Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауыл әкімдерінің әлеуеті қандай?

Ауыл әкімдерінің әлеуеті қандай?



2021 жылы аудандағы 13 елді мекеннің әкімін халық өзі таңдады. Арада екі жылдан аса уақыт өтті. Әрине аз уақыт емес. Іс істеймін, байыпты бастамалар атқарамын деген әкімдер жоспар құрып, белгілі бір деңгейде жұмыс атқаруы тиіс. Әлбетте, ауылдың келбеті келісті, аймағының ажарлы болуы бірінші кезекте әкімге байланысты. Қазір ауылдық округ әкімдері өз қаржысына өзі қожайын. Яғни салық түрлерінен түсетін түсім ауыл тайқазанында қайнап жатады. Оны қалай және қай бағытқа жұмсауды әкімдер жергілікті қоғамдастықпен ақылдаса отырып шешеді. Яғни, салық базасын арттырып, шағын және орта бизнесті дамыта отырып, жұмыссыздықты қысқартуы тиіс. Халықтың өзі таңдаған басшыдан күтетіні осы. Әрбір әкімнің ісәрекеті, тұрғындармен қарым- қатынасы елдің билікке деген сенімін нығайтары сөзсіз. Әрбір, ауыл әкімінің әлеуетіне сол елді мекен тұрғындарының бағасы анық таразы болса керек.
Халық сайлаған әкім әлеуметтің алдындағы жауапкершілікті сезініп, туған жердің қажеттілігіне көңіл аударатыны сөзсіз. Шын мәнінде солай ма? Алғашқы бағытымыз Қожакент ауылдық округінің тізгінін ұстаған Елеусіз Жиенқожаевтың әкімдік қызметіне елдің ықыласын білуден басталды. Бұл ауыл егін және мал шаруашылығымен айналысады.

– Ауыл диқандары биыл мол астық жинап, жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Халыққа ең қажетті электр желілері мен бағаналарының 90 пайызының тозығы жетіп тұрған еді. Жақында 10 дана жаңа трансформаторларды ауыстыру қызу қарқын алды. Одан бөлек, ауыл спорты саласында қарқынды даму бар. Ауылдағы екі бірдей спорт кешеніндегі спорт үйірмелерінде ауыл жастарының спортпен шұғылдануына жағдай жасалған. Олар түрлі жарыстарда топ жарып келеді. Жеке кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Изатулла Үсеновтың туған жер экономикасын түлетуде үлесі зор. Осындай азаматтардың қолдауы арқасында ауылда әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық шаралары мерзімінде және қажет кездерінде жүзеге асырылады. Жұмыссыз жүрген жастар жоқ десе де болады. Елді мекен негізінен егін саласымен айналысатындықтан жаз мезгілінде тірліктің түрлері көп болуына байланысты жұмсарға бос жүрген бала табылмай жатады, – дейді ауыл әкімі.

Науқан кезінде ортақ қиындыққа айналған аяқ су мәселесі шешімін табатынына тұрғындар сенім артып отыр. Негізінен ауылдың ажары айшықталған, азаматтардың демеушілігімен атқарылған тірлік аз емес. Оған қарапайым халық дән риза. Әлбетте, жақсы басшы қашанда елдің тірлігі мен берекесінің сәнін келтіреді.
Осы орайда, Жайылма ауылдық округінің әкімі Әліби Бөкеевтің ауыл тұрғындарының хал-ахуалын жан-жақты білетіні көңілден шықты.

– Жайылма ауылына облыс басшысы жаңа мәдениет үйі ашылуына келгенінде 150 орындық клуб үйі пайдалануға берілді. Еңселі ғимарат заманауи үлгіде бой көтерген. Мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, ауыл өнерпаздарының өнерін өрге оздыруда. Сондай-ақ, бұл ауылда газдандыру жұмысы да жүруде. Су құбырын жаңарту бағыты да жүйеленіп, көшелер жөнделіп, мүмкіндігінше ауылды толықтай жарықтандыруға жұмыс жасап келеміз. Аудан әкімімен кешегі кездесуде ауыл халқы жастарға спорт кешені керектігін де айтты, – дейді ол.
Ауыл әкіміне жайылмалық ақсақал Әбдімәлік Әбуовтың айтар базынасы да бар.

– Жайылма ауылының әкімін халық өзі таңдады. Ол азаматтың ауылдың дамуына, қарапайым халықтың тұрмысының түзелуіне жұмыс жасайтынын білеміз. Әлбетте, ол халық сенімін ақтап келе жатыр. Алдағы уақытта да іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, Жайылманы өрге сүйрейді деп сенеміз. Сол үшін дауыс бердік. Әр мәселені бірлесіп қарастырып келеміз. Өзіміз бірауыздан ұсынып, сайлап алған әкімге әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп сөзін сабақтады ол.

