№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңа заң журналист мәртебесіне жол ашады

Жаңа заң журналист мәртебесіне жол ашады


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деген болатын.


Жаңа заңда интернет ресурстарды да қамтитын Масс-медиа деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым енгізіліп жатыр. Яғни ақпаратты жариялауда азаматтардың дербес қолтаңбасына, сөз бостандығына кепілдік беретін ақпараттық егемендіктің маңызы арта түседі деген сөз.
Жаңа заң аясында мемлекеттік ақпарат­тық саясатты жүзеге асыратын Бірыңғай медиаплатформа құрылмақ. Осыған орай Мә­дениет және Ақпарат министрлігі бүгінге дейін қолданылып келген «Бұқаралық ақпарат құ­ралдары туралы» және «Телерадио хабарла­рын тарату туралы» заңдардың орнына әзірлеген «Масс медиа туралы» заң дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен интернеттегі желілік басылымдарға бірдей міндет пен жауапкерші­лік жүктейді. Оның 1 бабының 6 тармағында: «бұқаралық ақпарат құралы – мерзімді баспасөз басылым, теле-радиоарна, интернет басылым» деп көрсетілген. Бұдан былай бұқаралық ақпарат құралдары және интернет ресурстар Мемлекет басшысы биылғы 19 маусымда қол қойған «Масс-медиа туралы» заң аясында , ал әлеуметтік желідегі парақшалар былтырғы 10 шілдеде қабылданған «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң аясында реттелетін болады.
Журналистердің қызметі қоғамдағы саламатты атмосфераны дамытуға және қауіпсіз ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға ықпал етуге тиіс. Бұл ретте журналистің жеке басы кәсіби біліктілігіне қоса азаматтық көзқарасы, адами мінез-құлық әдебі де үлкен маңызға ие. БАҚ-тың өз қызме­тін реттеу мақсатында заңда республикалық, өңірлік деңгейде қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру көзделіп отыр. Оның негізгі қызметі журналистің әдеп кодексін әзірлеу. Гранттық қаржыландыруды енгізу арқылы мемлекеттік ақпаратты қаржыландыру тетіктерін жетілдіреді.
Заңда балалар басылымдары мен өңір­лік газет-журналдарды қаржылай қолдауға басымдық беріліп отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдары қай кез­дегідей қоғамдық сананы қалыптастырып қана қоймай, саяси шешімдерге тікелей ықпал ете алатын маңызын төмендетіп алмауы тиіс. Заңда осы жағы ескерілген. Кәсіби журналистердің кедергісіз жұмыс істеуіне, ақпараттық кеңістіктің ашықтығы мен ықпалдығын, тиімділігін арттыру­ға, ақпарат таратуда бәсекенің дұрыс бағытта дамуына, жалпы қоғамдық саяси-тұрақтылық пен мемлекетіміздің саяси ілгері жылжуына заңның әсер ететіні даусыз.
Кәсіби журналистерге таң­даған кәсібінің күнкөріс көзі ғана емес, ол үлкен қоғамдық миссия екенін де ұмытуға болмайды. Өйткені кез келген елде саяси-әлеуметтік дамудың негізгі тетігі – қоғамдық пікір арқылы алға жылжиды. Бұл ретте ақпараттық майданды құрал ретінде пайдаланып отырған күштердің жалған дақпыртты қалқан тұтары анық. Интернет ресурстарды қадағалаудың мүмкін еместігі ұлттық қауіпсіздік, ұлттық мүдде тұрғысынан заңнамалық реттеу тетіктерін жан-жақты жетілдіруді талап етеді.
Өмірімізге интернет енгелі бері кез келген адам өзінің пікірін, көрген-білгенін жариялауда әлеуметтік желіні ақпарат көзіне айналдырып келеді. Бірақ мұның екінші бір жағы, әлеумет­тік желінің осы мүмкіндігін алға тартып, өздерінің жеке көзқарасын қоғамға күштеп таңғысы келетін пыйғылдың белең алып бара жатқанын да көріп отырмыз. Өз кезегінде жалған ақпарат таратуға тоққауыл қойылып, ақпараттың шынайылығына талап күшейтіледі. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жалған ақпараттар бойынша жеке немесе заңды тұлғалардың талап қою мерзімі бір жыл болып белгіленді.
Мемлекеттік емес БАҚ-тардың отандық кон­тентті дамыту, гранттық қаржыландыру жағы реттелетін болды. Бұл елдегі медиакеңістіктегі бәсекелестікті арттырады. Рухани кеңістікке ше­телдік бағдарламалар арқылы сыналап еніп жат­қан жат көріністердің алдын алуда телерадиода шетелдік бағдарламалардың ретрансляциясы 20-дан 10 пайызға төмендетілмек.
Сондай-ақ заңда мемлекеттік тілдегі мазмұнға басымдық берілетіні, мәселен, телеарналарда қазақ тілінің контентінің үлесін 60 пайызға арттыру жөнінде мәселе шешімін тапты.
Жаңа заң нормаларындағы бұл бастамалар­дың дені ақпараттың тәуелсіздігін нығайтуға, сондай-ақ БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арт­тыруға, қажетті отандық контентті дамытуды ынталандыруға бағытталған.

Баян ҮСЕЙІНОВА
25 маусым 2024 ж. 186 0