№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Телекоммуникация: Цифрлы қоғамға көшіп үлгердік пе?

Телекоммуникация: Цифрлы қоғамға көшіп үлгердік пе?

Күн санап жаңарып, тың бағыттармен толысып жатқан қоғам жаңалығы – цифрландыру. XXI ғасырдың бұл жетістігі телекоммуникациямен егіз дамып келеді. Ақпараттық технологиялардың қолжетімділігі – цифрлы сана мен цифрлы әлемге ауысудың негізгі тетігі. Осы орайда үлкен жылдамдықтағы кең жолақты интернет қажеттілігі туындайтыны белгілі. Нақтылай кетсек, интернет ресурстарының “5G” жиілікке қосылуы, ақпарат ағынының қолжетімділігі, ғаламтор қолданысын қамтамасыз ету, сапалы байланыс жиілігін қадағалау сынды ақпараттандыру саласындағы жетістіктердің барлығы цифрлы қоғамға бастайтын бірден-бір жол.
Бүгінде барлық салада ақпараттық технологияны енгізіп, сапалы интернетке қол жеткізу, жалпыға ортақ "электронды үкімет" порталында жұмыстарды ұйымдастыру қарқынының күн санап артуы бұл сөзімізге дәлел. Мекемелерде жекелеген мамандар қызметіне жүгініп, кезегін күтіп сарылған адам қарасы азайғаны белгілі. Оған себеп электронды цифрлық қолтаңбаңыз арқылы кез-келген ақпараттық анықтамаларға онлайн түрде қол жеткізуге болады. Яғни, ұялы телефондағы «eGov mobile» қосымшасы арқылы әлеуметтік қамсыздандыру, жылжымайтын мүлік, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы сияқты түрлі құжаттарды әзірлей аласыз.
Тіпті, халық көп қолданатын «Kaspi.kz», «Halyk» банк қосымшалары арқылы да аталған қызмет түрлеріне оңай қол жеткізуге болады. Халықтың бұл өзгерістерді игеріп, өз-өзіне қызмет көрсетуге төселу деңгейі бойынша еліміз ТМД елдері бойынша алдыңғы сапта бой түзегенін көрсетеді. Қазақстандағы телекоммуникация сатылап даму арқылы жыл өткен сайын жаңарып келеді. Қазірде үй телефондары қолданыстан шығып, оның орнына сымсыз байланыс құралдары келді. Бүгінде еліміздегі телекоммуникация ақпараттарды таратып қана қоймай, оны сақтауға қауқарлы. Бір олқы тұсымыз интернет сапасының төмендігіне шағым көп. Өткен жылдың өзінде еліміз бойынша байланыс сапасына шамамен 21 мың шағым келіп түссе, биыл 5 айда мұндай шағымдар саны 11 мыңға жуықтаған. Тек шалғай елді мекендерде ғана емес, қалаларда да мобильді байланыс пен интернет сигналының нашарлығы байқалады.
Осы тұста ауданымыздағы интернет сапасы мен оны жоғарылату мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білу үшін аудандық «Қазақтелеком» АҚ басшысы Зинадулла Өрғараевпен тілдескен едік. Ол былай деп мәлімдеді: – Ауданымызда 28 елді мекенде АТС бар, оның 22-сі талшықты желіге қосылған. 2022 жылы Кеңес, Құттықожа, Жайылма елді мекендеріне жаңа технологияға сай радиомост қондырғысы орнатылып, интернет желісіне қосылса, 2023 жылдан бастап Саяжай, Қорғантоғай және Ипподром мөлтек аудандарына радиомост қондырғысы орнатылып жатыр. Сонымен қатар Әбдіғаппар, Қожакент, Төменарық, Жаңарық елді мекендері және кент орталығындағы ШАД-1, ШАД-2 АТС-на 64 порттан интернет желісі қосылған. Қазіргі таңда интернетке қосылған 5550 телефон нүктесінің 5327-сі жеке тұлғаларда болса, 235-і заңды тұлғаларға тиесілі. Алдағы уақытта тұрғындар қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Қосүйеңкі елді мекені мен басқа да ауылдарда жаңа технология арқылы интернет сапасын жақсарту жоспарлануда, – дейді. Қазір Қазақстан Үкіметінің ақпараттық технологияларды игеруді барынша жылдамдатуға ұмтылып отырғандығын байқауға болады. Өкінішке қарай, жаңа заманның ақпараттық технологияларын таратушы кең жолақты интернет желілері ауылдарымыздың бәріне бірдей жеткен жоқ. Цифрландыруға толықтай көшу мақсатында атқарылған жұмыс қарқынына қарап бұл мәселе де таяу арада шешілетініне сенім мол.
