№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ақын Мұқағали Мақатаевтың Туған күні

Ақын Мұқағали Мақатаевтың Туған күні

Осы орайда, Мұқағали Мақатаев туралы 10 деректі назарларыңызға ұсынамыз.


1. Мұқағали Мақатаевтың балалық шағы қазақтың басына төнген қайғы-қасіреттің бірнешеуімен тұспа-тұс келді. 1932-33 жылдардағы ашаршылық кезінде ақын небәрі 1-2 жас шамасында болса, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін кезінде 6 жаста болады. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Мұқағали Мақатаев 10 жастағы бала екен. Соғыстың салқын қабағы ақынның шаңырағына оңай соққан жоқ. Әкесі Сүлеймен қан майданда қаза тапты.
2. Болашақ ақын ер мінезді әжесі Тиынның тәрбиесін көріп, аңыз-ертегілермен сусындап өседі. Ол өзінің анасы Нағиманды жеңгесі сияқты қабылдап, Нақа деп атап кеткен. Мұқағалидің азат ойлы, ашық пікірлі болуына әжесінің тәрбиесі ықпал етті.
3. Мұқағали Мақатаев 14-15 жасында ақын болуға біржола бел байлап, қазақ әдебиетімен бірге әлемнің барлық классиктерін бір деммен оқып шығады. Соның ішінде Гейне, Гете, Шекспир, Данте, Бальзак, Драйзер, Гюго, Байрон, Лондон сияқты классиктерді жоғары бағалайды.
4. Ол өзінің заманындағы барлық адамның қолы жете бермейтін бірнеше оқу орнына жеке ізденісінің арқасында қабылданады. Алғашында ҚазМУ-дің филология факультетіне, содан кейін шет тілдер институтына, артынша ҚазМУ-дің заң факультетіне оқуға түседі. Жазушылар одағының жолдамасымен 1973 жылы Мәскеудің М.Горкий атындағы Әдебиет институтының студенті атанады.
5. Өмірдің қалтарыс-бұлтарысын бала күнінен көріп өскен ақынның сана-сезімі, ақыл-ойы ерте жетіледі. Ол өзінің өмірлік жары Лашынға 18 жасында үйленеді. Ақынның алғашқы лирикалары осы кезде жазыла бастады.
6. Мұқағали Мақатаев еңбек жолын ауылдағы мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастады. Оның орыс тіліне жетік болуы, әлем әдебиетін оқуына септік болды. Кейін аудандық газетте тілші болып қызмет істеді. Ақын-жазушының басы қосылған рухани астанамыз Алматыға келіп, әдеби ортаға тап болады. Үлкен шаһарда пәтерден пәтерге, қызметтен қызметке ауысып, тұрмыс тапшылығымен бетпе-бет келеді. Бірақ, Мұқағали өзінің ақындық талантының пайдасын көп көрді . Жыл сайын кітабы шығып, қаламақыға қомақты қаржы алып отыратын еді. Оның талантты ақын екенін танып, бүкіл жұртқа «Қазақ әдебиеті» газетінде Әбділдә Тәжібаев алғашқы болып жария етеді.
7. Ақынның тағдыры оңай болмаған. Оның тұңғыш қызы Ләззат қайтыс болып, кейіннен сүйікті қызы Майгүл көлік апатынан қаза табады. Оның қыздарына арнаған өлеңдері қазақ әдебиетінің классикалық туындыларының қатарында тұр.
8. Мұқағали ауруға шалдығып, өмірінің аз бөлігі қалғанын дәрігерлерден біліп алады. Содан бар мүмкіндігін өлең жазуға арнап, 12 жылдың ішінде 8 жыр жинағы жарық көреді. Ақынның барлық тағдыры өзінің өлеңдерінде шынай ы көрініс береді. Оның «Асығу керек, асығу керек қалайда! Уақыт саған қарай ма?!» деген өлеңі ауруға шалдыққан жылдары жазылған. Өмірге соншалықты ғашық болған ақын жаралы тәнімен қазаққа үлкен мұра қалдырды.
9. Ол жарты ғасырға жуық ғұмырында 1000-нан астам өлең, «Ильич», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек! Райымбек!», «Моцарт. Жан азасы» деген поэмалар жазды. «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері мен «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестерін, «Қош, махаббат» пьесасын жарыққа шығарды. Аударма салында да бақ сынап, Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» деген бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін аударды.
10. Мұқағали Мақатевты өз ортасы мойындаса да, оның өлеңдері «Қазақ әдебиеті» газетінде жиі сыналды. Бір кездері оның өлеңдерін әділетсіз сынағандар да болды. Ақынның өзі де сын жанрында қалам қозғап, бірнеше әдеби шығармаларға талдау жасаған.

10 ақпан 2023 ж. 345 0