ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ПАРТИЯ АЛАҢЫНДА АЗАМАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев аудандық партия филиалында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Қабылдау барысында аудандық мәслихат депутаты Изатулла Үсенов Сыр беткейдегі ауылдарды толықтай газдандыру мәселелерін көтеріп, Қожакент ауылындағы №168 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізуді назарға алуларын, қарапайым халықтың талап-тілегін жеткізді.
Екінші Түгіскен ауылының тұрғыны Садықов Сардармұхаммедуали Түгіскен ауылының электр желілерін толықтай жөндеуден өткізсе деген тілегін жеткізді.
Бұл мәселелерге мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Жаңақорған ауданында газдандыру мен электр жарығын жөндеу жұмыстарынан өзге аудандарға қарағанда көш басында екенін алға тартып, алдағы уақытта бәрі кезең-кезеңімен шешілетінін тілге тиек етті.
Одан әрі аудандық мәслихат депутаты Бағлан Сұлтанбеков Келінтөбе ауылындағы тоқтап тұрған спорт кешенінің жұмысын назарға алуды ұсынды.
Мәжіліс депутаттары бұл мәселе облыс әкімінің назарында екенін, алдағы уақытта шешілетінін жеткізді.Қабылдауға келген азаматтар көкейлерінде жүрген мәселелерін жеткізсе, халық қалаулылары аталған мәселелер кезең кезегімен алдағы уақытта жүзеге асырылатынын алға тартты.