«AMANAT»: Жол картасы бойынша 115 іс-шараның 95% орындалған
Өткен жылдың қорытындысы бойынша «AMANAT» партиясы БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Жалпы, партия Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде оның барлық бастамалары мен саяси реформаларын толық қолдау жұмыстарын жүргізуде. Ең бастысы, партияның ең бірінші кезектегі міндеті - партияның халыққа берген Сайлауалды уәделерін орындау. Осыған орай, атқарылған іс-шараларды облыстық мәслихатының депутаты Наурызбай Байқадамов баяндады.
«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға жоспарланған «Халықпен бірге!» - атты Сайлауалды бағдарламасы бар. Барлық өңірлерде бағдарламаны нақты жүзеге асырудың арнайы Жол картасы әзірленді. Жол картадағы шараларға нақты қаржы да қаралды. Өткен жылы Жол картасы бойынша 115 іс-шараның 95% орындалған, 4,2% орындалу сатысында. Сонымен бірге жыл қорытындысымен 1 шара орындалмады. Ол - «Байқоңыр қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту» жобасының мемлекеттік сатып алу конкурсы қорытындысына шағым келтіріліп, Сот процесі ұзаққа созылып, бөлінген қаржының игерілмеуіне байланысты, - деді ол.Бұдан бөлек, 2023 жылы аймақтық және аумақтық филиалдар бойынша Партиялық бақылау комиссияларының 86 отырысы өткізілді. Оның 17 отырысы аймақтық деңгейде, 69-ы аумақтық филиалдардың ұйымдастыруымен өтті. Партиялық бақылау бекеттер орнатылған 50 нысанға мониторинг жүргізілуде. 44-і пайдалануға беріліп, арнайы тақтайшалар ілінді.