Әкім мен халық бірігіп, істің көзін тапса шешілмейтін мәселе болмайды. Бәрі жергілікті әкімнің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетіне келіп тіреледі. Қожамберді ауылының әкімі Нұрқасым Сейітқасымов жас болса да, бас болып, әсіресе, ауыл жастарына ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді.

– Жұмысымды сайлауалды бағдарламама сәйкес атқарып келе жатырмын. Алдағы уақытта біздің ауыл табиғи газдың игілігін көретін болады. Жалпы, ауылымызда 9 көше бар. Оның бес көшесіне асфальт төселген, қалған төрт көшені уақытша тоқтатып тұрмыз. Өйткені газ кіретін болғандықтан көшелер қазылып, құбырлар жүргізілетіндіктен кейінге шегерілді. Барлық көшелер жарықтанған. 2021 жылы 200 гектар жер әкімшіліктің балансына агрозона етіп берілді. Ауыл тұрғындардарының ауызбіршілігінің арқасында осы жерді қоршап алдық. Қазіргі уақытта 50 отбасы осы жерден нәпақасын тауып, малазықтық дақылдарды егіп, қысқы жем-шөп азықтарын дайындап алып отыр. Осы агрозонаға 2021 жылы «Табиғатты қорғау» мекемесінен 100 миллион ақша бөлініп, су келетін М-2 каналын толық тазарту жұмыстары жүргізіліп, дамбылар көтеріліп, сумен қамтамасыз етілген болатын. Одан бөлек, ауыл осы М-2 каналынан ауыз су, аяқ сумен толық қамтамасыз етіліп отыр. Дейтұрғанмен, республикалық бюджеттен 369 миллион ақша бөлініп, ауылдағы барлық су жүйесі құбырлары толығымен жаңартылды. Кеңестік шаруашылық кезінде шопандар малды тауға жайды. Қазір ол қоныстар ауыл халқына қашықтық етеді, тек қолы ұзын қожалықтың малдары жайлап жатады. Ал жалпы ауыл халқы малына жайылым жоқ. Өйткені біздің ауыл нақ ортада, өзге елді-мекендермен шекаралас орналасқандықтан жер тапшылық етеді. Әйтсе де, ауылдағы шаруақожалықтармен меморандум жасап, солардың жеріне мал жаюға рұқсат етілген, – дейді ауыл әкімі.


Ауылда 30 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Былтырғы жылы 8 кәсіпкер мемлекеттік грант алып, өз істерін бастаса, биыл 3 кәсіпкер ынталанып отыр екен. Оның бірі құс өсіріп, ауыл халқына ұсынса, екіншісі шлакоблок құю, үшіншісі мал бордақылауды қолға алды. Ауыл жастары жұмыссыз емес. Көпшілікке жақсы таныс «ЖанАРАЙ» ЖШС бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Оған қатарлас, «Орда Сығанақ» шипажайы ауыл жастарын жұмыспен қамтып отыр екен. Иә, расында елдің өзі таңдап қойған тұлғалардың көп сенімінен шыға білуі оңай шаруа емес. Алайда, әкімдер ел сенімін арқалаудың жауапкершілігін сезінуі қажет.
Осы тұста Қожамберді ауылының тұрғыны Ердәулет Мәлібековтың ойын білген едік.

– Ауыл әкіміне қандай мәселемен жүгінсек те назардан тыс қалдырмай, мүмкіндігінше оң шешімін шығаруға тырысады. Біз жас әкімнің азаматтығына тәнтіміз. Биылғы жылы ауылымызда біраз ауқымды өзгерістер орын алып жатыр. Ауылымыздың кіреберіс қақпасы мен төлқұжаты жаңартылды. Оның өзі ауылымызға ерекше сән берді. Әкімнің бастамасымен жастар саябағы салынып, шағын футбол алаңына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тікелей диалогтан қашпай, әр істің байыбына жетіп, қол ұшын созады. Дегенмен, алда атқарар шаруалар баршылық. Ауыл халқының әлеуетін арттыруда әкімнің әлі де еселі еңбек ететініне кәміл сенемін, – деп ағынан жарылды ауыл тұрғыны.

