» » «Мерейлі отбасы» – ел мерейі

«Мерейлі отбасы» – ел мерейі

Отбасы – адамның ең басты құндылығы, алтын ұясы. Отбасы – белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің өзегі. Ұл да, қыз да отбасында алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінезқұлық нормаларын игереді. Отбасы – баланың азамат болып өсуінің негізі. «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасы – отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған бірегей бағдарлама. Отбасы институты, адамгершілікті, рухани құндылықтарды нығайтып, бала тәрбиесіндегі атаананың жауапкершілігін арттыруды мақсат еткен жобаның негізгі тетігі -отбасындағы ең бағалы дәстүр – дағдыларды өскелең ұрпаққа ұғындырып, қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау.
Биыл ауданымызда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына ауылдық округ әкімдерінің ұсынысымен 45 өтінім келіп түсіп, әрбір отбасының құжаттары аудандық қоғамдық даму бөлімі саралап, іріктелген 13 отбасының құжаттары комиссия қарауына ұсынылды. Оның ішінде 6 отбасы номинациямен сүйіншіленсе, 7 отбасы Алғыс хатпен марапатталды. «Мерейлі отбасы-2024» ұлттық байқауының аудандық бірінші іріктеу кезеңінің марапаттау шарасы «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығында өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Бектас Нүридинов байқауға қатысушыларды құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
– Қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, қең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ. Адамгершілік пен парасатты ту етіп, ұрпаққа тура жолды нұсқай білген отбасының тамыры тереңге жайылып, өсіп-өркендей берері хақ. Баршаңыздың отбасыңызға бақыт-береке тілеймін, – деп ізгі тілегін арнаған аудан әкімінің орынбасары, жобаға қатысушы отбасыларды құттықтап, марапаттары мен сыйсыяпатын табыстады. Аудандық қоғамдық даму бөлімінің шешімімен Төреқожаевтар әулеті «Мерейлі отбасы-2024», Мырзабаевтар әулеті «Еңбекқор отбасы», Бакировтар әулеті «Өнегелі отбасы», Бердібековтар әулеті «Үлгілі отбасы», Төлепбаевтар әулеті «Жарасымды отбасы», Бурисовтер әулеті «Ұстаздар отбасы» номинацияларымен марапатталып, қалған қатысушы отбасыларға аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.
Комиссия отырысының қорытындысына сәйкес Жаңақорған ауданынан облыстық ұлттық жобаға іріктеуге Аққорған ауылынан Төреқожаевтар әулеті мен Сүттіқұдық ауылынан Мырзабаевтар әулеті ұсынылып, құжаттары жолданды. Отбасы – ұлт тәрбиесінің уығы. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта, шағын мемлекет. Отанды сүю – отбасынан басталады. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы қайнары. Оның бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады. Туған үйдің жылуы оның көкірегінде мәңгілік сақталады. Бүгінгі ұрпақ санасына үлкенге – құрмет, кішіге – ізет ұғымдарын, адамгершілік сезімдерін ұялатуда отбасы ерекше маңызға ие. Өмірін өнегемен өрген әр отбасының бірлігі бекем, мерейі үстем болсын.

Жәмила ЕРМАХАН

23 шілде 2024 ж. 331 0