Цифрландыру саласындағы бірқатар жаңарулар бізге де келіп жатқанын жоғарыда атап өттік. Серпіліс те жоқ емес. Дегенмен, цифрландырудың өнеркәсіптік өндіріс, халық шаруашылығы, көлік, бөлшек сауда салаларына ықпалы жөнінен еліміз әзірге әлемдік орта деңгейге жете қойған жоқ. Онлайн-сауда нарығы жөніндегі көрсеткішіміз тіпті төмен деуге болады. Біздің еліміздегі барлық деректер сандық түрде өңделіп, электронды цифрлық құжат арқылы қолжетімді бола бастаған.
Цифрлық экономика көріністеріне онлайн қызметтер, электрондық төлемдер, электрондық құжаттар айналымы мен интернет арқылы сауда жасауды атап өтуге болады. Аталған қызмет салаларының цифрлық экономикаға ауысуы азаматтарға қызметтер мен тауарларға тезірек және оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ал онлайн саудадағы цифрландырудың басты артықшылығы – уақыт тиімділігі мен ақша үнемдеуде. Бүгінде халықаралық «Alibaba» онлайн сауда алаңы арқылы қазақстандық 61 компанияның тауарлары әлемнің әр бұрышына тасымалданады. Дегенмен, онлайн сауда алаңының белсендісі болу – білімділікті талап етеді. Олай дейтініміз жүзбе-жүз қарым-қатынаста келісім жүргізетін, сататын немесе сатып алатын өнім туралы нақты ақпараттарды онлайн сауда нарығында жүйелі енгізе білетін ағылшын тілін жетік меңгерген маманның болуы басты талап. Алдағы онжылдықта сауда нарығын цифрландыру - бәсекеге қабілетті сауда ошағына айналудың негізгі тетігіне айналмақ. Сонымен қатар, өнеркәсіпті, өндірісті, денсаулық сақтауды цифрландыру мен білім беруді цифрландыру да қолға алынуда. Білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау, ең алдымен, мектептер мен ЖОО-ларды баршаға арналған оқыту мен оқыту материалдарының қолжетімділігін арттыруға арналған қазіргі заманғы цифрлық технологиялармен қамтамасыз етуді көздейді. Нәтижесінде, оқушылар үйден шықпай-ақ білім ала алатын онлайн-білім беруге баса назар аударылатын болады. Білім беруді цифрландырудың бірден-бір артықшылығы оқушыларды тәуелсіздікке үйретіп қана қоймай, қағазбастылықты жоюға жол ашпақ. Осылайша оқушыларға үнемі көптеген дәптерлер мен оқулықтар алып жүрудің қажеті болмайды. Ал мұғалім үстеліндегі барлық құралдардың орны бір ғана планшетке ауыспақ. Салаларды жаппай цифрландырудың кезекті артықшылығы – үнемдеу. Яғни, кеңсе шығындарын азайту, оқулық-дәптерлердің электрондық нұсқаларын пайдалану көп шығынды қажет етпейді. Біздегі қолданысқа еніп үлгерген. «Күнделік.кз» қосымшасы білім саласын цифрландырудың бір көрінісі. Оқушы бағасын бағамдап, білім сапасын болжау электрондық журналдың еншісіндегі жұмыс. Ал, оқушының білім деңгейін көтеру мақсатында ұйымдастырылған бонустарды бестік бағаның жемісі десек те артық болмас. Бонустарды электрондық дүкендерде қажет тауарға алмастыруға болады. Мектеп жасындағы жасөспірімдерге қажетті білімді игергені үшін бөлінетін бонустар оқушыларды білімінің жемісімен қауыштырады. Мұның өзі білім беру саласын цифрландырудың оқушыға тартуы деп білеміз. Түйін: Тек сандар сөйлейтін жаңа заманда жол жүру билеттерін, электрондық құжаттарды, қызметтің сан саласындағы анықтамалық ақпараттарды онлайн түрде алып, өз қажеттілігіңізді өзіңіз қамтамасыз етуге үйрену цифрлы заманның басты талабы. Әлеужеліден алыс қалмай, тың ақпараттармен танылып, оны игеруге асыққанымыз абзал. Әлем көшіне сол кезде ілесе аламыз.

Жәмила ЕРМАХАН

01 шілде 2024 ж. 244 0