Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қазақ журналистикасының қара нары

Қазақ журналистикасының қара нары


Берік – Бекеңмен таныстығымыз сонау 1986 жылы қоңыр күзде басталған. Сол жылы аты дүркіреп тұрған КазГУ-дің журналистика факультетіне түстім. Ол кезде КазГУ-ге, соның ішінде журналистика факультетіне түсудің жөні бөлек еді. Төбеміз көкке жетпей тасыраңдап жүрміз. Оқу басталды. «Қатарларыңа дайындық курсынан тағы бір топ қосылады» дегенді естігенбіз. Солай болды. «Сен тұр, мен атайын» дейтіндей, сайдың тасындай бір топ қыз-жігіт келді. Ішінде осы Бекең бар. Студенттік өмірдің алғашқы жылы қызық қой. Соның ішінде журфактың өмірі ерекше. Күнде жиын, күнде той дегендей. Бәрі ақын, бәрі жазушы. Жан-жақтан жиылған дүлділдер өңшең. Ол кездің туған күндері қазіргідей би жарыс емес, өлең жарыс еді. Өлең оқылмайтын отырыс, туған күн болмайтын. Дайындық курсынан келіп қосылғандардың ішінен шыққан ақын осы Бекең – Берік еді.


Туған күндерде, дастархан басында отырғандар «Беке, «Сары қызды» оқышы» деп шу ете түседі. Орта бойлы, сұлу жүзді Бекең орнынан тұрып, шашын бір қайырып қойып:
Сарғайған жомарт сары күз,
Сырларға бөккен кең дала.
Сары орамал сары қыз,
Сағым боп кеттің сен ғана... – деп қоңыр дауысымен жұрттың сұрауы бойынша өлең оқиды. Сол жылы журфакқа оқуға түскендердің арасында Бекеңнің осы «Сары қызы» өте танымал өлеңге айналған. Қазір ойлаймын, бәлкім толағай толғақтан өлеңдер туғызып, қаламын үрлеп Бекең одан ары өлең жаза бергенде, бүгінде «менмін» деген ақындардың бірі болып жүрер ме еді? Кезінде белгілі қаламгер Әділбек Ыбырайымұлы бір сұхбатында: «Тоқсаныншы жылғы күйбең кезінде қолына қалам ұстап, жұртқа танылып қалған бір топ жас ақын-жазушылар тіршіліктің қамымен кетті. Сөйтіп қазақ әдебиеті талантты бір топ ақындарды жоғалтып алды. «Жоғалған буын» өкілдеріне мыналар жатады деп аттарын атып шыққан. Сол «жоғалған буынның» ішінде біз тілге тиек етіп отырған Берік Бейсенұлы да бар еді. Бірақ Берікті із-түзсіз кетті деуге болмас. Ол поэзияны Құлагердей ерттеп мінбесе де, қазақтың қара сөзінен кеткен жоқ. Журфактың соңғы курсында оқып жүріп сол кездегі аты жаһанға кеткен, ұлттық баспасөздің қара шаңырағы болған, иісі қазақ журналистикасының ұстаханасына айналған «Жас Алашқа» жұмысқа тұрды. Тіпті кез-келген журналистің тісі батып, жаза бермейтін экономика, саясат бөлімінде қызмет етті. Бөлім меңгерушісі болды. Жазғандары тоқтаусыз шығып жатты. Жұртшылық «Жас Алашқа» талантты, қарымды қаламгер келгенін білді. Тоқсаныншы жылдардың қиындау кезінде, көптеген журналистер күнкөрістің қамымен айлығы аз журналистік қызметін тастап саудамен айналысып жатқан кезде де Бекең кетпеді. Өз мамандығына адал екенін танытты. Сол 1991 жылдан 2001 жылға дейін, 10 жыл тапжылмай «Жас Алашта» қызмет етті. Білімді һәм білікті әрі қаламы жүйрік журналист екенін өзгелерге таныта білді. Өзі де танылды. Экономиканың қоясын ақтарды, саясатты сапырды. Жаңақорған ауданының Төменарық деген кішкентай қазақы ауылынан келген қара бала «Жас Алаштың» журналистикадағы көрігін осылайша қыздырды. Сөйтіп жүргенде «Қазақ үні» дейтін жаңадан шыққан жас басылымнан шақыру келіп түсті. Барды. Барғанда да