тренингтерге алданып жатады. Бірақ нақты психологтің көмегіне жүгінетіндер саусақпен санарлық. Меніңше, тренингтердің бағыттары да сан алуан. Ең өтімдісі психологиялық кеңес, табыс табуға, бизнес бастауға бағытталған. Осындай қаптаған түрлі тренингтерге барған адамдардың ақпаратты қабылдауы мінезіне, темпераментіне де байланысты болып келеді. Бірі жеңіл қабылдаса, енді бірі тереңінен қабылдап, сол тренер сызып берген жолмен жүруге тырысады. Ал оған оның өмірі мен отбасы сай келе ме, онымен шаруасы жоқ. Содан көп отбасылар арасында түсініспеушілік туындап, ұрыс-керіс орын алады. Психологтың пікіріне сүйенсек, адам ең әуелі ішкі жан дүниесіне үңіліп, өзіндегі ішкі мәселелерді шешіп алғанда, психолог пен тренингті саналы түрде таңдап, қабылдай алады. «Мұндай ішкі жан дүниесі қалыпты адам тренингтерден алған әсерін ұзақ мерзімге жадында сақтайды. Дұрыс, тренингке барған адамдарда бір серпіліс пайда болады, шабыттанады, сол әсермен біраз шаруалар тындыруы да мүмкін. Алайда тренингке дейін кездескен кедергілерге қайта кездескенде, «өткендегі тренингтің түк пайдасы жоқ» деп ойлайды. Әркімнің ақпарат қабылдауы әртүрлі, сондықтан да біреулер бір тренингтен кейін-ақ өміріне өзгерістер енгізіп жатады. Ал кейбіреулер бірнеше тренингке барса да, еш нәтиже бермеуі мүмкін. Сәнге айналған тренингтердің жетегінде жүргендердің біразы жауапкершілікті өзіне алуға дайын емес жандар, – дейді психолог маман.
Осы тұста тәуелсіз заңгер Дәулет Тұрабаевтың ойын білген едік.
– Бұл тақырып өте күрделі мәселе ғой. “Сен екінші болма, бірінші бол!”, “Сенің қолыңнан бәрі келеді” дегенді мыйға сіңіретін тренинг сабақтарына қатысқан әйелдер отбасында екінші емес, бірінші болуға тырысып, ерінің алдына шығып кетеді. Соның салдарынан қаншама отбасының ойраны шығып, ерлі-зайыптылар екіге айырылып жатыр. Статистикаға көз жүгіртсек, дүние жүзінде ажырасудан 2 орынға шығып кеттік. Яғни, ажырасу 50 пайыздан асып кетті. Инстаграмдағы бәзбіреулердің өміріне қызығып, соларға еліктеп, еріне мойынсұнуды шетке ысырып қойып жатыр. Ол инстаграмдағы шынайы өмір емес екенін түсінбейді. Сонымен қатар арамызда интернеттен оңай ақша табудың жолын іздейтін адамдар көбейді. Бірақ оңай жерде табыс болмайтынын ескеру керек. Курс заңға сәйкес па, жоқ па, соны зерттеу керек. Ешқандай лицензиясы жоқ курстардан аулақ болыңыздар. Ал егер, курс ақшасын алып, бірақ ешқандай сабақ өтпесе, құзырлы органдарға шағымдану керек, – дейді заңгер.
Осындай коуч-тренерлердің көшінде жүрген әлеуметтік желіде танымал Құралай ханым, Айнұр Тұрсынбаева, Мақпал Қаратай сынды коучтренерлердің сабақтарына мыңдаған адамдар қатысып, видио сабақтары жүз мыңдаған қаралым жинап жүр. Өз заманының ойшылы Әл-Фараби айтпақшы, «Дүниедегі ең оңай нәрсе – біреуге ақыл айту, ең қиын нәрсе – өзіңді-өзің түсіну». Он екі мүшеңіз сау, ақылесіңіз бүтін, сауатыңыз бар екеніне сенімді болсаңыз, өзіңізге қажетті деген кітап беттерін ақтарып ой түю, алға жоспар құруға асығыңыз. Ақы төлеп өзгені тыңдамай, өз түйсігіңізді тыңдасаңыз, барлық сұраққа жауап табарыңыз сөзсіз.

Әсел РЗАЕВА
04 тамыз 2024 ж. 162 0