Жаманбай батыр ауылдық округі бірлігі жарасқан, түтіні түзу, шаруасы ширақ ауыл қатарынан саналатыны белгілі. Тіпті биылғы жылы «Үздік ауыл» номинациясын иеленді. Бұл жөнінде ауыл әкімі Әлібек Абдуллаев былай дейді:

– Қазір мейлінше орта және шағын бизнесті дамытуға күш салынып жатыр ғой. Бізде биыл 8 адам қайтарымсыз несие алып, 21 адам жаңадан кәсіпкерлігін ашты. «Ауыл аманаты» жобасына 8 адам құжат тапсырды. Бесарық ауылына салынатын спорт кешені және Кеңес ауылына салынатын клуб үйінің жоба-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, тендер жеңімпазы анықталып отыр. Бізде өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекті 13 адам алып келсе, биыл ол 4 адамға азайды. Көркейту-көгалдандыру, абаттандыру бағдарламасы бойынша 5288,5 мың теңгеге Ф.Көзібаев көшесінің бойынан жаяу жүруге арналған тротуар жүргізілді. Ауылға кіре беріс көшелерге темір аркалар орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ф.Көзібаев және Кенес ауылы Шермағанбет ата көшесіне 33987,4 мың теңгеге жарық бағаналарын орнату жұмыстары жүргізілді. Бесарық ауылындағы Ф.Көзібаев, И.Топышев көшелеріне «Сырға» үгідегі ою-өрнектелген безендіру шамдары орнатылды. Бесарық ауылындағы М.Бегдуалиев, С.Таңқиев, Ф.Көзібаев, И.Топышев көшелеріндегі жарық шамдарының бағаналарына «лайд бокс» безендіру шамдары орнатылды. Аудандық құрылыс бөлімі арқылы Бесарық тоғанынан ауыл ішіне дейін лоток орнату жұмыстарына 968000,0 млн теңге бөлініп жұмыстар атқарылып жатыр. Аудандық құрылыс бөлімі арқылы Бесарық ауылына спорт кешені және Кенес елді мекеніне 150 орындық клуб үйінің құрылысын салу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу арқылы жеңімпаз мердігерлері анықталды, 2024 жылы құрылыс жұмыстары басталады.

Қандай іске де – халық таразы. Иә, басшылардың бастамаларын ел салыстыра саралап, үлгілі тұстарын өнеге етіп, дәріптеп жатады. Жаманбай батыр ауылының тұрғыны, көп балалы ана Ұрқия Бисембиева:

– Шүкір, қазір ауылымыздың жағдайы жақсы. Бұрынғыдай күйбең тірліктің қамытын арқалап жүрміз дей алмаймыз. Әкіміміз жас әрі білімді азамат болған соң сенім мен үмітіміз зор. Оның қызметке келгеніне енді бір жыл болады, әзірге тұрғындардың көңілінен шығып отыр. Өз жұмысына тиянақты екенін көріп жүрміз. Қай уақытта қандай мәселемен келсек те жылы жүзбен қабылдап, ой-пікірімізді тыңдап, мәселеміздің шешілуіне ден қояды. Әрине, елді дамыту тек бір адамның қолынан келетін іс емес, ол үшін бәріміз жұмылып, еңбектенуіміз қажет, – дейді.

Қазақта «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бекерге айтылмаған. Ақ жағалылар ішінде қара халықпен жұмыс істейтіндер – әкімдер. Әсіресе, аудан басшылары, ауылдық округтің әкімдері тікелей халықпен жұмыс жасайды. Олардың мұң-мұқтажын біліп, жоқжітігін түгендеп отыратындар да солар болуы тиіс. Бүгінгі заманда ел басқару оңай емес, көптің көңілінен шығу қиын. Бұл тұрғыда Жаңарық ауылдық округ әкімі Серік Құлатаев атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.