қатардағы тілші емес, бас редактордың орынбасары болды. Кейіннен 2004 жылы республикалық «Айқын» басылымы ашылды. Талантты журналист сонда шақырылды. Бас тартқан жоқ. Барды. Бірден саясат бөлімінің меңгерушісі болды. Сол жылдары жұмыссыз жүрген мені шақырып, өзі басқарып отырған саясат бөліміне шолушы етіп кіргізді. Содан 2017 жылға дейін «Айқынның» қабырғасында бірге жұмыстас болдық. Бекең нағыз кәсіпқой журналист екенін «Айқын» газетінде көрсетті. Бар қырынан ашылды. «Жас Алашта» жүріп жинаған тәжірибесін көрсетті. Саяси сараптамалары тоқтаусыз жарық көріп жатты. Саясаттың жілігін шағып майын ішкен нағыз саяси шолушы екенін танытты. Өзгені қайдам, жанында жүрген менің өзім Бекеңнің тұщымды сараптамаларын үзбей оқитын оқырманның біріне айналдым.
Берік сол «Айқында» 2009 жылдан 2018 жылға дейін Бас редактордың бірінші орынбасары деген қызметті атқарды. «Жас Алашта» жауапты хатшының орынбасары болып істегені осы жерде үлкен көмек болды. Газеттің әдемі безендірілуі, мақалалардың әдемі берілуі, материалдардың сапасы, бәрі Бекеңнің қадағалауымен шығып жатты. Базбіреулердей креслода шалқайып отырып, бұйрық берумен ғана шектелмеді. «Айқын» газетінің қара қазанында тілшілермен бірге қайнады. Берік тек саяси дүние жазумен шектеліп қалды десек, қателесеміз. Оның қаламынан қоғамның тынысы да, әлеуметтік сала да, қаржының қалтарысы да, жұмбағы көп тылсым әлемнің сыры да, өлең-жырлары да өрнектеліп қағазға түсіп, тасқа басылып жатты. Оның жазғандары кейіннен «20 жыл айтылмаған ақиқат», «Қалам мен ғалам», «Ой. Өлең. Өмір» деген кітабына енді. «Айқын» газеті Беріктің ғұмырындағы жасындай жарқылдаған бір дәуірі еді десем, ол ақиқат. «Төменарық» ауылынан шыққан қара бала «Айқынды» қара нардай алға сүйреді. Бас редактордың бірінші орынбасары болып тоғыз жылға жуық жұмыс істеді. Әрине, төккен тер, еткен еңбек зая кеткен жоқ. Журналист қауымға тиесілі талай марапаттар Берікті өзі іздеп келіп жатты. Абырой деген осы. 2017 - 2018 жылдары Аikyn.kz веб-сайтының шеф- редакторы болып, газеттің электронды нұсқасын дамытуға да үлкен үлес қосты. «Палуанға оң мен солы бірдей» деген осы болса керек-ті. Берік Бейсенұлының соңғы қызметтерін тізбектейтін болсақ, 2018-2019 жылдары «Қамшы.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы,
2019-2020 жылдары «Қазақ газет­тері» ЖШС Kazgazeta.kz ақпараттық порталының бас редакторы болды. Ал, қазіргі қызметі «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары деген лауазым. Бекең қай жерде қызмет етсе де абыройлы болды. Қызметті өзі емес, қызмет оны іздеп келетін деңгейге жетті. Ол бүгінде Қазақстан Журналистер Одағы Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығы­ның лауреаты, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, «Ақпарат саласының үздігі» медалінің иегері. Ұсақ-түйек өзге марапаттарды былай қойғанда, былтыр Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.
Бүгінде алпыстың асқарына шыққан қазақ журналистикасының қара нары атанған Бекең – Берік Бейсенұлына шалқар шабыт тілейміз. Қарымды қаламы қара қазақтың хал-жайын күйттеуден әсте тынбасын дегіміз келеді.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
20 қаңтар 2024 ж. 276 0