Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Алтын керегенің киесі

Алтын керегенің киесі

Өмірге ұрпақ әкеліп, әулет сабақтастығын жалғастыру өз алдына, келін боп түскен отанына құт ұялатып, берекесін бекемдеп, қайткенде шаңырақ шаттығының туын асқақ ұстаймын деуден жаңылмаған қарапайым қазақ әйелінің жарқын бір мысалындай алдымызда отырған замандасымыздың жан сырына құлақ түрдік.

Бүгінде зейнет жасына таяп қалған Сунақата ауылының тұрғыны Есенкүл Тұрсынқызының осы жасқа келгендегі түйгені, кісіге өз маңдай терімен еншілеген тұғыры қымбат екен.
Бұлар әке мен шешеден үш қыз. Есенкүл аудан орталығындағы №163 орта мектебін бітірген соң бір жылдық тігін техникумын тәмамдап, алғашында аудандық тұрмыстық қажетін өтеу комбинатында жұмыс істеген. Ол жабылған соң ХРСУ мекемесінде құрылысшылар бригадасы құрамында жаңадан соғылып жатқан Алтынсарин мөлтекауданындағы тұрғын үйлер құрылысында қолтаңбасы қалыпты. Еңбектің белсендісі комсомол жастар звеносына жетекшілік етіп, егін жинау науқанында да тер төгіпті. Сунақата ауылының жігітіне тұрмысқа шыққанында жиырма жаста екен. Біздің «Ауылда кімнің келінісіз?» деген сауалымызға өмірінде қайынатасының атын айтып көрмеген әулие келін қолына қалам алып, ақ қағаз бетінен «Байқожаев Құлсадық» дегенді сойдақтататып жазды да көзімізге тосты. Атасы совхозда күріш еккен, бақшалықты да баптаған диқан кісі болыпты. Келін болып түскенінде күйеуінің үйдің тұңғышы екенін білді, шешеден ерте қалған шиеттей бала әлі мектеп оқушысы, тұрып жатқан үйлері де тым жұпыны көрінді. Бір жылдан соң ауылдан Асқан деген кісі қалаға көшетін болыпты да, олар отырған үлкен үйді саудаламас бұрын атасы өзімен кеңесіпті. Табалдырықты аттап түскеннен аяқ-қолы жылдам, бейнетке бейім, заты жуас келініне пейілі құлаған атасы буып-түйген ақшасын мұның қолына ұстатып, «Мына қаржыға құда шақырамын деп отырмын. Не ақыл қосасыңдар?» дегенінде бұл «Алдымен үлкен үйге кіріп алайық, көке, қалғаны сосын бола берер» деп қазіргі отырған шаңыраққа көшіп көңіл демдеген. Міне, содан бері қырық жыл, үлкен үйдің бар шаруасына өзі бас болып, қайын-қайынсіңліні, тіпті өз бала-шағасын да түгел аяқтандырып бір-бір үй етіп шығарды.
Тұңғыштарының айы-күні жақын қалғанында әкелері жарықтық «Немерем ұл болса есімін Ынтымақ қойыңдар. Ұрпақтарымның ынтымағы артсын» деп ырымдапты. Дүниеге қыз бала келді де есімін Ырысбала деп қойды. Екінші жылы дүниеге келген ұл перзенттеріне Ынтымақ деп ат қойды. Бірақ бұл сәбиді қайран аталары көріп үлгермей, өмірден озып кетті.
Тоқсаныншы жылдар елде күнкөрістің өзі көп ауырлап кеткен қиын кезеңдер еді. Сунақата ауылының ішіне су жүргізілетін болып жұмысшылар бригадасына аспаздыққа бекітілген Есенкүл күн сайын қара қазанның берекесін тасытып отбасынан бөлек жиырма адамның жағдайын жасап бақты. Менікі-сенікі дегенді білмеді, бар-жоқ демеді, пейілін тарылтпады. Елдік тірлікте есептесіп жатпай, қабағын шытпай, қазақ әйелдеріне тән үлкен жүректігін сонда бір танытты.
Бойға сіңген өнегенің түп-тамыры отбасында әкесі мен анасынан көрген тәрбиеде жатыр. Әкесі комхозда қарауыл болған, анасы Аманкүл аудан орталығындағы наубайханада нан жапты. Сол кісілердің қасында көмекші болып жүріп адал нан табудың қасиетін бойларынан өткізіп, қара бейнетпен пісіп-жетілген өмір сабағы оны осылайша тығырықтан сүріндірмей алып шықты.