– Қай кезеңде де халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі. Біздің ауылымызда ауыз су тау беткейіндегі «Қайнар» бұлақтан су құбыры арқылы елді мекен іргесінде орналасқан 250 тонналық 2 су сақтайтын сыйымдылыққа жинақталып, барлық тұрғын үйлерге құбыр арқылы су босатылады. Әрбір үйге су есептегіш орнатылған. Елді мекенде ауыз су, аяқ су мәселесі толықтай шешілген, барлық көшелердің құбырлары жаңартылып, таза ауыз сумен халықтың 80 пайыздан астамы қамтылған. Қазіргі таңда күніне екі мезгіл ауыз су беріліп отырады. Десе де, аяқ су мәселелесі, яғни егінге су жеткіліксіз, биылғы жылы қиын болып тұр. Жалпы, көп өңірлерде аяқ су өзекті мәселеге айналып отыр ғой. Біздің ауыл тұрғындарының басым көпшілігі күріш егеді, соны кәсіп етеді. Диқандар өздері жиылып бірнеше мәрте су айдайтын мотор әкеліп, лаждап отыр. Дарияның суын осы жағалаудағы ауылдарды кезекке қойып қойған. Жыл сайын 400 гектар жерге күріш егілетін, биыл судың тапшылығынан 230 гектарға дән себілді. Ауылдың негізгі кәсібі – мал және егіншілік. Ауылдық округ тұрғындары нәпақасын қара жерге дән сеуіп қана тауып отырған жоқ, ата кәсіп төрт түлік мал өсірумен де күн көруде. Жаңарық ауылдық округі бойынша 47 шаруа қожалығы егін және мал шаруашылығымен айналысып отыр. 68 шағын кәсіпкерлік нысандары жұмыс жасаса, 14 дара кәсіпкерлігі ашылды. Аудандық жұмыспен қамту орталығына және кәсіпкерлік бөліміне «Ауыл аманаты» жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша ауылдан 18 азамат ұсынылды. «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша және де басқада екінші деңгейлі банктердің бағдарламасымен несиеге 1 дара кәсіпкерлігіне ұсыныс беріліп, жыл басында 4 500,0 мың теңге РИЦ ЖШС арқылы мал басын көбейту бағытында несиесін алды. Қазіргі таңда кәсібін жалғастыруда. Елдімекенде телефон мәселесі шешілген, халықаралық байланыстар жоғары деңгейде жұмыс істейді. Ауылымызда 192 сандық нүкте, 188 интернет жүйесіне қосылған. Салық бойынша 2023 жылы жоспар 4 672,0 мың теңге болса, орындалуы 4 681,0 мың теңге пайыздық көрсеткішпен 102 пайызды құрап отыр, – дейді ауыл әкімі.

«Әкім» деген төрт әріп – «әділдік, кішіпейілділік, іскерлік, мейірімділік» атты төрт ұғымның жиынтығы. Қолына билік тізгіні сеніп тапсырылған лауазым иелерінің бойынан халық тап осындай тамаша қасиеттерді көргісі келетіндігі анық. Ендігі кезекте, Бірлік пен Қыраш ауылындағы ағайынның көңіл ауанына зер салып көрдік. Бірлігі жарасқан, түтіні түзу, шаруасы ширақ ауылда тындырымды тірлік көп. Аудан көлемінде алғашқы «тіректі ауыл» болып тіркелгеннің бірі осы – Ақүйік.
Ауыл халқының көптен тілеуі көгілдір отын мен балабақша салу еді. Мұның да түйіні тарқатылды. Себебі ауылға көгілдір отын келеді. Бұл – қала мен ауыл халқының тұрмыстық деңгейін теңестіре түсетін жоба. Сондай-ақ елді мекенінің қаншама жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселесінің бірі – таудан аққан қарқынды суларды реттейтін шлюз салу еді.
Міне, осы мәселенің оң шешілуі халықты қуантуда. Бірлік ауылында таудан келетін қарғын суды реттеп отыру мақсатында өзенге шлюз қою мәселесін демеушілер есебінен атқаруға жұмыс жасалуда. Ауыл тұрғындары асар әдісімен атқарылатын болады. Қыраш ауылдық округінде бірінші кезекте көшені жарықтандыруға және көше құрылысына басымдық берілгенін көруге болады. Округте шағын және орта кәсіпкерлердің санын арттыруға бағытталған жобалар іске асырылуда. Тұрғындарды клуб үйінің талапқа сай еместігі мен балабақшаның бүгінгі жайкүйі алаңдатады. Бұрынғы әкімдердің де, бүгінгі әкімдердің де еңбегіне халық шынайы бағасын береді. Әсіресе әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған, оның ішінде, шағын және орта бизнес, мал және егін шаруашылығын дамыту бағытындағы бастамаларды ауыл әкімдері білімі жеткен деңгейде орындап келеді. Нақты бағдар көрсетілсе де қозғалуы ауыр әкімдер де бар. Оның бәрін халық жақсы біледі. Әрине, ондаған жылдар бойы әкім болса да, ел ойында қалар ерекшелігі еске түспейтін әкім-қаралар да жоқ емес. Ең өкініштісі де осы. Жоғарыда жазылған әкімдердің қай ісі халықтың жадында сақталады, бұл да уақыттың еншісіндегі іс. Көп әкімдер күнделікті атқаруы тиіс істерді ғана алға тартады. Бір түйгеніміз, қандай әкім болмасын, оның жасаған жұмысына халық баға береді. Яғни еңбекті ел таразылайды.
P.S.: Президент айтқандай, әкімдер халықпен етене араласып, емін-еркін диалогқа барып, мәселені жергілікті деңгейде шешуге қабілетті болуы тиіс. Сайланған әкімдердің ісі жөнінде әлі дүркін-дүркін мақала жазатын боламыз. Өйткені халық оларға сенім артып сайлады.

Әсел РЗАЕВА
21 желтоқсан 2023 ж. 101 0