Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Басты мақсат – электр шығынын болдырмау

Басты мақсат – электр шығынын болдырмау


Барлық заманауи технологияның тетігі электр тоғына тәуелді. Ал, сол тоқтың бізге сапалы жету жолында жүйелі жұмыс жасап жүрген мамандар бар. Шын мәнінде электр желісін жүргізіп, тоқ қуатын қадағалау үлкен табандылықты талап етеді. Міне, осындай жауапкершілік жүгін тізгіндеген маманның бірі – Мақсат Айымбетов.


Бүгінде ол Жаңақорған аудандық электр торабының есепке алу бөлімінің орынбасары қызметін атқарып жүр. Ауданда электр шығынын азайту мақсатындағы жұмыстарды үйлестіруде көп еңбегі бар білікті маманының өмір жолына қысқаша тоқталсақ.
Ол Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтының «электр энергетикасы» мамандығын тәмамдаған соң, еңбек жолын «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясының» қалалық электр торабының ТТ электромонтеры болып бастады. Одан әрі осы мекемеде кабель желілерін жөндеу және монтаждау жөніндегі электромонтер қызметін атқарды. Одан әрі «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясының» Жаңақорған АЭТ бастығының есепке алу жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.
– Жаңақорған ауданына жұмысқа келгеніме 3 жылдан асып барады. Келгендегі басты мақсатым электр шығынын азайту болатын. Аудан бойынша 1 айда 10 миллион киловаттан аса электр энергиясы жұмсалады. Біз соның балансын шығарамыз. Қазір ауданда есептегіш құралын орнатқан 17248 абонент бар, – дейді Мақсат Шералыұлы.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта ауданның электр шығыны бір жүйеге түскен, қарызы жоқ. Дегенмен, тұрғындар тарапынан жаққан жарығын уақтылы төлемейтіндер азаймай отыр. Аудан бойынша 1000-ға жуық абонент электр жарығының ақысын уақытында төлемеген. Оның салдары мамандардың жүйелі жұмыс жасауына кедергі келтіретіні мәлім.
– Электр шығынын азайту дегеніміз, жалпақ тілмен айтқанда жағылған жарық пен оған төленетін ақының сәйкес келуі. Адамдардың заңсыз жарық жағуына жол бермеу. Яғни, есептегіш қондырғысыз жарықты пайдаланбауын қадағалау. Мәселен, бір көшенің бойындағы трансформаторда орналасқан көрсеткіш пен сол көше бойындағы үйлердің көрсеткішін алып салыстырамыз. Екеуінің шығыны сәйкес келген жағдайда ол көшелерде электр шығыны жоқ деген сөз, – дейді ол.
Маман пікірінің жаны бар, тұтынған электр жарығы үшін төлемді уақытылы төлеуді кейде ұмытып кететініміз рас. Әйтсе де, тұтынған қарызды төлеу бір басқа, жасырын жарық жағу бір басқа. Өкінішке қарай, тұрғындар арасынан заңсыз тоқ көздерін пайдалану аз кездеспейді.
– Заңсыз тоқты пайдаланатындар арамызда бар. Соңғы жылдары көгілдір отын келгелі олардың саны азайды. Десе де от жағатын ауылдардан бірен-саран шығып жатады. Егер азаматтар осындай олқылықпен ұсталса, әкімшілік хаттама толтырылып, қайта есептеу салып береміз. Жаққан жарығын төлейтін болады, – дейді ол.
Айта кетейік, Жаңақорған электр торабының негізгі қызметіне сапалы жарық жеткізу мен нысандарға есептегіш құралын орнату және өртенген сымдарды қалыпқа келтіру жатады. Ай сайынға тоққа төлейтін ақының бұл мекемеге байланысы жоқ. Дегенмен, электр төлемін бірнеше ай қатарынан төлемей, қарызыңыз көбейіп кетсе, нақ осы мекеменің қызметкерлері тоғыңызды ажыратады. Бірақ оның да өз заңдылығы бар. Аталмыш мекемеге белгілі бір абоненттің қарызы жайындағы мәліметті «Шиелі жарығы» ЖШС-і ұсынады. Сіздің үйге жарықтың қарызын төлеу туралы ескерту келгеннен кейін 1 айдың ішінде төленбеген жағдайда ғана үйіңіздің жарығы ажыратылады.
– Тұрғындар біздің мекемені «Шиелі жарығымен» шатастырып жатады. Біз ешқантай төлем қабылдамаймыз. Тек қарызы бар тұрғындардың ғана тоғын қиамыз. Онда да оны заңды жолмен жасаймыз. Егер тұрғын жарық ақысын төлеу туралы ескертуді өз қолымен қол қойып алса, содан кейін 30 күн ішінде төлем жасалмаса ғана тоқтан ажыратылады. Сол берілген күндердің өзі төлем жасау үшін мүмкіндік деп ойлаймын, – дейді маман. Иә, титтей де қателікті кешірмейтін, жұмыс барысында өмірін тәуекелге тігетін маман иесінің жұмысы да ескерусіз қалған емес. Ол Қызылорда облысы әкімінің және Қызылорда облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталған.

Айсұлу Алданазар
13 сәуір 2024 ж. 227 0