№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғандағы «жеті керемет»

Жаңақорғандағы «жеті керемет»


Ескендір Зұлқарнайын өз заманында Кіші Азия, Орта Азия, Мысыр, Үндістан аумағын басып алғаннан кейін саяхатшыларды қызықтыру мақсатында сол өңірдегі жеті керемет сәулет ескерткіштерін атаған болатын. Жалпы әр елдің өзінің көз тартар көркі мен тарихи тамыры терең, таңғажайып ескерткіштері болады. Осы тұста Жаңақорғанның «жеті кереметіне», ең алдымен тамыры тереңде жатқан Сығанақ, Көккесене, Өзгент, Хорасан ата, Қатын қамал, Таңбалы тас және Жаңақорған шипажайын жатқызуға болады.

Өлкеміздің алғашқы кереметтерінің бірі – Сығанақ қаласы. Сығанақ қаласы Қазақ хандығымен қатар, Қыпшақ, Ақ Орда, Әбіл­қайыр хандықтарының астанасы болды. Де­ректерге сүйенсек, қаланың алғашқы негізі V ғасырда қаланды. «Ұлы Жібек жолының» бір тармағы осы қала арқылы өткені осының бір айғағы. Алғашында Сығанақ қаласы шағын бекініс, керуенсарай ретінде салынып, бірте-бірте ұлғайып, маңызды, сәулетті қалаға айналды. Қаланың атауы араб деректерінде Х ғасырдан бастап белгілі бола бастады. Сол кездегі тарихшылар Сығанақты “Қыпшақ даласының гаваны” деп атаған. ХІІІ ғасыр­дың басында Шыңғысхан шапқыншылығына ұшырады. XIIІ ғасырдың ІІ жартысында қала қайта жандана бастады. Содан бері Сығанақ қаласы саяси, экономикалық орталықтардың біріне айналды. XV-XVIII ғасырларда қала бұрынғысынша сауда және қолөнер орталығы болды. XVII-XVIII ғасырларда бірнеше рет жоңғар шапқыншылығына ұшырады. Осы шапқыншылықтар және басқа да әр түрлі себептерден қала бірте-бірте өзінің өмір сүруін тоқтатты.
Өлкеміздегі кереметтердің бірі – Көккесе­не. Көгілдір күмбезімен, әсемдігімен, шебер тұрғызылған кесене. Кесене Алаша хан мен Жошы хан күмбезі секілді қыштан кілем өрнегіне ұқсатып қаланған.
Академик Ә.Марғұланның дерегі бойынша Баршынкент қаласын оғыз елін басқарған жеті данышпан қыздың бірі Баршынға арнап салынған. Сонымен қатар бұл ескерткіштің өз заманында даңқы шығып, танымал болуының бас­ты себебі, Қоңы­рат руының батыры Алпамыстың жары Гүлбаршынның есімімен байланысты болуы.

Жаңақорғанның үшінші кереметі – Өзгент қаласы. Қаланы орта ғасырда Оғыз мемлекеті салған болатын. Өзгент қаласының атауы Оғыз мемлекетімен тығыз байланысты. Яғни, «Оғыз» және «кент» деген сөзден шыққан. Демек, Оғыздардың қаласы деп аталып, кейінірек Өзгент болып аталып кетті. Өзгент қаласы Оғыз, Қарахан, Қыпшақ, Ақ Орда, Қазақ хандықтары тұсында маңызды рөл атқарды. Яғни, саяси, экономикалық маңызды орталыққа айналды. Қала жоңғарлардың шапқыншылығына ұшырап, тарих сахнасынан біржолата жойылды.

Хорасан ата кесенесі – өңіріміздің төртінші кереметі. Өз заманының ақылгөй, данышпан, емшісі, ислам дінін таратушы Әбдіжәлел бабтың жатқан жері. Мұнда зиярат етуге келушілер алдымен Хорасан атаның басына тоқтап, Құран бағыштайды.
Аймағымыздың бесінші кереметі – Қатын қамал үңгірі. Үңгір жайлы халық арасында тарихи оқиғалар кең таралған. Бұл қамал жау шапқыншылығына қарсы қалқан бола білді. Жоңғар шапқыншылығы кезінде әйелдер мен балаларды үңгірге жасырған болатын. Қазақ жауынгерлері жеңіліске ұшыраған соң жоңғарлар үңгірді тауып алып, түгелдей адамдарды қырып тастаған. Содан бері бұл үңгірді «Қатын қамал» деп атай бастаған. Қатынқамал үңгірі талай тылсым сырды ішіне бүгіп жатқан құпиялы, ғажайып мекен. Әлем халқын таң қалдыратын орындар қатарына қосуға болады.
Алтыншы ғажайып – Жаңақорған шипажайы. ХХ ғасырда Орынбор-Ташкент теміржол жұ­мысшылары шілдеде адамдардың көлдің батпағы­на емделіп жатқанын көреді. Осы әңгіме Ақме­шіт қаласының дәрігерлеріне де жетеді. Сөйтіп, 1918 жылы аурухананың фельдшері Ф.Мартюков көлдің батпағын емдік бағытта пайдалану үшін екі бөлмелі үй салып, ем-домды бастайды. Содан бері «Жаңақорған» шипажайы жұмыс жасай бастады. Бүгінде Жаңақорған жеті кереметтерінің бірі – шипажай ауданның брендіне айналып, жер-жаһанға әйгілі бола бастады.
Өңіріміздің жетінші кереметі –Таңбалы тас. Сыр бойындағы бейнелеу өнерінің тарихы Қара­тау сілемдеріндегі жартастар бетіне қашап, ойып салынған адамдар мен жануарлар тұрпатты петроглифтерден бастау алады.
Адам баласының алғашқы қауымдық құ­рылысы – тас дәуірі (б.з.д. 1 мил. 800 мың ж. – б.з.д 4 мың ж.) одан кейінгі қола дәуірін (б.з.д ХҮІІ-ІХ ғ.ғ.) және темір дәуірін де (б.з.д. ҮІІІ-ІҮ ғ.ғ.) басынан өткізгендігінде дау жоқ. Аң аулап жатқан қасқырдың, түйе мен тауешкілердің суреттері де көне дәуірдің тұрмысынан хабар беріп тұрғандай.

Дайындаған Гүлден Серікбай
07 ақпан 2024 ж. 229 0