Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білім сапасы артып келеді

Білім сапасы артып келеді


Биыл ауданда 1023 түлек мектеп бітіреді. Оның 92 пайызы, яғни 951 түлек ҰБТ-ға қатысады. Бұл мәліметті аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекжан Есенбаев брифингте айтты.


– Балалардың білім деңгейін және дамуын айқындайтын бірден-бір көр­сеткіш – ол пән олимпиадасы. 2023-2024 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық кезеңге ауданымыздан 5-6, 7-8, 9-11 сыныптар бойынша 57 оқушы қатысып, 21 оқушы жүлделі орындардан көрінді. 6 оқушы Алғыс хат иемденді. Республикалық кезеңіне 2 шәкіртіміз қатысып, 1 оқушы жүлдегер атанды. «Ұлттық бірыңғай тестілеуді және кешенді тестілеуді өткізу қағидаларына» сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-ақпан айында өткен ҰБТ-ға 841 талапкер сынақ тапсырып, наурыз айында 743 түлек сынақ тапсырып, ауданның орташа балы 84%-ды құрады. ҰБТ көрсеткіші бойынша Жаңақорған ауданы бірінші орынға шығып отырмыз, – деді Бекжан Есенбаев.
Бөлім басшысы міндетін атқарушының айтуынша, мемлекеттік білім конкурсына қаты­суға мүмкіндік беретін мамыр және маусым аралығындағы ҰБТ-ға 1023 түлектің 951-і, яғни 92,9 пайызы өтініш білді­рген. Бітірушілердің арасында 89 бала «Алтын белгіге», 109 бала «Үздік аттестатқа» үміткер. Білім алушылардың білім сапасын арттырудың бір жолы - оқу процесін жүйелі ұйымдастыру. Ауданда 44 мемлекеттік және 8 жеке мектеп бойынша 19885 оқушы дәріс алуда. Үздік оқушылар саны – 4249, жақсы деңгейдегілер – 5736-ны құрады. Аудан бойынша жалпы білім сапасы 59% құрап, 2 тоқсанмен салыстырғанда 2 пайызға өсіп отыр.
– «Алтын тұғыр» олимпиадасының об­лыстық кезеңінен И.Әбдікәрімов атын­дағы №168 орта мектебінің бастау­ыш сынып мұғалімі Құрбан Гүлнара бірінші орын алды. «Бастау» республикалық математикалық турнирінің облыстық кезеңінде №162 мектебінің 2 сынып оқушысы Сәбит Нұрымжан бірінші орын, №51 мектебінің 3 сынып оқушысы Жантө­ре Тынбек үшінші орын, №51 мектебінің 4 сынып оқушысы Ұлдана Манасбай екінші орын, ал орыс сыныптарының арасынан «Заңғар» интеллектуалды мектебінің 3 сынып оқушысы Асанәлі Алихан үшінші орын және «Заңғар» интеллектуалды мектебінің 4 сынып оқушысы Санжар Аянұлы екінші орынға ие болды. «Бастау» республикалық математикалық турни­рінің республикалық кезеңінен №162 мектебінің 2 сынып оқушысы Нұрымжан Сәбит үшінші орын алды. №54 орта мектебінің оқушысы Әліби Ерғали үшінші орын, №223 орта мектептен Данагүл Қалдан, №256 мектептен Нурсаят Жолдықожа үшінші орын, №167 мектептен Раяна Оңғар екінші орын, №160 мектептен Арман Әшірбеков үшінші орын, Daryn school мектебінен Кенжебек Ханым бірінші орынға ие болды, – деді бөлім басшысының міндетін атқарушы.
Аудан бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда 791 педагог бар болса, оның 324-і мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымда, 431-і жекеменшік ұйымда, 36-ы мектеп жанындағы шағын орталықтар­да жұмыс істейді. Брифингте айтылған мәліметтерге қарағанда жалпы білім бере­тін мектептердегі мектепалды даяр­лық сыныптарына 1229 бала қамтылған. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қам­ту көрсеткіші- 87,9%, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші – 100%. Бүгінгі таңда облыстағы 114 балабақша «мектепке дейінгі білім беруді ұйымдастыруға жолдама беру үдерісі мен кезектілікті қалыптастыру мен қызметін автоматтандыру» жүйесі­не 100% қосылған. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі жаңа құрылыстың, сондай-ақ, жеке нысандағы мектепке дейінгі білім беру ұйымда­рының ашылуының есебінен ұлғаюда. Кезектілікті жою мақсатында 2027 жылға дейін жалпы қуаты 1720 қосымша топ ашу жұмыстары жоспарлануда.
– Биыл аудан орталығындағы №163 орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ, Билібай ауылындағы №255 негізгі мектепте 20 орындық асхана мен спорт зал салынып, Жаман­бай батыр ауылындағы №54 мектепке жаңа бастауыш сынып ғимаратының құры­лысы жүріп жатыр. 2023 жылдың қаң­тар айынан бастап кент орталығын­дағы №286, 169 мектеп ғимараты және МАИ бекетінде 300 орындық мектеп жаңадан пайдалануға берілсе, Байкенжеде 150 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жо­басы әзірленген. Аталған жоба ая­сын­да 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орындық мектеп салу көзделген. Жоба аясында Жаңарық ауылынан 300 орындық және Жаңақорған кенті, Саяжай аумағында 600 орындық мектеп құрылысы басталды, – деді ол.

ТҮЙІН. Биылғы оқу жылында ҰБТ-көрсеткішінен үздік, білім деңгейі жө­нінен үшінші орында тұрмыз. Үнемі шығармашылықты, дамытып отыру мұға­лімнің педаго­гикалық шеберлікті меңгеруі мен өзіндік шығармашылық зертханасын құру үшін қажетті қасиеттер мен дағдыларды дамытуға көмектеседі.

Мақпал МАРҚАБАЙ
25 мамыр 2024 ж. 379 0