Еңбек адамының өмір шежіресінен біз осыны ұқтық. Өз еңбегіне ғана сүйеніп, біреуден бірнәрсе сұрауды ар көретін адамға алдымен ақылы көмекке келсе керек. Ақылға жеңдірген адам қанағатшыл, нысапшыл, тәуекелшіл.
Құрылыс жұмысы біткеннен кейін аспаздықты жиып қойып, өзі көзін білетін кез-келген кәсіпті үлкен-кіші демеді. Үйде отырып сәбіз салат істеп сатты. Ауыл іргесінен иелікке алған шаруашылық жерлеріне бала-шағасымен жүріп еккен бақшалықтың қауын-қарбызы мен помидор-қиярын есек арбаға салып алып үй аралап жүріп саудалады.Тауық асырап, жұмыртқасымен ішіп-жемін ажыратты. Осылай еңбектеніп, бала-шағасын да түгел жоғары оқу орнында оқытты. Ата-ана еңбегін ақтаған ұл мен қыз барын салып оқып, бір-бір мамандық иесі атанды. Айналасы бұл отбасын мақтап, Есенкүлдің еңбегін жоғары бағалады. Екімыңыншы жылдарға қарай отағасы ауылдан монша салып, он жыл үздіксіз халыққа қызмет етті. Есенкүлдің ауыл мектебіне еден жуушы болып кіргеніне де жиырма жыл болды. Одан бөлек, есік алдында мал ұстап, сүттен ірімшік, май, құрт алып, қалада тұратын балаларына жіберіп отырады екен.
Көзін ашқаннан қолдан келген кәсібіне сүйеніп, тек өз еңбегінен бақыт тапқан ана бүгінгі күні жұмыс жоқ деп бос қарап отыратын қыз-келіншектерге қатты қарны ашатынын да жасырмады. Қарекетсіз құр отыру кісіні тығырыққа тіреп, айрандай ұйып отырған отбасында ұрыс-керістің шығуына да себеп болып жатады. Ондайда қайдағы-жайдағы психолог кеңесіне жүгініп, «Өзіңді-өзің бағала, жақсы көр, сен бақытты болуға лайықсың. Ол үшін өзіңе қара, өзіңді жоғары тұт, өзіңе сыйлық жаса, көңіл көтер, өмір бір-ақ рет беріледі» деген әлдекімдердің «жанашыр» ақылына жүгініп, өзімшілдікке ұрынып өмірлерін мүлде қиындатып жүрген жастарға өз басынан өткен өмір тәжірибесін шынайы мысал етіп айтудан жалықпайды.
Абай атамыздың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар қайратың мен ақылың екі жақтап» дегеніндей, ерік пен жігеріне арқа сүйеп, өмір-күресте есесін жібермеген Есенкүл бүгін ауыл мен Алматының арасын жол қылып, жан қалауының дегенімен балаларын аралап жүрген жағдайын бақыттың ең үлкені санайды.
Бүгінде үш ұлы да Алматы қаласында тұрып жатыр. Қыздары тұрмыста. Үлкен ұлы Ынтымақ әскери салада қызмет атқарса, одан кейінгі екі ұл кәсіпкерлікпен айналысады. Үш келіні де мұғалім екен.
– Отбасының бақыты – ананың қолында. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өтпелі кезеңде қаншама қиын күндерді бастан өткерсек те қажыр-қайратымызға сүйеніп, қара жерден қол үзбедік. Жер-ана өзін мәпелегеннің қолын құр қайтармайды екен. Әуелі Құдай, балаларымызды қара жердің берген ырзық-несібесін теріп жүріп асырадық. Сондықтан олар да маңдай термен тапқан тиынның қадірін жақсы біледі. Қанағатшыл. Мен осыған қуанамын, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Төл басылымға жазылу үшін редакциямызға арнайы соққан анамен бір сәттік сұхбаттан өзіміз де терең ой түйгеніміз сонша, айтқан әңгімесін өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдік.

Б.АЛАУДИНҚЫЗЫ
21 мамыр 2024 ж. 171 0