Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еріктілер елмен бірге

Еріктілер елмен бірге


Етігімен су кешкен ерікті жастар елдің батыс өңірін апаттан құтқаруға аттанды. Бұл өңірде сағатына 29 сантиметр су көтеріліп, ауыл-қаланы лезде су шайып, қаншама халық баспанасынан айырылып, мал-жаны тасқынға жұтылып жатыр. Төтенше жағдай жарияланғанына он күннен асқан аймақтың жай-күйіне жайбарақат қарап отыру мүмкін емес. Сондықтан болар, еліміздің әр аймағынан ерікті жастар қол күшін беруге батыс өңірге аттануда. Солардың қатарында біздің «Жаңарған Жаңақорған Жастары» қоғамдық бірлестігінің ерікті жастары да бар.


Әлқисса, «Жаңарған Жаңақорған Жастары» ерік­тілер тобының ватсап чатында аудандық мәслихат депутаты Данияр Досантаев батыс өңірдің күйіне бей- жай қарау азаматтыққа сын екенін айтқып бастама көтерген болатын. Көптің пікірі бір арнада тоғысып, бір топ еріктілер апатты жағдайда тұрған халыққа қол күшін беруге уағдаласты. Сайдың сақасындай еріктілерді жанына ерткен қоғам белсендісі Дәулет Тұрабаев Орал өңірін тасқыннан қорғауға қолқабыс етуге ниет танытты. Бейсенбіде жолға шыққан жерлестер тәулік бойы жол жүріп, Ақтөбе облысы, Қобда ауданының мешітінде түнеп, одан әрі Оралға бет алды. Орал қаласының маңындағы Теректі, Саяжай 1 және Саяжай 2 деген ауылдардың ахуалын сөз етсек, тасқынды болжап отырған гидрологтар мен төтенше жағдай мамандары осы ауыл түгел су астында қалу қаупі барын меңзеді. Жергілікті билік Орал қаласын қорғауды басты жоспарға енгізгенімен оның айналасындағы шағын елді мекендерді қамтуға қауқарсыздық танытуда. Тарқатып айтсақ, мемлекет қызметшілері, мұғалім, дәрігер, сала қызметкерле­рі өз күштерімен тәуліктеп Орал қаласының қорғанын биіктетуде. Ал Жайық өзенінің жағалауындағы 12 елді-мекенді апаттан арашалауға еліміздің еріктілер жасағы ерекше екпінді қимыл жасауда.
Орал қаласына 10 шақырымдай жерде әлеуметпен ортақ іс-қимыл біріктірген Дәулет Тұрабаев бастаған жерлестеріміз Аманжол Әбдіхамитұлы, Қажымұқан Мұңайтпас пен Дәурен Темірханұлы тұрғылықты халықпен бірге қапшықты құмға толтырып, қолдан қорған қоюда. Алғашқы күні қол көмектің аздығы мен судың қарқынының тым жоғары болуы Саяжай 1 ауылын қорғауға мүмкіндік бермепті. Тосыннан тап берген су 10 минутта 600-ден астам тұрғын үйді суға батырды. Әр жерде шатыры ғана көрінген ауылдың ұсқыны жүректі шымырлатып, қорқыныш ұялатады. Ауылдың адамдары бірін-біріне қол ұшын созып, бірін-бірі құтқарып әлек. Осындай азан-қазан тіршілікті көзбен көріп, тіршілік үшін жанталасты бастан кешіріп жатқан Саяжай 2 мен Теректі ауылының тұрғындарымен тізе түйістірген еріктілер тәулік бойы көз ілместен шекара шебін нығайтуда екен.
Бейбіт Шынтемір деген теректілік азамат өзінің әлеуметтік желі парақшасында тіршілік үшін қарбаласты былай баяндады: «Қазір сағат таңғы 5. Бүгін ұйықтамағанымызға 6 күн. Су іргемізде тұр, биіктігі 1,4 метр. Ауылды тастап кетуге арымыз бармай, апталап аптығып жатырмыз. Біздің барлық қапталымыздағы ауылдар су астында қалып қойды. Кеше бір адам суға кетіп қала жаздады. Оларды еріктілер аман алып қалды. Жаңақорғандық жастар да біздің сапымыздан табылып, ауыл іргесін қымтауға күш салуда», – дейді ол.
Еріктілер сапында жүрген жанашырлардың бірі Алматы қаласының Asar-Ume.kz қоғамдық қорының басшысы Асхат Нурмашев әр сағат сайын жағдайдың күрделеніп жатқанын айтып, ел жастарын бірлікке үндеуде. Мұнда құм, қап, кленка секілді қорған тұрғызуға қажетті құралдар жетіспейді. Халыққа там-тұмдап жетіп жатқан көмекті кәдеге жаратып жүрген жастар ауылды апаттан аман сақтау үшін техника тапшы екенін сөз етті.
– Мұндағы жағдайды сөзбен жеткізу қиын. Ауылын тастап кетуге қимай жүргендердің соңғы үміті біз секілді еріктілерде. Біздің төбемізді көре сала өзінің шерін айтып, мұңын тарқатып жүрген аға-әпкелердің арманы бір. Маңдай терімен соққан баспанасын суда қалдырмай, тасқынға тосқын қою. Суда қалған небір еңселі құрылысты көргенде ғұмыр бойы жинаған есіл еңбектің еш кеткен өкініші өзекті өртейді. Қасіретте қасынан табылып, жұбату айтып, халыққа рух беріп, үміт отын өшірмеуге тырысып бағудамыз. Әзірге, Алматы мен Жаңақорған жігіттері ғана қорған басында жүрміз, – дейді еріктілер жетекшісі Дәулет Тұрабай.
Оралдың апат апанында тұрғанын жүрек сезеді. Елдің де тілеуі – ел амандығы. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, Батыс өңірлердегі ауыр жағдай ел болып бірлескенде ғана жеңілдей түспек. Біз де апат аузында жүрген жастардың амандығын тіледік.

Мақпал МАРҚАБАЙ


23 сәуір 2024 ж. 185 0