Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қойы семіз, төлі егіз Сәрсенғазы

Қойы семіз, төлі егіз Сәрсенғазы



Өткен күнде белгі бар, өткенсіз бүгінге, бүгінсіз келешекке келе алмайсыз. Кешегі кеңестік кезеңде адал қызмет жасап, бүгінде егде жасқа келіп, қазыналы қария болған әр саланың мамандары заманында ел мен жер үшін жанқиярлық еңбек жасады. Сол еңбектері арқылы не бір қияметті күндерден кейін тоқшылыққа жетіп, қой үстіне бозторғай қонған заманды да орнатып еді. Заман демекші, алдымызда коммунизм, коммунизмге қарай алға деп ұрандатып жүргенде, қоғам өзгеріп алдымыздан капитализм шыға келді. Әр дәуірдің құнды естеліктері мен еңбек адамдары да болды. Әсіресе кешегі ел егемендігін алмаған тұста, одан кейін де қазақтың кәсібі мал мен егін шаруасы болды. Сондықтан бүгін мен қарапайым еңбеккер, ата кәсіп иесі аға шопан болған, төменарықтық ардагер Сәрсенғазы Дәуренбеков жөнінде қалам тербеуді жөн көрдім
Сананы тұрмыс билейді деген рас екен, қазір «заманына қарай амалы» деп кейінгі жастар алдыңғы толқын аға-аталарының өткен өмір, еңбек жолдарын бағалай алмай жатады. Кейде «бала өзі болғандай, келін өзі келгендей» кейіп танытатыны рас. Ешнәрсе өзінен өзі болмады, осы өмір үшін қаншама қар үстіне қан, жер үстіне саулаған маңдай тер төгілді. Соны бүгінгі егемен елімізде туылған жас ұрпақ білуі керек, білуге тиісті. Сол үшін де осы мақаланы жазып қолыма қалам алдым. Мен қатарлы аға буын ағалардың өмір жолы оңай өрілген емес. Біздер кешегі екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысы деп аталған қанды қырғыннан аман қалған майдангерлердің ұрпақтарымыз. Соғыстан кейнгі ауыр жылдарды, ауыр тұрмысты көріп өстік.
Шынын айтқанда, бірде аш, бірде жалаңаш болып ерте есейдік. Жарымжан қажыған әке-шешелерімізге ертерек көмек жасауға ұмтылдық. Солай жасадық, еңбекке ерте араластық. Мұндай өмір біздерді ерте есейтіп қана қоймады, ширатты, шынықтырды. Қандай қиындық болса да, қаймықпай, қарсы тұруды, оны жеңе білуді үйретті. Мемлекет басшысы да Қазақстан халқына дәстүрлі жолдауларында, құрылтай жиындарда аға буын өкілдерінің жасаған еңбектерін ұмытпауды, олардың жинаған өмірлік мол тәжірибесін, ел игілігі үшін пайдалануды айтып келеді. Осы орайда, кешегі кеңес үкіметі тұсында адал еңбегімен абыройлы болған, бүгіндері бейнеттің зейнетінде жүрген, замандастар жөнінде қалам тербеп, ардагерлер мерейін көтеру, әрбір көзіқырақты азаматтың парызы деп санаймын. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары.
Мен сол шаруашылықтың бас экономисті қызметіндемін. Сол жылдары бүкіл елде арендалық мердігерлік, яғни, шаруашылық есеппен жұмыс жүргізу қолға алынған кез. Мұның мәнісі әрбір шаруа сапалы да мол өнім өндіріп, шығынды азайта отырып, таза табыс табуы керек. Осы шаруаның басы қасында біздің экономикалық бөлім болды. Шаруашылықтың әрбір мүшесі, малшы, егінші, механизатор, ферма, бригада барлығы келісім шартқа отырады. Күнделікті кіріс шығысына есеп жасалып, жыл соңында қорытындыланып, әркімнің таза табысы қосымша ақы ретінде беріледі.Осы тәсіл кезінде Төменарық совхозын табысқа да жеткізген еді. Мен енді сол жұмыскерлердің бірі болған аға шопан Сәрсенғазы Дәуренбеков жайлы айтайын. Сәрсекең жанұясы негізінен еңбекке берілген, зайыбы Перуза екеуі үнемі малдың жайымен шаруаның басы-қасында болады. Мал қыстату, мал төлдету секілді науқандарды сапалы атқарып, мал өнімдерін, жүн, қаракөлді сапалы дайындап қозыны аман өсіріп, мал шығынына жол бермейді. Жыл қорытындысында барлық жоспарланған мал өнімдерін артығымен орындап, мал шығынына жол бермеген, материалдық шығындарды да барынша аз жұмсаған Сәрсенғазының жанұялық ұжымы совхоз бойынша алға шығып, ақшалай да, қозыдан да, қосымша ақыны молынан алды. Осындайда ойға түседі, сол кездегі біз адал еңбек ет, жұмыс жасай бер, ақша да, абырой да артыңнан өзі іздеп келеді деген қағидамен қызмет жасадық.
Жылды қорытқан жиналыстарда: «Оу, ана Сәрсенғазы жылына бір рет кеңсеге келмейді, шаруасымен айналысып, малы семіз, төлі егіз болады. Малдан шығын жасамайды. Содан кейін ақша да, абырой да, соны өзі іздеп барады» – деп басқа малшыларға үлгі жасаушы едік. Иә, сөйтіп жүргенде заман өзгеріп, жекешелендіру басталды. Дүние-мүлік, жер де, мал да, пайға бөлініп, үлеске берілді. Өз ісіне тиянақты, шаруасына мығым, малдың жайын білетін баяғы озат шопандар қолына тиген үлеске алған малын өсірді. Ал әлгі кеңсе аңдып істің орнына сөз қуатын қулар үлеске алған азын-аулақ малын ұқсата алмай, жұт қылды, жоқ қылды.
Біздің кейіпкеріміз Сәрсенғазы заман талабына қарай ыңғайланып, үлеске алған жер телімі мен мал мүлкімен, сол Төменарық аймағынан «Өркен» атты шаруа қожалығын ашып, шаруасын өркендетуде. Қазір үлкен ұлы Бауыржан басшылық жасап, кіші ұлы Бекжан қосшы болып төрт түлікті түлетуде.
Міне, атам қазақтың «мал баққанға бітеді», «малы бардың маңдайы жарық» деген дана сөзінің дәлелі. Кеңес кезеңінің озат шопаны болған Сәрсенғазы ақсақал мен көмекшісі болған Перуза әже-балаларының тілеуін тілеп, немерелерінің қызығын қызықтап, ақылшысына айналған кеудесі қазына толы қариялар. Қойы семіз, төлі егіз болған адал еңбекпен өмір сүріп, Алладан басқадан ешнәрсе сұрамаған, ақжүрек, ақкөңіл замандастарымды мақтан тұтамын, әрі олармен мақтанамын. Міне, еңбек адамдарының бір бейнесі, ол – қарапайымдылық.

Ерғали ОРАЗБЕКОВ,
ауылшаруашылық саласының ардагері,
Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы
06 қаңтар 2024 ж. 220 0