Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «MOM&BABY»: ана мен сәби әлемі

«MOM&BABY»: ана мен сәби әлемі


Бүгінгі нарықта үлкен сұранысқа ие кәсіптің бірі – киім саудасы. Оның ішінде балалар киіміне деген талғам тым биік, сондықтан сұраныс та артып келеді. Біздің ауданда да бұл бизнестің түрін ілгерілетіп отырған кәсіпкерлер аз емес. Соның бірі ана мен баланың қажеттілігіне қызмет ететін «MOM&BABY» киімдер дүкені. Негізін қалаушы Нүрила Әріпжанқызы нарық заманында батыл қарекет етіп, небәрі 23 жасында өзінің кәсібін қалыптастырған нәзік жан иесі. Бала кезінен жеке бизнесін жүргізуді мұрат еткен жастың жұмысымен танысып көрдік.


– 2019 жылы кәсіпкерлікпен айналысуға қадам басып, сапалы қызмет көрсетуге талпындым. Яғни «MOM&BABY» ана мен сәбиге арналған киімдер дүкенін аштым. Бұл дүкенді ерекше сүйіспеншілікпен, көпшілікке риясыз қызмет ету бағытында аштым десем артық болмас. Өйткені өзімнің аяғым ауыр кезде ауданда перзентханаға қажетті заттарды дайындап алатын бірде-бір дүкен болмады. Босануға таянған уақытта көпшілігі Қызылорда немесе Түркістан қалаларына барып, қажеттерін әкеліп жүреді. Өзім де ұзақ жол жүріп, керек-жарағымды қалаға барып әкелдім. Содан неге осы ауданнан перзентханаға яғни ана мен баланың қажетіне жарайтын дүниелерді әкелмеске деген ой келді. Аяғы ауыр келіншек барлық қажетін бір жерден жинап алса, жақсы емес пе? Солай кент орталығынан «MOM&BABY» ана мен сәбиге арналған киімдер дүкенін іске қостық. Шүкір, талғамды келіншектер мен балақайларға арналған сапалы тауарларды Түркия елінен және Алматы қаласынан алып келемін. Өзімнің кәсібіме деген ерекше сүйіспеншілігім болар, бүгінде ісім оңға басып, қаншама жанның алғысына бөленіп, қажетіне жарап келеміз. Оның үстіне, кәсіпте табысты болуда тәжірибе байытып, нарық қатынастарын меңгерген дұрыс екен. Өзімнің көңілім қалаған іс пен білімімді жетілдіру арқылы табыс табудың сырын ұғып жатырмын, – деді кейіпкеріміз.
Рас, бізге жетіспей жататыны сапалы дүние мен бағаның сай келуі әрі сервистік қызмет көңілге қона бермейді. «MOM&BABY» дүкеніне кіргенімде өзімді өзге дамыған елде жүргендей сезіндім. Өйткені дүкеннің табылдырығынан енгеннен көздің жауын алатын әдемі киімдер, ана мен балаға қажетті түрлі тауарлар. Ең бастысы, күндей күлімдеген қыздар алдыңнан шығып, керегіңді тауып беріп, ерекше қызмет ұсынады екен. Өйткені Нүрила қабілетті қыз-келіншектерді жұмысқа қабылдағанда бірінші қоятын талабы тұтынушыға сапалы қызмет көрсетуді алға тартады екен.
– Маған кәсіпкерлікпен айналысуда қолдау көрсеткен отбасыма, енеме, жолдасыма алғысым шексіз. Өмір ізденістен тұрады. Әйел қашанда жан-жақты болуы тиіс. Бұл өмірде адамдарға керегі жайдарлы жүз бен жылы сөз ғой. Өзім дүкенге кірген әрбір адамға ерекше көңіл бөліп, қалаған дүниесін ойындағыдай тауып беруге тырысамын. Өзімнің қасымдағы қыздарға да осыны айтудан жалықпаймын. Халықтың көңілінен шыға білу маңызды. Келешекте осы бағыттағы дүкендер желісін қалыптастырып, тұрмысы төмен әйелдерді жұмыспен қамтысам деген арманым бар. Түскен пайданың белгілі мөлшерін қайырымдылыққа жұмсағым келеді. Бүгінде шамам келгенде көмек қолын созып жүрмін, – дейді Нүрила Әбдірашит.
«Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін» дегенді ұстаным еткен кейіпкеріміз қайырымдылықтан да шет қалмайды. Бірақ тіс жарып айтқанды қаламайды екен. Біз қолқалағаннан кейін:
– Мұқтаж жандарға қамқорлық көрсету бала кезіміз­ден, отбасындағы тәрбиеден бойымызға сіңген қасиет. Мектеп қабырғасында жүргенде анамнан ақша сұрап көмектесетінмін. Өсе келе өзім де жеке кәсіп бастап, өз нәсібімді тауып жүрмін. Бұл өмірде адамдар бір-бірін қуанту үшін, бір-біріне жақсылық жасау үшін келген ғой. Кейінгі кезде айына бір рет аудандық перзентханаға арнайы барып, аналардың барлығына сый-сыяпат жасап тұруды дәстүрге айналдырып келеміз. Періштелердің мекенінде қуанышы қойнына сыймай отырған аналарды қуантып, ақ батасын алсақ, одан жаман болмаймыз деп ойлаймын. Оның үстіне, садақа түрлі жамандықтан сақтайды емес пе, сондықтан үнемі игі істердің басы-қасынан табылуға тырысамыз, – деді жас кәсіпкер.
Иә, жас келсе іске деген осы болар. Алдағы уақытта Нүриланың мақсаты биік екенін сұқбат барысында байқадық. Ол бұдан бөлек балаларға арналған қолжетімді киім дүкені мен заманауи үлгідегі қызмет көрсететін орталық ашуды да жоспарлап жүргенін тілге тиек етті.
Мұраты айқын, мақсаты биік іскер жанның бастамаларына сәттілік тілейміз. Кейіпкерімізбен әңгімелесу барысында, болашақта жүзеге асыратын жоспарының аз еместігін білдік. Қолға алған жұмысын жандандырып, өзінің қазіргі кәсібін одан әрі дамытқысы келеді. Адал еңбегінен бақыт таба білген Нүрила Әріпжанқызына алдағы кәсібі ілгері домалап, жетістіктері мен бағындырар шыңы биік болсын деп тілейміз.

Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ
03 ақпан 2024 ж. 185 0