Наурыз көже

Наурыз көжені Наурыз мерекесін құттықтап, үй-үйді аралаған жұрт ішеді. Оларға үй иелері: "мынау келмеген пәлен туысыңның, мынау түген туысыңның сыбағасы" деп зорлап сый көже беріп, мереке қызығын арттыра түседі.
Наурыз көже жасағанда, қазанның төрт құлағына төрт жапырақ май қойып пісіру - төрт түлігіміз сай, бай-бақытты болайық деген игі тілекті; жеті түрлі дәм қосу - арман-тілегімізге жетіп, қасиетті өсімдіктер секілді өсіп-өнейік, көгеріп-көктейік дегенді; ал кәрі жілік асу - өмір-жасымыз ұзақ болсын, ел-жұртқа қадірлі болайық деген арман-мақсатты білдіреді.