№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тары өсірген табысқа кенеледі

Тары өсірген табысқа кенеледі



Қазақ халқында «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деген ұғым бар. Тары дақылы бүгінгі таңда таңсық асқа айналып бара жатқандығы жасырын емес. Талқанның атасы деп дәріптеуге тұрарлық дәнді дақылдың тарихы тым әріде жатыр. Тары сабанының азықтық сапасы бидай сабанынан екі есе артық екендігін ескерсек, 1 келі тары сабанында 0,41 азықтық өлшем, 23 грамм сіңімді протеин болады. Тары жармасының құрамында крахмалдың мөлшері 81 пайыз, белок 12 пайыз, ал май мен қант 3,5-0,15 пайызды құрайды. Тіпті, ондағы ақуыздың мөлшері күріш, қарақұмық жармаларынан едәуір көп.
Біздің ауданымызда Сыр беткейдегі Көктөбе, Қандөз, Қаратөбенің халқы тары егуді атакәсіп санайды. Бұл туралы аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас агрономы Дәурен Абибуллаевпен байланысып, мән-жайды бағамдадық. – Биылғы жылы егіннің жайы жаман емес. Оның ішінде тары 276 гектарға егілді. Оның ішінде Көктөбе ауылында – 90 гектар, Қандөз ауылында – 60 гектар, Қаратөбе ауылында – 44 гектар жерге тары егілді. Қандөз ауылындағы агроаймақтың көлемі 60 гектар. Былтырғы жердің тозуына байланысты 35 гектар жерге жоңышқа егілген болатын. Биыл одан екі есе көп егіліп отыр. Қаратөбедегі арнайы аймақ 47 гектарды қамтиды. Жалпы, осы үш елдімекеннің халқы тары өсіруге әбден бейімделген.
Жыл сайын диқандар еңбектерінің жемісін көріп келеді, – дейді сала басшысы. Дейтұрғанмен, алғашқы кездері Қандөз ауылдық округінде агро-индустриялық аймақ құрылады дегенге көпшілік сенбеді. Судың іргесінде тұрса да, аяқ су шықпайды. Бұл мәселе аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, арнайы мотор орнатумен шешілді.
– Бізде агроаймақтың көлемі 60 гектарды құрайды. Тұрғындар 54 гектарына тары дақылын орналастырып, 6 гектарына жоңышқа екті. Онымен қоса 200 гектар жерді тағы да агроаймаққа алған болатын. Оның 80 гектарын аумағын үкімет есебінен қоршап алдық. Онда тары өсіруге басымдық беріліп, 30 адам маусымдық жұмысқа тартылды, – дейді Қандөз ауылдық округінің әкімі Кеңес Оразбеков.
Қандөздегі ағайынның айтуынша, жердің құнарына қарай гектарына бірнеше қап тары алуға болады. Суы қанық, жері тың болса, гектарына 80- 90 қап өнім жиясыз. Айта кетсек, бүгінде Қандөздің сөгі мен талқаны біздің аймақта қана емес, өзге өңірлерде де сатылып жүр. Тары дақылының күтімі туралы шаруадан артық кім білер?
– Жерге дәнді қалай септің, сол күннен бастап 90 күн уақыт өту керек. Үш айдан соң ғана тарыға орақ салуға болады. Қол орақпен ору керек, өйткені, піскен тары өзге дақылдай емес, қауызынан төгілуге дайын тұрады. Ала жаз алты рет суарып, құстан қорып, қырманға бастырғанша бейнеті көп қой. Бала күннен әке-шешемізге көмектесіп, тары ектік. Сол кәсіпті әлі жалғастырып келеміз. Ауылдағы ағайынға жергілікті басшылық көп қолдау - көмек көрсетіп келеді. Биыл жетінші жыл игілігін көргелі жүрміз. Өз басыма келсем, биыл агроаймақтан 5 гектар жер алып, тары ектім. Оған қосымша қауын, қарбыз, қартоп, сәбіз егуді де ұмытпадым. Бәрі бала-шағаның несібесі үшін. Ауыл халқына қара жерден несібесін айыруға мүмкіндік жасап отырған аудан басшыларына алғыс білдіремін. Жыл сайын дәстүрден жаңылмай тары егіп, несібемізді алып жатырмыз, – дейді Қандөз ауылының тұрғыны Ержан Асанов.
Иа, диқанның сөзіне құлақ ассақ, тары өсірудің бейнеті аз емес. Әсіресе, дән себілгеннен кейін 10-15 күннен соң екі құлақтанып шыққан тарымен жарыса қаулайтын арам шөппен арпалысып, бел жазбайды. Өнім сапалы, әрі бітік шығу үшін тыңайтқыш беріп, мезгілімен суғарып отыруға тиіспіз. Ең соңында дайын өнімді нарыққа шығару да үлкен жұмыс. Барлығымызда белгілі, тарының сөгі мен талқаны адамға ерекше күш-қуат береді. Дақылда адамға қажетті дәрумен көп. Сол пен талқан дайындаудың үй жағдайындағы қарапайым тәсілі туралы Қандөз ауылының тұрғыны Күлән апайымыз: – Күніне 30 кг тарыны 60 литр суға салып, 25- 30 минут қайнатып, содан кейін оны қуырамыз. Бір қап сөкті дайындау үшін 3 сағаттай уақыт кетеді. Тары өсіру мен оны сату, базарға шығаруда көп еңбекті талап етеді – дейді.
Тарының денсаулыққа пайдасын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Тарының құнарлы дақыл екенін ата-бабаларымыз ертеден білген. Тарының тағам ретіндегі құнарлылығы мен жұғымдылығы, адам денсаулығына пайдалылығы ғылымда әлдеқашан дәлелденген. Тары адам ағзасына тоқтықты дарытуымен бірге, емдік қасиетімен де қадірлі. Ол адамға күш-қуат береді. Ғалымдар басқа да емдік қасиетімен бірге тарының адам ағзасындағы улы заттарды жоюға да септігі бар дегенді айтады. Тарының ауыл шаруашылығы мен өндірістегі пайдасы да қыруар. Мәселен, тары сабанын жеген сиырдың сүтінің өнімі мен құнарлығы артады. Сабаны қыста да көкмайсадай жұмсақ болып тұрады, сондықтан оны мал сүйсініп жейді. Тары жеген тауықтар көп жұмыртқалайды. Әрине, тары өндірісінің өрісін өсіруге, өнімін көбейтуге көбірек көңіл бөлінсе, белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланған қандөздіктер дақыл түрлерін егіп, одан мол өнім алу жолында еңбектенуде.

Әсел РЗАЕВА
27 шілде 2024 ж. 215 0